• Тұлға
  • 13 Қазан, 2022

ДҮЙІМ ЖҰРТТЫ СҮЙСІНДІРГЕН ДҮЙСЕНБІ

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында да одақтас республикаларға көзқарас дұрыстала қоймады. Қоқан-лоқы көріністің Қазақстанда да орын алғанын несіне жасырамыз. Аудандық, тіпті кей аймақтарда облыстық газеттер де жабылып жатты. Осындай зобалаңның салдарынан Сыр бойындағы Шиелі мен Жаңақорған аудандарының газеттері жабылып, оның орнына радиохабарлары беріле бастады. 1962 жылдың соңына қарай екі аудан біріктіріліп, орталығы Шиелі кенті болды. Газет шығару мүмкіндігі туды. Міне, осы кезде Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жауапты хатшы қызметінде жүрген шиелілік жас журналист жігіт ­­(30 ­жаста) Дүйсенбі Смайылов бұрынғы «Стахановшы», «Коммунизм жолы» газеттерінің ізінен шыққан жаңа газетке редактор болып бекітілді. Бойында күш-жігері тасыған, жалыны лаулаған жігіт жұмысты газеттің атауын өзгертуден бастады.

– Ауданның көлемі кеңейді, жаңа шаруашылықтар, өндіріс орындары ашылады, егістік алқап ұлғаяды, мал басы артады... Қысқасы бәрі жаңарады, жасарады, өседі, өркендейді...Жаңадан құрылған ауданның еңбеккерлері сол мақсатта тер төгуі керек. Оларды ерен еңбекке жұмылдыратын қозғаушы күш, насихатшы ол – ауданның газеті. Сол себепті газеттің атын, атауын – «Өскен өңір» деп қойғанымыз мақұл. Осындай атаумен шыққан газеттің әр номері оқырман қолына тиген сайын «өсейік, өркендейік!» деп тұрғандай әсер етпей ме?! Менің ұсынысым осы, – деді жас редактор Дүйсенбі Смайылов аудандық партия комитетінің бюросында әр сөзін нығарлап. Бюро мүшелері ұсынысты орынды деп тауып, бірауыздан қолдады. Осылайша жас редактор қызыл өкіметтің қылышынан қаны тамып тұрған кездің өзінде ойын ашық айтып, оны жүзеге асырды.

Редактор кезінде Дүйсенбі Смайылов әріптестеріне, жаңадан қанаттанып келе жатқан жас буынға қамқорлық танытып, ақылшы болды. Сабырлы мінезімен, пайым-парасатымен, әділдігімен адамды өзіне үйіріп алатын. Айналасына мейірім шуағын шашып тұратын. Газеттің ауылдық жерде тұратын оқушы тілшілеріне үміт артып, сеніммен қарайтын. Жыл сайын болатын баспасөз күнінде олардың басын қосып, газетке хабар дайындау, тақырып таңдау төңірегінде әңгіме өткізіп отыруды жолға қойды. Ауданның әр мектебінен келген, бір-бірінің аты-жөнін тек газеттен көріп жүрген оқушы-тілшілер танысып, білісіп, шүйіркелесіп қалатынбыз. Бір-бірімізбен жарысып мақала, өлең жазатынбыз. Мақаланы қысқа жазуға тырысатынбыз. «Өскен өңір» газетінің бірінші бетінде «Қысқаша» деген айдар болатын. Әр номер сайын беріліп тұратын ол бағандағы мәліметтер 5-6 жолдан аспайтын. Ұжымның немесе бригаданың нау­қан­дық жұмысы сол 5-6 жолға сыйып кететін. Сол айдар ауыл тілшілерінің мақала-хабарларынан дайындалатын.

1967 жылдан бастап, Дүйсенбі Смайылов Шиелі аудандық партия комитетінің идеологиялық істер жөніндегі хатшысы болып сайланды. Шиелі дәннің ғана емес, таңды таңға ұластырып жырлайтын ақыны мен жырауы, би мен шешені көп жыр мен әннің де мекені. Өнерпаз өңірден заманға лайық өнер ұжы­мын неге ұйымдастырмасқа?! Бұл белсенді қаламгердің көптен ойында жүрген мәселе болатын. Редактор кезінде газет бетінде талай қозғаған. Елін сүйген, ән мен жырға жаны құмар Дүйсекең қолы кеңейіп, мүмкіндігі молайған шақта аудан мәдениетін түбегейлі қолға алды.

Дүйсекең аудандағы мекеме, өндіріс, еңбек ұжымдарындағы өнерпаздардың басын құрап, оркестр құру қажеттігін айтып, бәрін соған мүше болуға үндеді. Олардың екі ай бойы жұмыс орындары мен еңбек ақылары сақталуын қадағалап отыруды өз мойнына алатынын жеткізді. Дүйсекеңнің арнайы шақыруымен Шиеліге келген республиканың танымал өнер қайраткерлері: композитор Әсет Бейсеуов, балетмейстер Елдос Усин, жазушы Оразбек Бодықов аудан өнерпаздарын ансамбльге дайындады.

Осындай қадағалау мен қамқор­лықтың арқасында «Жас дәурен» ансамблі 1969 жылы облыс көркем­өнер­паздары арасында өткен байқауда Бірінші орынды иеленді. Ансамбль Қызылорда облысының атынан республикалық фестивальға қатысып, ансамбль мүшелері Әбілаш Әбуов, Әлмырза Ноғайбаев, ағайынды Сәуле мен Бекболат Қошманбетовтер фестиваль алауын (факелін) жағушылар құрамына еніп, құрметке ие болды...

Дүйсенбі Смайылұлы 1932 жылы Шиелі ауданының Ортақшыл елді мекенінде дүниеге келді. Ауылдағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда педагогикалық училищесін тәмамдап, 1950 жылы өзі оқыған мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастайды. 1951 жылы білімін жетілдіру мақсатымен ҚазГУ-дің журналистика факультетінің сырттай оқу бөліміне оқуға түседі. Еңбектен қол үзбей жүріп Шиелі аудандық комсомол комитетінде мектеп бөлімінің меңгерушісі, алдымен «Стахановшы», кейіннен «Коммунизм жолы» болған аудандық газетте жауапты хатшы, редактордың орынбасары, облпарткомда нұсқаушы, облыстық газетте жауапты хатшы, атауын өзі қойып, өзі редактор болған «Өскен өңірде» редактор, Шиелі аупарткомының хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Соңғы қызметтік лауазымы Қызылорда облыстық газеті редакторының орынбасары болды...

Артында қалған жары Кеңескүл Байжанқызы «Ағып өткен бір жұлдыз» деген атпен Дүйсенбі Смайылов жайында естелік кітабын шығарды. Қызметтес ағалары мен інілері, туыстары шынайы дос, қамқор аға, адал жар Дүйсенбі Смайыловтың өмірдің аспанынан жұлдыздай ағып өткенімен көңілдің аспанынан өшпейтінін өз естеліктерінде тебірене, толғана отырып жеткізген.

Қызметтен қолы босаған сәтте жазған өлеңдерінің басын бірік­тірген «Сыр маржаны» кітабы шықты. Дүйсенбі Смайыловтың бұл жыр жинағы оқырманды адал еңбек­тенуге, елді, жерді сүюге шақырады.

«Ағарды демей самайым,

Аунайтын майса шалғынға.

Төсіңде сайран салайын,

Еркелей сенің алдыңда.

Жастықта ойнап желменен,

Тұрсақ та қарсы дауылға.

Баладай бейне шөлдеген,

Асыға берем ауылға.

Ынтығып егер тұрса оған,

Ыстық қой елдің құшағы.

Өзгеге емес, бір саған

Жүрегім алып ұшады...»

Кіндік қаны тамған туған жері – Шиелісін ақжарма ақын осылайша тебірене, ақтарыла жырлап өтті...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,

 «Қазақстанның құрметті журналисі»,

Шиелі ауданының

«Құрметті азаматы».

Халықаралық «М.Шолохов»

медалінің иегері                                                                   

 

680 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы