• Тұлға
  • 23 Желтоқсан, 2021

БІЛІМ САЛАСЫН БАСҚАРҒАН ТҰЛҒА

Әлем өркениетіндегі материалдық және рухани мәдениет салаларындағы жетістіктердің игерілуінде адамзат ұрпақтарын балалық, жасөспірімдік кезеңдерінде оқыту мен тәрбиелеу – аса маңызды мәселе. Жер бетіндегі мемлекеттердің бәрі де өздеріндегі халықтың балаларын оқыту мен тәрбиелеу жұмысын жүзеге асыруды басты назарға алады. Себебі жаратылыстану, техникалық, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар салаларының негіздерін орта білім беретін мектептегі пәндерді оқуы арқылы мемлекеттегі ауыл шаруашылығы, өндіріс, өнеркәсіп, мәдени-тұрмыстық ­салаларда сапалы еңбек нәтижелерін жүзеге асыратын болашақ мамандар қалыптасады. Орта білім беретін мектеп түлектерінің кәсіптік-техникалық ­немесе көпсалалы техникалық, экономикалық және педагогикалық, медициналық арнаулы орта, одан кейінгі жоғары білім беру орындарындағы ғылыми-теориялық, тәжірибелік мамандануы  жалпыұлттық-мемлекеттік оқу-ағартуды басқарудың жүйелі құрылымын қалыптастырды. Бұл орайда, Қазақстандағы орта мектеп­тердегі және арнаулы орта, жоғары педа­гогикалық оқу орындарындағы оқу үдерісінің ғылыми-зерттеу, тәлім-тәрбие жұмыстарының жалпымемлекеттік халық-ағарту саясаты аясында ұйымдастыру жұмысын көп жылдар басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Балахметовтің (1926–2021) қызметі айрықша даралана көрінеді. Ол – XX ғасырдың 1974–1987 жылдары Қазақ КСР-нің оқу-ағарту министрі болып, еліміздегі жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуді жаңа дәуір талаптарына сай дамытуға білікті басшылығымен ықпал еткен тарихи тұлға. 

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында дүниеге келген ол бала кезінен-ақ білім алуға құштар болды. Еңбек жолын өз облысының Чкалов әскери комиссариатындағы әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысы қызметімен бастады. Одан кейін Семей қаласындағы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтқа түсіп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алды.

Жоғары білімді, білікті маманның бұдан кейінгі еңбек ғұмырнамасындағы алғашқы он жылдан аса уақыты кезеңіндегі қызметі уақытқа сәйкес өсу, өрлеу жолын танытады. Нақтылап айтқанда ол орта мектептің мұғалімі, Көкшетау облыстық білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, орта мектептің директоры, Көкшетау облыстық партия комитетіндегі мектеп бөлімінің меңгерушісі, хатшысы, Көкшетау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі қызметтерімен оқу-ағарту саласына саяси-идеологиялық басшылық жұмыстарын атқарды. (1956–1968 жж.)

Қожахмет Балахметов оқу-ағарту министрі болған жылдары (1974–1987 жж.) Қазақстанның орта мектептеріндегі, педагогикалық арнаулы орта және жоғары оқу орындарындағы білім беру мен мұғалім мамандарын даярлауда көптеген игі нәтижелер жүзеге асырылды. Бұл жылдары Қазақстанның барлық өңірлерінің ауылдарындағы, аудан, облыс орталықтарындағы орта мектептерде онжылдық білім беру жүйесі толық қалыптасты. Ауыл, аудан, облыс орталықтарында алыс мал жайылымдарындағы малшылардың балаларына арналған тегін мектеп-интернаттар ашылды. Республика астанасы Алматыдағы мектеп-интернатта Қазақстанның әр өңірлеріндегі егіншілердің, малшылардың балаларын тегін оқытатын мектеп-интернаттарда жүйелі жұмыс істеді.

Педагогикалық арнаулы орта және жоғары оқу орындарынан білім алған педагог маман­дардың арнайы жолдамалармен республи­каның ауылдарындағы, аудан, облыс орталық­тарындағы орта мектептерге орналасуы, сапалы еңбек етуі материалдық тұрғыда қамтамасыз етілді. Мектептердегі, педагогикалық оқу орын­дарындағы кітапханалардың барлық пәндердің бағдарламаларына сәйкес ғылыми-техникалық, оқу-әдістемелік құралдармен және көркем әдебиет шығармаларымен жабдықталуы қамтамасыз етілді. Орта мектептер мұғалімдерінің озат әдістемелік ­баяндамалары тыңдалатын,  бағаланатын аудандық, облыстық, республикалық педагогикалық оқулар өткізу дәстүрі қалыптасты. ­Республика мектептеріндегі барлық пәндерді қамтитын  техникалық және оқу-әдістемелік құралдармен жабдықталған пәндік кабинеттерде сабақ өткізу үрдісі де осы кезде қалыптасты.

Республика өңірлерінің барлығында да мектепке дейінгі тәлім-тәрбие беретін балабақшалардың ауылдарда, аудан, облыс орталық­тарында, республика астанасы Алматыда тұрақты жұмыс істеуі қалыптасты.

Қазақстандағы білім беру жүйесінің мемлекеттік басты ұстанымы оқу жасындағы балалардың толық орта білім алуы оқу-ағарту министрлігі тарапынан қатаң қадағаланды, мектептегі оқудан балалардың себепсіз қол үзуіне жол берілмеді. Мектеп ұжымы мен ата-аналардың, ауыл шаруашылығы, өндіріс, өнеркәсіп, мәдени-ағарту, шығармашылық одақтар мамандарының тығыз байланыстық қарым-қатынас жүйесі жас ұрпақтың қоршаған тұрмыстық-әлеуметтік ортамен араласуына пайдалы ықпалын тигізді. Мектеп оқушыларының әртүрлі үйірмелер  («Жас техник», «Жас натуралист» т.б.) арқылы шығармашылығын дамытатыны республика астанасы Алматыдағы Оқушылар Сарайының, облыс, аудан орталықтарындағы Оқушылар Үйінің қызметімен жүзеге асырылды. Бұлар – Қазақстандағы білім беру жүйесін Оқу-ағарту министрі Қожахмет Балахметов басқарған кезеңдегі халықтың ыстық ықыласын еленген игі жұмыстар нәтижелері.

Бұдан кейінгі жылдарда атқарған қызметтерімен (Қазақстандағы Балалар қоры басқармасының төрағасы, Халықаралық Балалар қоры қауым­дас­тығының вице-президенті, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі) де Отанымыздағы жас ұрпақтың білім алуына арналған мемлекеттік және жалпыәлемдік іс-шараларға тәлімгерлік-кеңесшілік пайдасын тигізді).

Көп жылдық еңбек ғұмырнама­сындағы білікті басшылық қызметіне орай 9-10-шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қазақстандағы білім беру жүйесін басқарудағы кәсіби біліктілігі, педагогикалық еңбек үдерісін ұйымдастырудағы жетістіктері үшін мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. Атап айтқанда, үш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің медальдарымен, Құрмет Грамотасымен, Ы.Алтынсарин, Н.К.Крупская, К.Д.Ушинский атындағы медальдармен, «КСРО және ҚазКСР білім беру үздігі», «ҚазКСР халық мұғалімі», «Көкшетау қаласының Құрметті азаматы» атақтарымен марапатталды.

Өзінің Қазақстандағы оқу-ағарту, білім беру жүйесіндегі көпжылдық ұйымдастырушылық-басшылық, педагогикалық қызмет тәжірибелерін, білім беру саласындағы игерілген  жетістіктерді ғылыми-танымдық қамтып жазған кітаптарын («Қазақстандағы халыққа білім берудің өркендеуі» («Расцвет народного образования в ­Казахстане», 1980); «Жаңартылу жолындағы мектеп» («Школа на пути обновления», 1985); «Уақыт жарқылдары» («Всполохи  времени»,  2002); «Менің уақытым» («Мое время», 2002) да тарихи-танымдық, педагогикалық-әдістемелік  маңыздылығы тұрғысында бағалаймыз.

Қорыта айтқанда, Қазақстандағы отандық білім беру жүйесін әлемдік өркениет кеңістігіндегі озық деңгейге көтеру жолында бүкіл ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Балахметовтің тұлғалық ұлағаты рухани жаңғырудағы жаңа тарихымызда да мәңгілік ұлықталады. Бұл – Отандық тарихымыздың өнегелік көрсеткіштерін жаңа буын ұрпақтар жаңғырта жалғастыратын жалпыұлттық-мемлекеттік дамуымыздың болашаққа ұласатын жарқын жолы.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымының докторы,

профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі

1418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы