• Тұлға
  • 21 Сәуір, 2022

Розаның азан шақырып, қойған аты – Үрбибі

Алматыда әнші Роза Бағлановаға ескерткіш орнатылды. Қазақстанның халық артисі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған бұл ескерткішке қала әкімі мен зиялы қауым өкілдері және әншінің туғандары мен жақындары, ұлы Тәжен мен келіні Марал Бағлановалар қатысты.  

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдына биіктігі 4,8 метр қоладан  ескерткіш орнатылды. Қола және граниттен жасалған ескерткіштің авторлары  – мүсіншілер Д.Ағзамов, У.Ақжолтай, А.Жамхан, А.Қабыл.

Сондай-ақ Алматыда Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Республика сарайында «Ақмаңдайлым» атты мерекелік концерт өтті.

Халқының сүйіспеншілігіне бөленген Роза Бағланова кім еді? Өнер жолын осы ­филармонияда әнші болып бастаған Роза Тәжібайқызына Мәскеу консерваториясына жолдама беріледі. Екінші дүниежүзілік  соғыс басталғанда ол оқ пен оттың арасында жүріп ән салды. Соғыстың соңына дейін майдан шебінде өнер көрсетті. Минометтің жарықшағы көзіне тиіп, жарақат алған кезі де болды. Бірақ қайсар қыз сонда да қайтпады. Варшавада концерт бергенде оны атақты маршал Константин Рокоссовский «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Ол 1945 жылдың 9 мамырында Жеңіс күніне орай өткен концертке қатысты.

Роза Бағланованың  Қазақстанға қайтуына тікелей себепкер болған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұбан Молдағалиев екен. Ақын Розамен ­Мәс­кеу­де өткен концертте танысып, «елге қайт» деп қолқа салған деседі.

Ол 1949 жылы Венгрия астанасы Будапештте өткен жастар мен сту­денттердің ІІ халықаралық фестивалінде «Ах, Самара-городок!»  әнін айтып, бас бәйгені жеңіп алды.

Роза Тәжібайқызы алғашында Қазақ опера және балет театрында, Қазақ филармониясында, сосын жарты ғасырдан астам уақыт бойы «Қазақконцерт» бірлестігінде қызмет етті. Өткен жылы еліміздің бас концерттік ұйымына оның есімі берілді. Роза Бағланова «Халық Қаһарманы» жоғары атағына ие болған әнші.

Ол Қонаевқа айтып, Алма­тыдағы Республика сарайының салынуына себепкер болған адамдардың бірі.

Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне ен­гізілді. Әншінің 100 жыл­дығына орай Ұлттық Банк коллек­циялық монета шы­ғарды.

Ол қайсар, қайтпас, Отанын, қазақ ұлтын шын сүйген патриот қыз.

Роза Тәжібайқызының 1998 жылы мінберден сөйлеп, қазақтың тағдыр талайы туралы айтқан жанайқайын ешкім ұмыта қойған жоқ.

– Мен  соғысты көрдім. Алайда Аралда болып жатқан жағдайды бір ауыз сөзбен тоқтату мүмкін емес. Соғысты тоқтатуға болады, атом бомбасын тоқтатуға болады, аспандағы ұшақты тоқтатуға болады, бірақ мұны тоқтату мүмкін емес. Біз мұнда айтып жатырмыз, ал анда табиғат өз дегенін жасап жатыр. Біздің «ұлы ғалымдарымыз» тұтас ұлтты жатырында өлтіріп жатыр. Ұлтты өлтіріп жатқан ғалымдар туралы не айтуға болады? Басқа уақыт болса, біз мұны зиянкестік дейтін едік, ал егер ол зиянкестер КСРО академиктері, Социалистік Еңбек Ерлері, екі, үш мәрте лауреаттары болса не дейміз? Қараңызшы, қазақ елінің жерінде не бар: Семейде – полигон, Байқоңырда – космодром, Аралда – у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? Егер бұл жағдай шетелде, Америкада болса, олар тұтас ұлтты өлтіріп жатыр деп айғайлайтын еді. Мен ол жерлерде болдым. Маған оны көру өте ауыр болды. Нәрестелер көзі жоқ, таңдайсыз, басында шашы жоқ, аяғы, қолы жоқ болып туып жатыр. Бұл не сұмдық? Кімнен сұрауымыз керек? Кімге барып айтуымыз керек? Тұтас ұлттың жан азабын, қайғысын, қасіретін естірту үшін, бізді тыңдау үшін қандай тиісті орынға дейін баруымыз керек? – деді Роза Бағланова.

1995 жылы АҚШ-та жарық көрген «Әлем әйелдері» анық­та­малығына Маргарет ­Тэтчер, Элизабет Тэйлор, Индира Гандимен қатар, Роза Бағланова да енді.

«Айналайын, халқымнан еркелеткен» деп, өмірінің соңына дейін сахнадан түспеген саңлақ әншінің өнері 100 жылдық мерейтойда ғана емес, мәңгілік жалғаса береді.  Роза Тәжібайқызы халқының абыройын асырды.Ол қазақ ұлтымен бірге жасайды.

Бағланованың биігі ешқашан аласармайды.

1176 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы