• Тұлға
  • 20 Қазан, 2022

МЕНІҢ ШЕРАҒАМ (эссе)

Жаңа ғасырдың алғашқы жылы болатын. Енді ғана аяққа тұра бастаған «Қазығұрт» баспасынан көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің көптомдығын шығарып, мәре-сәре болып жатқанбыз. Қараша айының соңғы күндерінің бірінде Қадыр аға телефон соғып, баспаға келе жатқанын айтты.

– Эврика! – деді ол менің каби­не­тіме кіре беріп, – Эврика! Мен таптым! Саған да, маған да, авторға да тиімді болатын жоба таптым!

Ағамның жүзінен үлкен қуаныштың белгісін байқадым. Ол кісі маған кеңесші болып жүрген.

– Келіңіз, аға! Төрлетіңіз! – деп орындық ұсындым, – Не таптыңыз? Қандай жоба?

– Шерхан! – деді ол сұқ саусағын аспанға көтеріп, – Шерағаң! Өзі талант! Өзі депутат! Келесі жылы 70-ке толғалы отыр. Міне, шығарсаң Шерханның көптомдығын шығар! Қанша таралыммен шығарсаң да қоймада жатып қалмайтынына әбден сенемін. Сен тәуекел деп осы істі қолға ал.

Жүрегім тулап кетті. Қуанғаным ба, сасқаным ба, білмеймін. Біртүрлі, беймәлім күй кештім. Шерағаңды кім білмейді? Бүкіл алаш төбесіне көтереді. Көсемсөзі, прозасы бір бөлек, ірі турайтын парламент мүшесі ретінде, ұлт мүддесі үшін жанын беріп,
басын тігетін көрнекті қоғам қайраткері ретінде саналы қазақтың бәрі сыйлайды. «Шерағаң олай депті, Шерағаң былай депті» деп Шерағаңның оқыс, әрі наркескендей етіп айтқан сөздерін жұртшылық бір-біріне жеткізгенше асығады.

 

Мен Шерағаңды жақын танушы едім. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика
фа­куль­­тетінде біраз жыл кафедра меңгерушісі болғаным бар-ды. 1996 жылы журналистика факультетінің басшы­­лығы мені мемлекеттік емтихан комиссиясының құрамына кіргізді. Сол жылы сол комиссияның төрағалығына Шерхан Мұртазаны шақырды. Сөйтіп, Шерағаңмен қатар отырып, бірнеше ай бойы оқу бітіруші түлектерден емтихан қабыл­дағанбыз. Қасында бірге жүргенде байқағаным, Шерағаң сөзге сараң адам екен. Көп сөйлей бермейді. Көп тыңдайды. Сөйлесе төгіп-шашып сөйлемейді. Дәл, мірдің оғындай қылып дөп басып айтады. Шашау шыққан бір сөз жоқ. Қалжыңы да солай. Сөзінің дәлдігіне ішегің қатқанша күлесің. Иығын селкілдетіп өзі де күліп алады. Бір айтқанын қайталап айтпайды. Сырт көзге сұсты, қатал көрінгенмен жаны жаздай жайдары. Жанындағы кісінің жағдайына қарап отырады.

– Қалай дейсің? – деп Қадыр аға ойымды бөліп жіберді.

– Қалай дері бар ма? Ол кісі Астанада ғой. Өзіңіз сөйлесіп көресіз бе?

– Алматыда оның ұлы мен қызы тұрады. Жазушылар одағындағы жиындарға да келеді. Сондай бір сәтті пайдаланып сөйлесіп қалайын, – деді Қадыр аға.
– Мен өмірімнің көп бөлігін баспаға арнаған адаммын. Сондықтан кімнің кітабы өтімді екенін жақсы білемін. Шерағаң – нағыз на­ходка! Күндіз-түні ұйықтамасаң да осы жобаға кіріс. Жаман болмайсың. Менің кітап­тарымның қалған таралымын шығаруға да септігі тиер. Осыдан түс­кен тиын-тебенге жалғастырып шығара берерсің.

– Дұрыс екен, аға. Шерағаңның жазғаны қанша том болады деп ойлайсыз? Ол кісімен сөйлессеңіз сұрарсыз, – дедім. Қадыр аға саусағын бүгіп санай бастады.

– «Қызыл жебесі» бес кітаптан тұрады. «Мылтықсыз майдан», «Қара маржан», «Ай мен Айша», «Ақындар мен әкімдер», Камал екеуінің жазысқан хаттары, публицистикасы бар. Барлығы алты-жеті томды құрауы керек. Жалпы жеті деген жақсы сан ғой, жеті том деп жоспарласаң, қателеспессің. Оның үстіне 70 жасқа жеті том деген тілге де оралымды. Сол дұрыс.

– Мен қарсы емеспін, аға. Ақыр шығаратын болсақ, ертерек қамданайық. Әне-міне дегенше жыл өтіп кетеді. Сіз қашан сөйлесе аласыз?

– Иә, ол күзде туған. Бір жылға жуық уақыт бар екен. Бірақ сенің айтқаның дұрыс. Уақыт деген зымырандай зымырайды ғой. Күз дегенің ертең-ақ келіп қалады. Мен ұзаққа созбаймын. Бірінші мүмкіндікті пайдалануға тырысамын. Саған өзім хабар берермін.

– Іске сәт, аға. Жақсы хабар күтемін.

Арада бір апта өтер-өтпесте Қадыр аға хабарласты. Шерағаңмен жолығып сөйлесіпті. Ол кісі келісім бермеген көрінеді. «Министрлікке қолжазбаларымды өткізіп қойдым. Төрт том етіп шығарып беретін болды» депті.

* * *

    Баспаның жұмысымен Қадыр ағаның үйіне бардым. Ол қуанып қалды. «Жазмыш» туралы сөйлестік. Қадыр ағаның «Жазмышы» мен «Ғибратнамәсін» жеке-жеке кітап етіп қайта шығарып жатырмыз. «Жазмышты» тәуелсіз «Тарлан» сыйлығына ұсынбақ. Желтоқсан айының басында жарық көруге тиіс.

– Шерағаңмен қайта сөйлестім, – деді Қадыр аға әңгіменің арасында.

– Жолығып сөйлестіңіз бе? Не дейді?

– Астанаға телефон соқтым. Сол баяғы сөзінде. «Министрлік шығарады» дейді. Көндіре алмадым.

– Министрлік ол кісіге қаламақы төлей ме екен?

– Төлейтін болу керек. Бірақ мардымсыз, азын-аулақ тиын-тебенмен алдап қояды. Қолына төрт-бес кітап ұстатады. Бәрі белгілі жағдай ғой.

– Біз Шерағаңды қаламақымен қызықтырсақ қайтеді? Көп ақша береміз деп көрейік.

– Сонда қанша береміз дейсің? – деді Қадыр аға менің ұсынысыма таңданып,
– Бұл дұрыс жол болар еді.

– Егер барлық таралымын өткізіп беруді өз мойнына алса, кітаптар түгел өткеннен кейін жиырма бес мың доллар берсек болады.

– Жарайды, осы ұсынысты айтып көрейін. Келісіп жатса, Алматыға келгенде баспаға соғыңыз деймін.

* * *

Шерағаң баспаға келді.

– Сен, мынаны айтшы, жиырма бес мың доллар көлемінде қаламақы беремін дегенің рас па? – деді ол мұрты тікірейіп, – Әлде, бос сөз бе? Мен төрт томымды министрлікке тапсырып қойғанмын. Ақша да керек болып тұр. Егер бос сөз болса бекерге әуре болмайын. 

– Расы рас, Шераға! Бірақ менің де сізге қояр шартым бар, – дедім батыл сөйлеп.

– Ол не шарт? Айт!

– Ол ақшаны алу үшін кітаптың таралымын толық өткізіп беруді өз мойныңызға алуыңыз керек. Сол міндет орындалғанда ғана аласыз. Кітаптар өтпей, қарызданып жатсақ алмайсыз.

– Егер бәрі кітапты өткізуге тіреліп тұрса, алдым мойныма. Ол жағы маған сөз емес. Ел бар ғой. Не көрініпті? Өткіземіз!

– Онда іске кірісейік. Жазғаныңыздың бәрі неше том болады? Соны түгел жүйелеп беріңіз. Ертеңнен бастап-ақ қолға аламыз, – дедім қуанып.

– Алты томым дайын тұр. Соны шығар­саңдар разымын. Өмір болса тағы жазармыз.

– Келістік, аға! Сіз жетпіс жасқа толғанша біз де шығарып болармыз.

– Енді сен маған қағаз бер, – деді Шерағаң мұртын сипап. – Маған ресми құжат керек.

– Құжатты ретімен жасай береміз ғой, – дей беріп едім Шерағаң гүж етті:

– Жоқ, дәл қазір жасап бер! – деді ол­­­ ­– Екеуміз туысқанбыз ғой. Бірақ құжаттың аты – құжат. Жаз! Осындай да осындай, жиырма бес мың доллар беремін деп жаз! 

– Ай, Шераға-ай! – дедім күліп, – Сөзім құжаттан да қымбат жігіт едім. Сіз менің құнымды түсірдіңіз ғой. Отыра тұрыңыз. Қазір, келісім-шарт жасап, мөрімді басып берейін.

– Өй, батырым! Өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Өркениет деген – заңға бағыну, заңға жүгіну  деген сөз. Қолыңда құжатың болмаса, заңға қалай жүгінесің? 

Шерағаң түзілген келісім-шартты оқып шықты. Қолымды қонжитып, мөрімді басып бердім. Құжатты төрт бүктеп қойын қалтасына салып жатып:

– Бұл енді басқа әңгіме. Ақшамды бермесең сотқа беремін, – деді әзілдеп, – Ал, қане, жай қолыңды. Жақсылап бата берейін!

Шерағаңның батасын алып, жұмысқа кірістік. Уақыт тарлау. Жаз ортасына дейін алты томды бес мың таралыммен шығарып үлгеруді міндет етіп қойдық.

* * *

Қадыр ағам көреген ғой. Шерағаңның көптомдығына тапсырыс беру мәселесі ә дегеннен-ақ дөңгелеп жүре берді. Облыс­тардың мәдениет басқармалары өз бастамаларымен тапсырыстар бере бастағанда қуана қайран қалғанымызды жасыра алмаймын. Тіпті алдын ала қаражат аударып, асыға күткендер де көп болды. Өзім атын естімеген бір жеке компания күтпеген жерден демеушілік көмегін ұсынды. Астанаға Шерағаңа телефон соқтым. Демеушілік көрсеткен компанияның атын айтып едім, ол да білмейтін болып шықты. Кейін анықтасақ, Шерағаңды қатты сыйлайтын інілерінің бірі екен.

– Өткендегі қаламақының үстіне тағы жиырма мың доллар қосамын, Шераға! – дедім қуанып.

– Қалайша?! – деді Шерағаң таңғалып, – Сонда қырық бес мың бола ма? Өзің қиналып қалмайсың ба?

– Еңбек сіздікі, Шераға! Кітаптарды жазған – сіз. Қызығын да сіз көріңіз. Сіздің көптомдығыңыздың таралымына біраз тапсырыс жинадым. Енді өтпей қалады деген қаупім жоқ. Алла жазса, жазға қарай түгел таратамыз. Сондықтан осылай шештім.

– Әй, батырым! Сен Атымтай
жомарт екенсің ғой! Пейіліңе рақмет! Сенің кеңдігіңе қарай Алланың өзі жеткізеді! Аман бол! Аман жүр! – деп Шерағаң алғысын жаудырды.

– Тағы да құжат жасап берейін бе, аға? – дедім анау күнгі талабын есіне салып.

– Жоқ, жоқ! Сендім сөзіңе. Қажет емес. Сендім! Аман бол, азаматым! – деп  ол күле сөйледі.

– Бір-екі күнде Астанаға барамын. Қаламақыңыздың алғашқы бөлігін апарып беремін, аға.

– Кел, кел! Өзім күтіп аламын, батырым! Әуежайдан күтіп аламын.

– Сіз әуре болмаңыз, Шераға. Тұратын мекен-жайыңызды айтсаңыз өзім тауып барамын. Күннің көзі қырауда әбігер болмай-ақ қойыңыз, – дедім жасы үлкен кісінің жағдайын шын ойлап.

– Бекерге үйде жатырмыз ғой. Дайын көлік бар. Мен не әуре болады дейсің? «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс­тағы ақсақал сәлем береді» дегенді білуші ме ең? Сона-а-ау Алматыдан ат сабыл­тып келгеніңде жетпістегі қарияң алдың­нан шықса несі айып? Солай! Ал енді, көріс­кенше, – деп Шерағаң тұтқаны қойды.

* * *

  Сол жылдың желтоқсан айы еді. Алматының қысы жайлы болып тұр. Үп еткен жел жоқ. Астана әдеттегідей суық дейді. Таңғы ұшаққа отырмақ болып әуежайға келдім. Астанаға ұшатын жолаушылар көп екен. Арасында жүзі таныс бірнеше кісі ұшырасты. Бірі депутат, бірі аудан әкімі, бірі вице-министр. Жүзтаныс болған соң қол беріп амандасып шықтым. Бәрі кекірейген қалпы. Сызданып, бірдеңе өткізіп қойғандай қолдарының ұшын әрең береді. Жөн сұрасудың өзі қиын. Буфеттен бір-бір кесе шәй ішуге шақырып едім ешбірі ықылас білдірмеді. Оңашада ойға қалдым. Мыналардың бәрі неге құдайдың етегінен ұстағандай болып тұр? Неге кергиді? Қызмет жағдайын бұлдай ма? Оның маған  не керегі бар? Депутат болса, әкім болса қайтейін? Одан маған келіп-кетері не? Қызмет, кресло дегеніңіз адамдарды лезде туа бітті табиғатынан адастырып жібереді. Әйтпесе осылардың бәрі бір кезде аңқылдаған қарапайым жігіттер емес пе еді? Анау тұрған депутат мәжілістің бір отырысында дыбыс шығармайды. Бұрынғы бизнесмен. Ол халыққа не беріпті? Қара басының қамы үшін жүр. Мынау әкім бір ауданды басқарады. Өзіммен қатар университеттің заң факультетінде оқып еді. Әкімдікке қалай жол тапқанын да білемін. Түптеп келгенде ол да өз қалтасынан шығарып елді бағып жатқан жоқ. Керісінше, бір жерден бірдеңе қымқырсам дейді. Вице-министр өзінше шалқақтайды. Ол  не бітіріп тастапты? Неге шіренеді? Алып бара жатқан не көкірек? Түсінбеймін. Меккеге қажылыққа барып келген бір ағамыздың тағлымды әңгімесі есіме түседі. «Миллиондаған адамдар ақ кебін киіп Қағбада қатар тұрғанда кімнің патша, кімнің бейшара, кедей екенін ешкім ажырата алмайды. Алланың алдында пенденің бәрі бірдей екендігіне көзің жете түседі» деп еді. Құранның сүрелерінде, пайғамбарымыздың хадистерінде тәкаппарлықтың ауыр күнә екені айтылады. Мыналардікі не тәкаппарлық?

Біз мінген ұшақ кесте бойынша Астана әужайына қонды. Әуежай залынан шыға берісте ұшып келушілерді күтіп, иық тіресіп тұрған ел. Алатаудай өр қалпымен еңсесін биік ұстап, күтіп алушылардың қатарында тұрған Шерағаңды бірден көзім шалды. Бағанағы тәкаппарсынған байғұстардың Шерағаңды байқай сала құнжыңдап, анадайдан жүгіріп барып баладай ыржалаңдап амандасып жатқандарын көргенде күлкім келді.

– Сіздің қолыңызды алу біз үшін бақыт, Шераға! – деді әкім толқып.

– Таңертеңнен неғып жүрсіз, Шераға? – деді депутат таңданып.

– Кімді күтіп алып тұрсыз, Шераға? – деді вице-министр күлмеңдеп.

– Кімді болушы еді? Темкеңді күтіп тұрмын дә, – деді Шерағаң маған құшағын ашып. Сонда әлгілердің дымы құрыды. «Шерағаңның өзі келіп күтіп алатындай бұл кім еді?» деді ме екен, маған көздерінің астымен бір-бір қараған боп кете барды.

– Шераға, сізге рақмет! – дедім машинаға жайғасқан соң.

– Не үшін?

– Жаңағыларды тәубесіне келтіргеніңіз үшін.

– Олар не жазды?

– Сіздер сияқты тау тұлғалар болмаса, бұлар қарапайым адамдар түгілі, ақындарды да менсінбейді екен. Алматының әуежайында маған әрең амандасып еді, Астанада сізді көріп шыр-пыр болып кетті ғой. Менің беделімді көтеріп тастадыңыз, – дедім ризашылық сезіммен.

– Олары дұрыс емес, – деп Шерағаң күрсініп алды. – Қазақта аққу мен ақынды киелі санаған. Аққу – айдынның сәні, ақын – алқалы елдің абаданы деп түсінген. Дегенмен оларға ренжімей-ақ қой. Уақыты келгенде бәрі де мойындайды. Бәрі де уақытша жүрген пенделер. Пенденің пендешілігі болмай тұрмайды.

Депутаттарға арналған шетелдік жүйірік көлікпен Астанаға кіріп келе жатырмыз. Заманауи ғимараттары жауһардай жарқырап алыстан көз тартқан Астана ертегінің кейіпкеріндей жыл санап емес, күн санап өсіп, көркейіп келеді. Халқымыздың көзайым мақтанышына айналған Астана – толайым шаттық пен бақыттың ордасындай көрінеді.

– Бүгін біздің үйде қонасың, – деді Шерағаң қалаға кірген соң, – Үй кең. Орын жетеді. Апаңа қазан көтертіп қойдым. Соғымнан сыбаға асып жатыр. Сарыарқаның соғымын жеп көріп пе ең? Ол өзінше бөлек дүние. Шүйгін дейді оны.

– Рақмет, Шераға! Әуелі апама барып амандасайын. Қалғанын кейін көре жатармыз. Менің тығыз шаруаларым бар. Қадыр ағаның аманатымен бүгін
Алтынбек Сәрсенбаевқа жолығуым керек. Ертең Имекең қабылдайтын болды.

– Иманғали ма?    

– Иә, өткендегі өзіңізге айтқан үш арыстың мәселесі бойынша келісіп келе жатырмын.

– Дұрыс. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер халқымыздың ұлы перзенттері ғой. Елім деп еңіреп жүріп көрмегендері жоқ боздақтардың. Солардың әруақтары разы болсын саған! Бір кездескенде айтқан едім, Иманғали ұмытпаған екен ғой. Ондай арыстарын қолдамағанда үкімет не бітіреді? Көмектессін.

– Имекеңнің көмекшісіне телефон соғып, ол кісінің мені қабылдауын өтініп едім, «Бұл мәселе туралы Шерағаң да айтқан. Желтоқсан айының алғашқы аптасында келсін» депті.

– Дұрыс болған екен, – деп Шерағаң­ның көңілі көтеріліп қалды. – Ал Сәрсенбаевта не шаруа бар?

– Қадыр аға он екі томын беріп жіберді. Хаты бар. Соны жеткізіп беруге тиіспін.

– Қадыр! Қадыр! Қадыр! Великий мудрец! – деді Шерағаң. – Мына қысқа ғұмырда уақытты ең тиімді пайдаланған қазақ – Қадыр! Жазушы адам жазумен айналысу керек екен. Мен соны жете бағалай алмаппын. Көп айғайдың соңында жүріп асыл уақытымды өлтіріп алыппын. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген бар. Елдің мұңын айттық. Сөзін сөйледік. Енді қайрат қайтты. «Айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болды-ау» деген тағы бар. Қанша айғайласақ та мына түлкі қоғам мен мына қасқыр жүйені өзгерте алмадық. Қайран, зая күндер-ай! Қадыр данышпан соны ерте түсінген екен. Ол Жоғарғы Кеңеске екі рет депутат болды. Парламентте отырып та өлең жазуын тоқтатпады, сабазым! «Парламент» деген көлемді поэма жазып шықты. Өте ақылды адам. Тәңірім оған өмір берсін!

Шерағаңның сөздерінен оның жүрегінің түкпірінде жатқан ішкі мұңын ұққандай болдым. Тереңірек ойланған жанға жазушының соңында қалатын нәрсе тек өз қаламынан шыққан туындылары екені түсінікті жайт қой.

– Бір жерден тоқтап, гүл алайықшы, – дедім көлік жүргізушісіне.

– Оны қайтесің? – деді Шераға әуре болмай-ақ қой дегендей.

– Апаммен танысқалы келе жатырмын. Құрқол барғаным ұят болады. Бір жерден тоқтатыңыз, – дедім өз ойымнан қайтпайтынымды байқатып.

– Сен апаңды жаман үйрететін болдың. Енді келген сайын гүл тілеп тұратын болар, – деді Шерағаң әзілдеп.

– Несі бар? Өзге емес, өзімнің апам ғой. Келген сайын гүл сыйлауға тұрады деп ойлаймын.

– Ондай, жақындығыңды ойласаң, өзің біл!

Шерағаң әдеп сақтайды. Әйтпесе әйел адамға гүл сыйлағаннан артық құрмет бар ма? Оның үстіне Ақбілек апам ру жағынан маған өте жақын. Атақты Кенен ақынның кенже қызы. Шерағаңды «жезде» десем де қателік болмайды.

Ақбілек апамды бұрын көрмегенмін. Алғаш рет таныстым. Маңдайымнан сүйіп, жылы қабылдады. Сабырлы, ақжарқын, жүзі ашық кісі екен. Елең-алаңнан тұрып, емен үстел қайысқандай етіп дастарқан жасап қойыпты. Дәм татқаннан соң, кешке қарай келетін болып сыртқа шықтым.

* * *

Келесі жылдың ақпан айында Астанадан тағы бір жақсы хабар жетті.

– Сізді Шерағаң іздеп жатыр, – деді жас жігіт. Телефон соғып тұрған Шерағаңның көмекшісі Ерғали Келімсейітов еді, ­­­­
­­­­– Шұғыл хабарлассын дейді.

– Ол кісі қайда? – дедім күттірмей.

– Өз кабинетінде. Сіз күте тұрыңыз. Қазір өзім қосып берейін.

– Әлөу! Темке, батырым! Амансың ба? – деп Шерағаң гүжілдеді.

– Ассалаумағалейкум, Шераға! Өздеріңіз қалайсыздар? Мені неге іздедіңіз? Тыныш­тық па?

– Тыныштық қой, тыныштық. Бір жақсы хабар бар. Өткенде менің кітап­та­рымды тағы үш мың дана қосып шығарамыз демедік пе? Соған демеуші табылған сыңайлы.

– Шынында да жақсы хабар екен. Кімге хабарласайын?

– Жаңа ғана Тасмағамбетовтен шықтым. Сені ертең келсін деп жатыр. Өзің келіп сөйлессеңші.

– Мені ертең қабылдай қояр ма екен?

– Қабылдайды. Қабылдайды. Жиналып, келе бер. Келісіп қойдым, – деді Шерағаң.

Иманғали аға бұл тұста премьер-министр болған. Жаңа көмекшісі Қайрат Жаңабергенов деген жігіт екен. Имекеңнің кабинетінің есігін өзі ашып кіргізді. 

– Кеше Шерхан ағаң келіп еді. Бұйымтайын айтты, – деді Имекең амандасып болған соң. – Сен көптомдығын шығарып жатыр екенсің ғой?

– Иә, аға! Алты том. Таралымын көбейтіп шығарсақ деп едік.

– Қанша қаражат кетеді екен?

– Сегіз миллион теңге керек.

– Қазір, тоқтай тұр, – деп ол телефон нөмірін тере бастады. Бір кісімен сөйлесті. Телефон тұтқасын қойып маған бұрылды. – Естіп отырсың ғой. Ертең сағат 11-де ол маған келетін болды. Сен де сол уақытта кел. Екеуіңді таныстырып қояйын. Шерағаңның кітабына сол банк демеуші болады, – деді.

Ертеңіне келіскен уақытта Имекеңнің алдында банкир екеуміз отырдық.

– Сен Темірғалиды танисың ба? – деп сұрады премьер-министр банкирден.

– Жоқ, танымадым, – деді ол маған қарап.

– Танысып қойыңдар. Бұл Темірғали деген азамат. Ел үшін көп тірлік бітіріп жатқан жігіт.

– Шерхан Мұртаза ағамызды білесің бе? – деді Имекең банкирге.

– Әрине, білемін. Ол кісі өте атақты жазушы ғой. Мықты депутат, – деп банкир тақ-тақ сөйледі.

– Сол Шерағаң биыл 70 жасқа толып отыр. Темірғали оның алты томнан тұратын шығармалар жинағын шығарып жатыр. Мүмкіндіктерің болса демеушілік көмек көрсетіп, қолдап жіберсеңдер деп едім. Сегіз миллион теңге керек екен. Қалай дейсің?

– Ешқандай проблема жоқ. Ағамыз үшін аянып қалмаспыз. Алматыға барған соң Тәкең маған келсін. Шешеміз деп ойлаймын, – деді банкир сабырлы қалпымен.

– Бәрекелде, өзім де саған сеніп едім, – деп Имекең оның қолын қысты. Банкир маған бұрылып:

– Тәке, жобаңызды негіздеп, өтініш жазып, маған келіңіз. Мынау менің визиткам. Хабарласыңыз, – деді. Екеуміз қол алыстық. Ол қоштасып шығып кетті. Имекең мені оңаша алып қалды.

– Темке! Кеше сенің туған күнің екен ғой, рас па? – деді ол жымиып.

– Рас. Бірақ оны қайдан білдіңіз? – дедім күліп. Имекең қолымды қысып:

– Құттықтаймын! Біз бәрін білеміз, – деді. – Оның үстіне дәл қырыққа толыпсың. Сені білгендей шақыртқан екен­мін. Сыйлықсыз қайтарғаным ың­ғайсыз болар. Тұра тұр, – деп үстелінің астынан әдемі қызыл қорап шығарды. – Мына бір сирек сыйлықты өзіңе ұсынғым келіп тұр. Есік қаласының орнынан табылған Алтын Адамның мүсіні. Халқымыз үшін қымбат жәдігер. Ең құрметті кісілерге сыйлармыз деп төрт-бес данасына ғана тапсырыс берген едім. Соның біреуі өзіңе бұйырған екен. Үйіңнің төрінде тұрсын, – деп қорапты ашып көрсетті. Қызыл қораптың түбіне төселген көк барқыт матаның үстінде, көздің жауын алардай жарқырап Алтын Адам тұр. Тебіреніп кеттім.

– Аға, сізге мың да бір рақмет! – дедім.

– Қоя тұр, – деп Имекең кітап сөресі­нен қалыңдығы қасқыр соғып алардай үлкен форматты фото-альбом кітап алды. – Басқа басқа, кітаптың қадірін сен білесің ғой. Мына «Құлпытас» деген кітабым таяуда ғана қолыма тиді. Мұнда Үстірт пен Маңғыстаудың жерінде сақталған ою-өрнекті, әшекейлі құлпытастар, қошқартастар, қойтастар мен кесенелердің үлкен галереясы қамтылған. Тарихи жәдігерлерге жас күнімнен әуес едім, бертін келе сол дүниенің тылсым сырына құлай берілдім. Алғашқылардың бірі ретінде саған қолтаңба бергелі тұрмын, – деді де кітаптың ашылған бірінші бетіне маржандай әріптермен: «Темірғали бауырыма! Ата-бабаларымыздың әруақтары қолдап, желеп-жебеп жүрсін!» деп қол қойып берді. Бұл менің өмірімдегі естен кетпес қуанышты сәттердің бірі еді.

* * *

Қуанышым қойныма сыймай Алматыға жеттім. Екі күннен кейін банкте қызмет істейтін таныс ағамыз ұялы телефоныма хабарласып: «Ертең банкке кел» деді. «Қап, бұл іске осы кісі араласпай-ақ қойғанда болар еді» деп көңіліме күдік кірді. Дегенмен айтқан уақытында ол кісінің кабинетіне бардым.

– Шерағаңның кітабына қаржы бөлгелі жатырмыз. Бастық бұл жұмысты маған тапсырды, – деді ол амандық-саулықтан соң. – Бірақ бір келісіп алатын мәселе бар. Маған ештеңенің керегі жоқ. Алайда ол қаржыны шығаратын экономистер бар, есепшілер бар. Соларға сый-сияпат жасамасаң болмайды.

– Ол не сый-сияпат? Сонда не істеуім керек? – дедім ол не айтар екен деген оймен.

– Саған сегіз миллион теңге бергелі отырмыз. Соның екі миллионын жаңағы кісілерге қалдырасың. Келіссең осы, – деді ол беті былш етпей.

– Не деп отырсыз? Бұл жоғары жақтан шешілген мәселе ғой. Бастығыңыздың өзі менің көзімше Имекеңе уәде берген. Сондықтан тапсырған істі орындаңыз. Болмаса мен сол кісілердің өздеріне айтамын,– дедім ашуға булығып. Қаным басыма шауып, түтігіп кеттім.

– Сен неге ашуланасың? – деді ол көзі шақырайып. – Сонымен істің бәрі бітті деп ойлайсың ба? Мен саған жақсылық тілегеннен басқа не істедім. Отыр. Сабыр ет, – деп  орынынан көтерілді. Талтаңдай басып терезе алдында тұрған адам бойындай сейфтің алдына барды. Сейфтің үстінде сарғайып жатқан бір бума ескі қағазды алып келді де шаңын бұрқ еткізіп менің алдыма тастай салды. – Оқы. Оқып көрші мына хаттарды. Бәріне де Тасмағамбетов қол қойған. Ну, и что? Ол бізге бұйырық бере алмайды. Түсіндің бе? Өтінеді. Ал оның өтінішін орындаймыз ба, жоқ па оны біз өзіміз білеміз. Міне, оның өтініштері. Осының біреуі де орындалған жоқ. Егер айтқанымызға келіспесең, сенің жобаңды да осы бумаға қоса саламыз. Мен айтарымды айттым. Қалғанын өзің шеш.

Қағаздарға қарап едім, расында да бәріне Имекең қол қойған екен. Сонда да оның айтқанына көнгім келмеді.

– Мен ойланып көрейін,– деп шығып кеттім. Жаным алай-дүлей болды. Оңай жерден олжа табуға әбден машықтанған әлгі ағамыздың іс-әрекетіне күйіп-пістім. Адам деген ең әуелі ар тазалығын ойламас па? «Маған ештеңенің керегі жоқ» деп отырып, мені баладай алдағысы келеді. Не керек, ақырында соның айтқаны болды.

Бұл әңгімені Шерағаңа айтуға қысылдым.

* * *

Шерағаңның жетпіс жылдық мерейтойы Астанада да, Алматыда да тойланды. Алматыдағы тойын «Есік» мейрамханасында өткіздік. Ағамыздың құрметі үшін бар шығынын өзім көтеріп алдым. Тойдың ертесіне Шерағаң үйге телефон соғып, раҚметін айтты.

– Той шығынын қалай есептесеміз? Келешектегі қаламақы есебіне жатқызыла ма, қалай? – деді Шерағаң. Мені қатты шығындалды-ау деп уайымдап тұрғанын сездім.

– Шераға, ештеңе уайымдамаңыз. Тойыңыз тағы да құтты болсын! Бұл шығындар ешқандай есепке жатпайды. Балаңыздың жетпіс жасыңызға сыйлаған тартуы деп қабылдасаңыз болды, – дедім мен.

– Алла саған жар болсын! Сен аман бол, батырым! – деді Шерағаң ризашылық сезіммен.

Шерағаңның мерейтойы өткен соң көп ұзамай парламент үкіметке сенімсіздік білдірді. Бәрі «Жерді сату туралы Заң жобасының» төңірегіндегі дауға байланысты
еді. Шерағаң белсене кірісіп, үкіметтің ұсыныстарына қарсы шықты. Бір
кездескенде:

– Шераға, Имекең сізді жетпіс
жа­сыңызда қатты көтеріп еді. Астананың төрінен үш бөлмелі пәтер сыйлап, кіта­быңызға қыруар қаржы бөлгізді. Басқалай да көмегі аз болмаған  сияқты. Енді ол басқарып отырған үкіметке қарсы шап­қаныңыз ыңғайсыздау емес пе? – деп едім, Шерағаң:

– Мүкаммал дүниеге бас иетін адамың мен емес. Үкіметтің басшысы бүгін бар да, ертең жоқ. Ал халық – мәңгі! Халықтың тағдыры таразыға түсіп жатқанда маған жеке адамның амбициясы көк тиын. Не қылса да халқымды сата алмаймын! – деді алысқа көз тігіп. Сол сәтте Шерағаңды шау тартса да шарықтаудан жаңылмаған, қырағы көз тау қыранына ұқсаттым.

Темірғали КӨПБАЙ,

ақын, халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының лауреаты

1829 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы