• Тұлға
  • 09 Маусым, 2022

ТАНЫМАЛ ТӨРТБАЕВ

Қостанайлықтар Рудный шаһарында мемлекеттік тілде білім ордаларының есігін айқара ­ашуына тікелей ықпал еткен және бар уақытын соған сарп еткен ардақты ақсақал, нағыз ұлтжанды азамат Омар Төртбаевтың ғибратты әрі қайраткерлік өмірін өздеріне үлгі етеді. Айтар әңгімеміздің өзегі осынау намысты да жігерлі аға-буын өкілі жайлы болмақ. Өйткені оның артында қалдырған жарқын іздері де кейінгі ұрпаққа қай жағынан алсақ та өнеге.

 

Егемендік алған соң алдымызда жүзеге асыратын қаншама асқаралы міндеттер тұрды. Солардың бірі – ұлттық құндылығымыз қазақ тілі-тін. Ол өздігінен бола салмайды. Оған тікелей атсалысуды Омекең өзінің парызы да қарызы санады. Халқымызды айрықша қуанышқа бөлеп, еңсесін көтерген сол жылдары жоғарыда тілге тиек етілген кеншілер қаласында қарагөз бауырларымыз үш-ақ пайызды құрайтын. Мұнда бірде-бір қазақ мектебі немесе балабақша деген атымен жоқ-ты. Бұл жайды, әрине, өз ұлтын сүйетін азаматтарды бейжай қалдырмады. Өздері әрекет етпесе, ешкім де сырттан келіп, жанашырлық танытпайтынына көздері әбден жетті. 1991 жылдары Омар ақсақал ойланып-толғана келе қалада қазақ ағайындардың ұл мен қыздары өз ана тілдерін жетік біліп, өркениетке ұмтылуы үшін қаншама жарқын жұмыстар күтіп тұрғанын терең түсінді. Әрбір отбасында қанша балалар барын, олардың қашан туғанын білген соң, ерінбей-жалықпай, қарттығына қарамай, ұл-қыз өсіріп отырған жанұяларды аралауды қолға алды. Содан ата-аналарымен сөйлесіп, перзенттерін қазақша тәрбиелейтін әрі білім беретін мекемелерге беруге үндеді. Бұл айтуға ғана жеңіл. Сол әке-шешелерді көндіру де оңайға соқпады. Сөйтіп, өз қазағын ұлтжанды етіп өсіру үшін жаңа да игі қадамдар жасауға тура келді.

Сонымен, Рудныйдағы №12 мектепте қала қазақтарының өмірінде алғаш рет қазақ сыныбы есігін айқара ашты. Омар аға мұндай орны толмас ерекше бақытты бұрын-соңды бастан кешпеген-ді. Жергілікті ағайындар да ұл-қыздарын қолынан жетелеп әкеліп, қуанышқа кенелгендерін тілмен айтқызып жеткізе алмаспыз. Дәріс беретін мұғалімдер де ­табылды. Кадр мәселесінде шаһардағы ­Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық колледж қолдау көрсетті.

Арада жылдар салып, яғни 1993–1994 оқу жылының басында қалалық білім бөлімінің ұйғарымымен қазақша оқитындар үшін жеке мектеп бой көтерді. Жоғарыда аталған білім ордасындағы төрт қазақ сыныбы №15 мектепке көшірілді. Дәл сол жылы қандастарымыздың балаларын ана тілінде оқытуға деген ынта-ықыластары артып, сынып саны бірден жетіге жетті. Оның үстіне бұл қазақ мектебі ағайындарға өте қолайлы жерде, орталықта орналасқан. Сыртқы көрінісі де алыстан менмұндалайды. Қысқа мерзімде жергілікті бауырларымыздың арманы орындалып, білім ордасынан қазағымыздың иісі аңқыды. Балаларымыздың сыңғырлаған күміс күлкісі естілді.

Арнайы кесте жасап, әрбір оқушыны алып кететін аялдамаға шейін ойлас­тырды. Таңмен таласа тұрып, автобус паркінен табылды. Жүргізушінің жанында отырып, қаладағы балаларды жинады. Олар мектепке кіргенше қадағалады. Жыл өткен сайын ата-аналар да балаларын қазақша оқытуға құштарлық ­танытып, олардың саны да артты. Үлкен ­автобус қатынайтын болды. Міне, осының бәріне де ол шыдамдылық танытып, кездес­кен қиындықтарды жеңе білді. Тұңғыш қазақ сыныбы ашылған мектептің кіре берісінде алғашқы қазақ мектебінің негізін қалаушыға мемориалдық тақта орнатылды. Онда қадірменді атамыздың 1912 жылы дүниеге келіп, 85 жасқа келгенде бақилық болғаны анық жазылған.

Мысалы, бұрын қазақша сынып ашылғанда небәрі оннан астам шәкірт болса, бұл күндері №15 орта мектепте оқитын шәкірттердің саны мыңнан асады. Сонау бір жылдары қазақша оқуға ден қойған балалардың арасынан есімін ел танитын азаматтар шықты. Бұл ардақты ақсақалдың сіңірген еңбегі ақталды деген сөз.

Біз бұл мектепке Алаш қозғалысының белді өкілі, ұлтымыз үшін бүкіл өмірін арнаған мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатовтың есімі берілді деп естідік.

Кейіпкеріміз Әулиекөл ауданындағы «Әмит ишан» мешітінің ірге тасын қалауға да өзінің лайықты үлесін қосып, ақсақалдық ұлағаттық сөзімен жастарға үлгі көрсетті. Әдемі қартая білудің қандай болатындығын танытты. Ағамыз ана тіліндегі «Қостанай таңы» газетіне үздіксіз мақала жазып тұрды. Жарияланған дүниелерін жұртшылық жылы қабылдады.

Өңірде шығатын аталған басылым ­сонау бір жылдары жабылуға шақ қалғанда, өзінің нағыз азаматтық қырларымен де көрінді. Оны тек өзі алып қана қоймай, зейнетақысына өзге де қандастарымызға жаздырып берді. Жасы келген қарттың артында қалған жарқын істерінің бірі – шаһардан «Гәкку» деп аталатын әжелердің ұлттық қорын құруы болатын. Оның құрамына өнерге қабілетті апаларымызды тарту жолында да еңбектенгені жұртқа белгілі.

Қордың мүшелері шаһардағы қарттар үйінде болып, ондағы кісілерге концерт қойды. Жан дүниелерін рухани жағынан дамытып, жоғары көңіл күй сыйлауға септігін тигізді. Басқа да ел үшін маңызды ұлттық мерекелерде құлақтан кіріп, бойды алар әсем әндерімен баурады.

Сол жылдары Лисаков және Р­удный қалаларында журналистік қызмет атқарған, Омар Төртбаевтың бүкіл тілге деген жанашырлық және қайраткерлік қасиеттерін өз көзімен көрген, бұл күндері Елордамыз Нұр-Сұлтанда тұратын ақын-жазушы Ханзипа Кәкімжанова былай деп сыр шертеді:

– Сол жылдары бұл қалада қазақтардың саны аз болғаны рас. Кіл орыс мектептері ғана жұмыс істеді. Өзіміздің ағайындардың ұл мен қыздарын ана тіліміздегі балабақшалар тобы мен қазақ сыныптарына тартуда Омар ағамыздың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның сөзі мен ісінің арасында алшақтық ­болмады. Ол өзінің қарттығына қарамастан уақытпен ­санасу дегенді білмеді. Үй-үйді аралап, қандастарымызбен қоян-қолтық а­раласа түсінік жұмыстарын жүргізді. Өзі қанша шаршап-шалдықса да, оны ешкімге сездірмейтін. 

Шаһардағы «Қазақ тілі» қоғамының құрамында бірге болдық. Ол бізге мүшелік билетті әкеліп бергені әлі күнге дейін есімде. Шама-шарқы келгенше  ана тіліміздің өркендеуіне үлесін қосты, – дейді Ханзипа Кәкімжанова.

Ханзипа апамызбен тілдескенде де біраз жайға қанықтық. Қазір онда бірқатар қазақ мектебі жұмыс істеп, қаракөз балаларымыз білім алып жатса, бастауын­да Омекеңнің тұрғаны даусыз. Арада қанша жылдар өтсе де оның есімі мәңгілік қалатынына сенімдімін.

Кешегі Ұлы Отан соғысында ештеңеден тайсалмаған батыр мінезді ағамыз өз шаңырағының нағыз асқар бәйтерегі ­болды. Өмірлік қосағы Ғайшамен екеуі үш қызын жастайынан адалдыққа ­баулыды. Олардың бәрі де жоғары білім алып, өз саласының білгірі атанды. Осы балаларынан сегіз немере, екі шөбере сүйді. Ұрпақтары қазір олардың ғұмырын жалғастырып жатыр. Тұңғыштары Баян болса, жұртшылыққа танымал дәрігер-кардиолог. Қалғандары да білікті ­мамандар. Бәрі де ата-аналарын ардақтап, олардың өздерінен күткен үмітін ақтады.

Үлкен қызы әкесіне ерекше құрметтің белгісіндей кітап шығарды. Оған ағамыздың өткен жылдарда бірқатар ­басылымдарда жарық көрген мақалалары мен кезінде онымен араласқан замандастарының естелігі топтастырылды. Қысқасы, рудныйлықтар «Біздің Ыбырай» деп атап кеткен тұлғаның осы шаһардағы халық үшін атқарған маңызды жұмыстары мен қайраткерлік ғұмыры мейлінше қамтылды. Еліміз бен халқымызға сіңірген қыруар еңбектері де мемлекет тарапынан бағаланды. Ол кеудесіне Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерін тақты. Басқа да марапаттары баршылық. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген осы.

Оразалы  ЖАҚСАНОВ

1073 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы