• Тіл
  • 26 Мамыр, 2022

ЕЛДІКТІҢ ӨЗЕГІ – БІЛІК, КІЛТІ – ТІЛ

ЕҚЫҰ-ның бастамасымен «Көптілді және көп мәдениетті білім – әлемнің тұрақты әрі бейбіт ­дамуына апаратын жол» бағдарламасы аясында Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты ­Абдулла Розыбақиев атындағы №153 мектеп-гимназия мемлекеттік тілді тереңдетіп оқытуға ерекше көңіл бөліп келеді.

 

Мектеп-гимназияда «Көптілді білім беру» бағдарламасы 2009 жылдан жүзеге асырылып келеді. Көптілді білім берудің негізгі мақсаттарының бірі – мемлекеттік тілдің аясын кеңейту. Мысалы, ҰБТ тапсыратын Қазақстан тарихы және математика пәндері CLIL әдістемесі негізінде сабақ барысының кейбір кезеңдері мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бұл да оқушылардың мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне мүмкіндік береді.

Мектеп-гимназияда барлық оқушылардың және ата-аналардың мемлекеттік тілге деген көзқарасы мен құрметі өте жоғары. Жас ұрпаққа заманауи білім беріп, қазақстандық патриотизмге аса көңіл бөліп және оқушылардың зейінін ашуды негізгі ұстанымы еткен білім ордасы қазақ тілінің мәртебесін көтеруді басты мақсаты санайды.

Білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәніне арналған, барлық техникалық құралдармен жабдықталған үш кабинет жұмыс істейді. Бір кабинет – қазақ халқының ұлы ақыны, философ, композитор «Абай Құнанбайұлы атындағы зертхана», келесі кабинет – «А.Байтұрсынұлы атындағы кабинет». Бұл зертхана мен атаулы кабинеттің мақсаты – Абай Құнан­байұлы, А.Байтұрсынұлы мен тағы да басқа қазақ ақын-жазу­шыларының шығармалары арқылы оқушылардың мем­лекеттік тілге деген құрметі мен қызығушылығын арттыру.

ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыру оқушыларға қиындық тудырмас үшін, қазақ тілі пәні қазақ мектептерінің бағдарламасына сай, тереңдетіліп оқытылады. 2010–2011, 2014–2015 оқу жылдары ұстаздарымыз 2-11 сынып оқушыларына арналған, арнайы бейімделген «Оқу ұйғыр тілінде жүргізілетін мектептердің қазақ тілі пәнін оқытуға арналған тереңдетіліп, бейімделген бағдарламасын» дайындап, қолданды.

Бағдарлама қазақ тілінде оқытылатын мектеп бағдарламалары негізінде тереңдетіліп дайындалды. Соның нәтижесінде, мектеп түлектері ҰБТ-да, қазақ тілі және басқа да пәндерден Алматы қаласы бойынша жоғары балл алып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

Оқушыларымыз тереңдетілген бағдар­ламаны меңгерудің арқасында жылдар бойы KATEV ұйымдастырып келген «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының республикалық, қалалық, аудандық кезеңдерінің жеңімпазы атанды.

Мектептің кітапханасы соңғы технологиямен жабдықталған. Кітапхана қабырғасындағы заманауи «Интернетпанел» оқушылар мен ұстаздарға өте үлкен мүмкіндік береді. Кітапханадағы жаңартылып толықтырылған кітап қоры кітап оқитын оқушылар санын көбейтті. Түрлі жанрдағы кітап қоры және қазақ тілінде басылып шыққан әдеби кітаптар бойынша оқушылар арасында буккроссингтер мен буктрейлерлер өткіземіз. Оқушылардың қазақ тілін терең меңгеруі мектеп бітіруші түлектеріміздің әлеуметтенуіне жол ашады. Мектепте қазақ, ұйғыр, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлейтін «GLOBAL» дебат командалары бар. Олар мемлекеттік тілде өткізілген қалалық сайыстарда жоғары білім деңгейін көрсетіп, жетістікке жетті. Сонымен бірге мектебімізде әр тілде өткізілетін сахналық көріністерде оқушылар кейіпкерлерді сомдау арқылы өнерін ұштап, тілге деген құрметі мен қызығушылығын арттырып жүр. Оқушылар «Қыз Жібек», «Абай мен Тоғжан», «Тәуелсіздік тарландары» атты көріністерді қазақ тілінде сомдаса, «Ғерип-Сәнәм», «Сирлиқ палта» ұйғыр тілінде, «Ромео мен Джульетта» т.б. ағылшын тілінде қойылды.

Биылғы оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген Республикалық қазақ тілі олимпиадасында 10 сынып оқушысы Паризат Сарсембаева аудандық, қалалық, республикалық кезеңде 1-орын жеңімпазы атанды (ұстазы М.М.Сихимбаева).

Республикалық «Ғылыми жобада» 2-орын алған ­Сабина Хасанова (5-сынып оқушысы, ұстазы – Г.А.Масимова) Көкше өңіріндегі «Балдәурен» лагерінде болып келді.

 Жаңа оқу жылында қазақ тілін мектепте жоғарғы деңгейде меңгерту және қолдану аясын кеңейту үшін мемлекеттік стандарттан және жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасынан тыс мектеп әкімшілігімен бірлікте қазақ тілі кафедарасы сыныптан тыс жұмыстарға арналған қосымша-арнайы «Білім бағдарламасын» жүзеге асырмақшы. Бұл бағдарлама мектеп-гимназия оқушыларын қосымша өз бетінше білім алу, зерттеу, зерделеуге үйретеді.

Кафедрада қазір 11 мұғалім бар. Оқушылардың жетістігі тікелей сол кісілердің жұдырықтай жұмылып, бірлесе істеген жұмысының жемісі.

Өз ісіне адал ұстаздарымыз барда, білім ошағымыздың талай түлегі биіктен көрініп, жеңісімен қуантатынына бек сенемін. 2017–2018 оқу жылы «Galam» инновациялық білім қорының және exclusive.kz. порталының ұйымдастыруымен, Алматы қаласы мектептері ұстаздарының арасында өткізілген рейтингісіне сайсандық және сапалық дәрежелері бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткенім үшін «Алматы қаласының 22 үздік мұғалімі» қатарына қосылдым және соның ішінде «үздік мұғалімдер» бестігінен орын алдым. Елдіктің өзегі – білік, кілті – тіл, қадір-қасиеті – кісілік», – дейді Жүсіп Баласағұн. Білікті, мемлекеттік тілге жүйрік, адамгершілігі мол тұлға тәрбиелеу мектептен де басталатын іс дегім келеді.

Махмуда СИХИМБАЕВА,

Қазақ тілі пәні мұғалімі, кафедра жетекшісі

АЛМАТЫ

 

2467 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы