• Тұлға
  • 01 Қыркүйек, 2022

БАҚЫТТЫҢ ҚАҚПАСЫ

Өтеген Оралбайұлымен мені таныстырған, табыстырған қара шаңырақ – Қазақ ұлттық университеті. 
Ол кезде заман басқа еді...  Университетіміз революционер, қызыл командир, большевик С.М.Киров атында болатын. Соған қарамай, Қазақтың кең-байтақ даласының түкпір-түкпірінен арман қуып, білім алам дейтін балалары мен қыздары КазГУ-ге келіп ат басын тірейтін. Арасында қайта-қайта емтиханнан құлап, жетінші рет, сегізінші рет келетіндері де көп болатын. Бәрібір университетке түспей қайтпайтын...
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бір топ өндірдей жас жігіт жолымыз болып, бағымыз жанып университеттің журналистика, филология факультетіне оқуға түстік. Филологияға Өтеген Оралбайұлы, мен, журналистикаға Қасым Әзімхан, Қуаныш Жиенбай, Қамбар Керейқұлов. Бәріміз қатар оқыдық. Зейнолла Қабдоловтың, Рымғали Нұрғалиевтің, Болсамбековтің, Қанатбаевтың, Тұрсынбаевтың, Әбішевтің, Қарағұсовтың лекцияларында бірге отырдық. Сол тұста Өтегенмен таныстым. «Атыраудан келдім» деді. Мен «Оңтүстіктен келдім» дедім. Әдемі, көрікті, қара торы жігіт бәрімізді бірден баурап алып кетті. Ақындығын бәрімізге бірден мойындатты. 

Өтеген Оралбайұлы жастайынан, студент­тік кезден, қолына алғаш қалам алған күннен бастап сыршыл, ойлы, лирик ақын болып қалыптасты. Өмірден көрген, көңіліне түйген оқиғаларды, құбылыстарды, көріністерді өлең жолдарына әдемі түсіре қояды. Өлеңдерінің көркемдік бояуына ерекше мән беріп, ойлы сөз айтуды қаламына дарытқан ақын ретінде өз қолтаңбасын бірден таныта келді.

Алғашқы жарық көрген жыр жолдарының өзінен албырт жастың алып-ұшқан көңілі, арманы, азаматтық ұстанымдары аңғарылып тұратын. Айтайын дегенін көркем оймен өрнектеп, салмақтап жеткізе алған ақында қандай арман бар?

Тұмадай тұнық жырлар Өтеген ақынның өлең жинақтарынан оқыған сайын алдыңнан шығады да отырады. «Шуақты шақ» атты өлеңдер жинағында (Алматы, «Арна» баспасы, 2016 ж.), «Сазына салдым терменің» деп аталатын тарауын:

Таңғы араймен жаным күліп тілдесем,

Тамылжыған тірлік атты тұр көшем.

Тілім барда тірлігіңді толғаймын,

Туған ел деп, Туған жер деп күн кешем, – деп бастайды. Ақын өлеңдерінің тұтастай арқауына зер сала қарасақ, шын мәнінде туған ел мен туған жер тақырыбы оның жырларының алтын өзегі десек, қателеспейміз. Осынау қасиетті тақырыпты тереңдете түсіп, ақын бір тұста:

Ордам – Отаным – дара саңлағым,

Сенде қаз бастым, сенде самғадым.

Батысым, Шығысым,

Оңтүстік, Солтүстік –

Төрт құбыла түгелім,

Қазақстаным – қара шаңырағым! – деп толғанады. Төрт құбыласы түгел, іргесін бекітіп, төрткүл әлеммен терезесі тең болған елім болса екен деп армандайды. Үлкен империяның үш ғасыр ­бойында колониясы болып, табанының астына түскен ұлт тағдыры кімді болса да ойландырмай қоймайды. Рухынан, дінінен, ділінен, тілінен, тарихынан, дәс­тү­­рінен жұрдай болған, біржолата жоғалудың азғана ал­дында тұрған халқының тағдыры Өтеген Оралбайұлы­ның бүгінгі күнге дейін жарық көрген он төрт жинағына енген барлық өлеңдері мен дастан­да­рында, толғауларында құс жолындай сайрап жатады.

Өтеген сан ғасыр арман болған тәуелсіздігіне енді ғана қол жеткізген мемлекетінің болашағына алаңдайды. Қауіп-қатерден сақтағысы келеді. Ұлтының бақытты болғанын армандайды.

Ақын жырларының географиялық ауқымы өте кең. Ақын жүрегіне кең-байтақ, қасиетті қазақ жері, қазақ даласы түгел сыйып кеткендей. Толғау-дастанда Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей, Кереку, Қызылжар, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Тараз, Шымкент, барлық алтын ­баулы, алтын діңгекті қалаларымыз жыр арқауын құрайды. Осы тұста ақынның Ақ Жайық, Сырдария, Іле, Ертіс, Есіл, тағы басқа ұлы өзендерімізді ұлтымыздың құт-берекесіне, қанты-шырына теңеп, осынау қасиетті дарияларымыздың бойында қалалар тұрғызып, тағдыр кешіп жатқан елімізге жақсылық тілейді. Болашағы жарқын болса екен дейді.

«Теңіз аштық, тау көтеріп, қала сап, Дала, қала егіз ұғым – дана шақ. Бесігінде тербеледі тыныштық, Бейқам ұйықта, балалық шақ – болашақ» деп дастан-толғауын аяқтайды.

Өтеген Оралбайұлының тіршілік сырына терең үңілетін, ойлы, лирик ақын екенін жоғарыда айттық. Осыған мысалды өлеңдерінен көптеп табуға болады. Адам бойындағы мың құбылған мінезді, пенделік тіршілікті, қоғамды апатқа алып баратын ашкөздік, тойымсыздық, қанағаттың жоқтығы, дүниеқоңыздық сияқты мерездің асқынып бара жатқандығы, осының өзі ұлтымызға дауасы жоқ індет, қайғы-қасірет әкелетінін ашық жазады. Жүрегі ауырады. Бір өлеңінде:

Ауа райы секілді құбылмалы,

Адамдардың өзгергіш бүгін бәрі.

Ақиқаттың жолында адасу көп,

Абайлаймын мен соны ұғынғалы.

 

Аузым күйді достан да, жақыннан да,

Ақиқатқа қол бердім атым барда.

Ақи-тақи шындық жоқ бұл пәниде,

Аңсап жетіп келмейді жақын маңда.

 

Жұрттың бәрі жүгіріс, пайдасына,

Ақылдарын қосады айласына.

Берген серті былқылдақ, айтқан сөзі,

Ұқсап тұрар көк шайдың шаймасына, – деп, Хакім Абайдың осыдан бір жарым ғасыр бұрын ұлтына жаны ашып, ашына жазған «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» деп айтқанындай, Өтеген ақын да замандастарының мінезінен ­шошып, қаймана қазақтың міні мен сынын қалай түзетудің жолын іздейді.

Заманның қайда кетіп бара жатқанына алаң­дайды, жаны күйзеледі. Тағы да Абайды іздейді, Абайға жүгінеді.

Абайды қуамын кеп,

Жетем бе деп.

Ертеңге өткен шақпен өтем бе деп?

Хакімнің қадіріне жетпегендер,

Ойлайды ойшылымды бөтен бе деп.

 

Тануға тереңдігін үңілемін,

Бас иіп, тәжім етіп, бүгілемін.

Желінен Жидебайдың тыныс алып,

Шыңғыстау етегінде жүгінемін.

Өтеген Оралбайұлының осылайша бір топ цикл өлеңдері Абайдың құдыретті поэзиясына, Шыңғыстаудан шыққан даналар Мұхтар Әуезовке, Шәкәрімге арналыпты.

Ұлы ақындардың поэзиясына қайта-қайта айналып соғып, әдебиетіміздің арғы қайнарларына табан тіреп отырудан ақын қашпайды. Қазақтың ұлы поэзиясына арқа сүйеуді ақын намыс санамайды. Бірақ бір тұстағы Махамбет, Абайлардай айтатынын айтып, жазатынын жазып кете алма­ғанына өкінетіндей... Заманның ығына қарай жы­ғылуға мәжбүр болатынына жаны күйзеледі.

Төрем жоқ тіреп тұрған, бақаным жоқ,

Атым бар ақын деген, атағым жоқ.

Сыртым сау, ішім түтін, амалым не,

Мансаптының алдында байпаңдаймын.

 

Жусаннан аласамын, бетегеден,

Одан да аласамын, көтер, өлең.

Амал не, қарсы жүзбей ағыстарға,

Жылыстап, жылжып ағып жатамын мен, – деп жырлайды ақын көңілінің кейбір сәттерін. Өлеңде пессимизм немесе жасандылық жоқ. Өмірдің бүгінгі шындығы, ақиқаты бар. Осылайша ақын өзінің ішкі сырын, ішкі жан дүниесін де боямасыз, жылтырақсыз, ашық, ашып айтып отырады.

Өтеген Оралбайұлы барлық жырларында ащы шындықты айтудан жалтақтамайды. Сондықтан да оның өлеңдерінің азаматтық астары анық, эстетикалық әсері терең болып келеді.

Адамгершілікті, имандылықты, кісілікті өз өлеңдеріне көбірек арқау ететін ақын осынау тақырыптарды өндіре жазды. Сәтті шыққан өлеңдерінің бір тобы осынау тақырыптарда жазылған жинақтары арқылы қалың қазақ оқырманына жетті. Сол кітаптардың ішінен «Қазақпарат» баспасынан 2012 жылы жарық көрген «Қағбаның қарлығаштары» атты мінажат жырларын бөле-жара айтуға болады. Кітап мазмұны, терең тебіреністен туған ақын жырлары оқырманды бейжай қалдырмайды.

Бұл жинағында Өтеген Оралбайұлы күллі мұсылман әлемінің аса қасиетті де қастерлі мекені – Меккеде, ұлы Жаратушының жер бетіндегі ең ­басты құдыретінің белгісі – Қағбада болған сәттерін, сонда бастан кешкен сезімі мен жан дүниесіндегі жұмбақ та тылсым сырларын жан шуағына бөлеп, жырмен әдіптеп оқырманға ұсынады. Осы орайда, осынау кітаптың алғысөзін жазған ғұлама ғалым, саңлақ суреткер Әбіш Кекілбаев былайша толғаныпты: «Дін тақырыбында, мұсылманшылық пен қажылық жөнінде, мінажат пен мархабат хақында арғы-бергі қазақ ақындарының қалам тартпағаны, терме-толғау төкпегені кемде-кем. Бірі тереңдеп, бірі шолып, бірі мазмұндап, бірі аңыздап, бірі табынып, бірі шағынып, бірі сыйынып, бірі сүйініп, бірі мысалдап, бірі тұспалдап, әйтеуір әр жүрек хәл-қадірінше әр деңгей, әр өрісте сөз өрнектеген. Әсіресе ол Шәкәрім мен Кердері Әубәкірде, Қашаған мен Абылда, Мәшһүр Жүсіп пен Жүсіпбек Шайхысламда, Дулат пен ­Шортанбайда, Ақмолда ақын мен Майлықожада, Балқы Базар мен Дүр Оңғарда, Тұрмағамбет пен ­Шерниязда, Молда Мұса мен Қарасақал Ерімбетте, Ақыт қажы мен Мұратта жалданып көрініп, жан-жақты шуақ шашады. Олар тілге тиек еткен жағдайлар қай кезде де қазақ баласының жүрек түбінен орын алып, мұсылмандық мектептің маңызы мен мәнін әрқашан аша түскен-ді.

Ақын Өтеген Оралбайұлы қажылық сапарынан кейін осы тақырыпқа арнап тұтас жыр жинағын жазыпты. Және оларды Аллаға мінажат еткен алтын арқауға айналдырып, тұтас туындылық дүние түзген». Әулие Әбіш дәл аңғарыпты. Терең тебі­реністен туған пікір бұл. Ақынның осы жинағынан бірді-екілі өлеңін, толғауларын оқып көрелік:

Азанмен әнін бастады,

Қағбаның қарлығаштары.

Армысың, әл Харам аспаны,

Иманның жаңылмастары.

 

Құбылаға тәжім етемін,

Қысымды жазым етемін.

Сүренің сазына орап,

Жырымды жазып өтемін.

 

Арайлы Алланың аспаны,

Азан боп әнін бастады.

Сәждеге бірге құлайық,

Қағбаның қарлығаштары!

Қазақ үшін қасиетті де қастерлі құс – қарлығаш құсының тотемдік, аңыздық мәнін терең түсінген ақын өлеңінің көркемдік әсерін осы образ арқылы күшейтеді. Қарлығаштың Ислам құндылығы ретінде бейнеленуі, әрі оның ұлттық санамызға, қазақи танымымызға ғасырлар бойында сіңісіп, ең бір қымбат рухани, имани құбылысқа айналып кеткендігі бүкіл жырдың рухын көтеріп тұр. Қарлығаш – ақынның кейінгі өлеңдерінде де кейіпкер ретінде сан қайталанады.

Шүкір, Алла,

Қағбаның қасындамын.

Қасиетті қара тас басындамын.

Тәсбих айтып тереңнен тебіренемін,

Тас төбемнен өтуде ғасырларым, – деп ақын қайта тебіренеді. Ислам әлемінің ең ­басты құндылықтары: Жаратушы, Пайғамбарлар, ­Мекке, Мәдине, Қағба, Құран Кәрім, Аяттар, ­Хадистер, ­Сахабалар сан мәрте қайталанатын осынау жырлардың тағылымдық, тәрбиелік мазмұнын сөзбен айтып жеткізе алмайсыз. Көркемдік, поэтикалық құндылығын былай қойғанда.

Өтеген Оралбайұлының тағы да бір қырын атап өтсек, артық болмайды. Ол – оның ғалымдығы, әдебиеттанушылығы. Әдебиеттанудың кез келген мәселесін тереңнен қазып, төгілте баяндап бере алатын дарынын кандидаттық диссертациясын жазу үстінде байқатты. Қара шаңырақ КазГУ-дің диссертациялық Кеңесінде үлкен біліктілікпен қорғаған ғылыми жұмысы 2009 жылы жеке монография түрінде жарық көрді. Ол өзінің кандидаттық ғылыми жұмысын көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің поэзия­сына арнады.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында әдебиет айдынына жыл құсындай дүр көтеріліп, өз қолтаңбасымен жарқырап келген бір шоғыр қазақ ақындарын түгел, тұтас алып қарастыратын бұл зерттеу ғылыми ортада өзінің жақсы бағасын алды.

Тұмағаңның, Қадыр ақынның, Сағидың өкшесін баса шыққан бір топ ақынның туындылары азаматтық ұстаным, көркемдік шеберлік, тілдік, пішіндік ізденістер тұрғысынан сөз болады. Нұрлан Оразалин, Жарасқан Әбдіраш, Кеңшілік ­Мырзабек, Иран-Ғайып, Исрайл Сапарбай, Темірхан ­Медетбек сынды өз үні, өз стилі, өзіндік көркемдік бояуы бар талантты ақындардың туындылары дәстүрлі поэзия аумағында, салыстырмалы аяда кең зерттеледі. Әрқайсысының поэзиясына баға беріледі. Әрбір ақынның қолтаңбасы нақты туындылары арқылы анықталады. Өтеген құнарлы еңбек жазып, әдебиеттануға сүбелі үлес қосты.

Өтеген Оралбайұлы өзі туралы «Шуақты шақ» жинағындағы «Дидарғайып» атты өлеңінде терең толғап айтыпты. Осы өлеңде ақынның бүкіл кредосы, бітім-болмысы, ақындық өнеріне деген көзқарасы, дүниетанымы, барлығы тайға таңба басқандай көрінеді. Жаратқанға жалбарына үн қататын ақын жыр пырағын Құлагерге теңейді. Өлеңді Ғайып ерен, қырық Шілтен құдыретімен салыстырады:

Дидарғайып,

Өлең ғайып,

Ақын да,

Құлагер-жыр құламайтын тақымда.

Ғайып ерен, қырық Шілтен тәрізді,

Бірде алыста, енді бірде жақында.

 

Дидарғайып,

Ақын ғайып ендеше,

Ғұмыр кешіп жүре алмайды ол пендеше.

Ай астынан алтын жамбы атады,

Күн астынан Күнікей-жыр кел десе.

 

Дидарғайып,

Дидарымды көрсеттім.

Сегіз қиыр шартарапқа жол шектім.

Төрт құбыласын Тәңірімнің

Түгендеп,

Ауыр-жеңіл арман жүгін өлшеттім.

 

Сен де өлше,

Оқырман дос, бағала,

Дидарғайып – куә Алла Тағала!

Үш ғайыпқа үкі тақтым үмітпен,

О, Жаратқан, сәуле түсір санаға.

 

Дидарғайып,

Жыр да ғайып,

Жазылды.

Жазылды да жетеледі жазымды.

Табиғаттың төрт мезгілі бар мұнда,

Тыңда, оқырман, дидарғайып-сазымды.

Ақын өзінің ішкі сезіміне, ішкі түйсігіне ерік бергенде ақ жауындай ағыл-тегіл ақтарылатын сәттері де аз емес екен. Осындай сәттерде Өтегеннің жырлары кемерінен асып, төгіліп, жағалауға қайта-қайта соғатын көктеңбіл қарт Каспидің жал-жал толқындары сияқты әсер тастайды. Осынау өлеңдерді ойлы оқырманға, яғни өлеңнің астарына үңілетін, оның бір қарағанда аңғарыла бермейтін терең сырына бойлай білетін, талғампаз, дайындығы мол жыр сүйер қауымға арнайтынын байқадық. Өтегеннің «Көгілдір әлем» атты таза ақындық талғамын, ақындық ұстанымын ашып тастайтын шымыр туындысы Құбыла, Қағба сөзімен басталып, Құран, Алла сөзімен аяқталыпты. Осы екі аралықта ақын күллі жан дүниесін, жүрек қалауын алғаусыз ақтарып, тарау-тарау жыр төгеді.

Көгілдір әлем,

Көңілім де менің көгілдір,

Көгілдір әлем – көнеден жеткен тегім бұл.

Бөрілі байтақ Құбылаға қарай ұмсынып,

Шашырап кеткен таспиғын ойдың теріп жүр.

Шым-шымдап тартып шындықтың темір шідерін,

Жалғадым жырмен үздірмей үміт күдерін.

Құлдырап кеткен,

Бұлдырап кеткен күндердің,

Құраннан таптым көңілге керек бір емін.

 

Құраннан тауып, құр атқа міндім ызғыған,

Құранға құла, кеудесі маздақ ізгі жан.

Алланың сөзін «апиын» деген «көсемдер»,

Аттандап шауып, мән бере алмадық, біз бұған.

 

Өтпейтін пышақ секілді болдық қайрағы аз,

Құранға түскен әріптер болды жай қағаз.

Қағбаның мөрі құйылып түскен десек те,

Сүлгі де болды сүргінге түскен жайнамаз.

 

Көгілдір әлем,

Көгілдір менің сарайым.

Аллаға сенген ақынның туы – Абайым.

Аллаға сенген хакім де болған абызым,

Сөз аспанында жарқырап жанған

жаңа айым.

 

Құранға құла,

Құраннан сұра, сұрасаң,

Әліптен баста «Алла» деп сөзді

құрасаң.

Адамға ұнау қиын ғой мынау заманда,

Аллаға ұна – ұнасаң,

Аллаға ұна – ұнасаң!

Міне, жарты ғасырға жуық қазақ поэзиясы мен қазақ әдебиеттану ғылымының қара шаңырағында қаламына шаң жұқтырмай ойлы, парасатты дүниелерді қазақ оқырманына ұсынумен келе жатқан жаны жайсаң, жүрегі жомарт қаламгер жетпіс атты белесіне ат басын тіреді. Бұл белеске тындырымды еңбегімен, тұғырлы істерімен, тынысы кең, толымды шығармашылығымен көтеріліп отырғанына қуанамыз.

 

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ профессоры,

филология ғылымының докторы,

Халықаралық Айтматов

академиясының академигі   

1208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы