• Тұлға
  • 27 Қазан, 2022

КҮРЕС-ҒҰМЫР

Алтынбек – Сәрсенбай ақсақалдың үйіндегі төртінші перзент болатын. Хан Тәңірінің етегінде, Нарынқол деген ғажап өлкеде өмірге келген ол, қатар құрбы-құрдастарынан кем болмай өсті. Ата-анасынан дарыған еңбекқорлық, адалдық, ақыл-парасат үнемі оны алға сүйреді. Білуге құмарлық, үздіксіз ізденіс, кәсіби ынта КазГУ мен МГУ-де оқыған студенттік жылдарында ерекше байқалып тұратын. 
Пікірталас кезінде уәжге айтқан өткір ойлары айналасындағы достары мен әріптестерін таңғалдыратын. Мәскеуден Алматыға оралған соң, Қазақ телеграф агенттігінде, «Арай – Заря» журналында, «Өркен–Горизонт» газетінде атқарған журналистік жұмыстары оның көзқарасын саясаткер ретінде қалыптастыруға жәрдемдесті. Отыздан жаңа асқан кезінде тәуелсіз елдің алғашқы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі болып тағайындалды. Оның осыдан кейінгі бүкіл өмірі мен қызметі Қазақ мемлекеттігін қалыптастыру мен нығайтуға бағытталды. 
Өйткені Алтынбек студент кезінен-ақ афиналық демократияның атасы Периклдің еңбектерінен бастап, көрнекті неміс ойшылы Макс Вебердің ұлттық мемлекет туралы пайымдауларымен таныс болатын. Ұлт – мемлекеттің ұйыстырушы қазығы, сондықтан ұлт мүддесі бәрінен жоғары тұру керек деген қағидаларды іске асыруды ойлады. Ол тәй-тәй басқан ұлттық мемлекеттілігімізді ар-ұяттың өлшемі деп, ең жоғары адами құндылықтардың бірі деп қарастырды. 

Халық биліктің қызметшісі емес, билік халықтың қызметшісі деп ұғынды. Мемлекеттік төңкерістерге, билікті күшпен құлатуға қарсы болды. Демократиялық жолдармен жеңіске жетуге болатынына күмәнсіз сенді. Сол үшін де ұлтқа әділетті сайлау жүйесі ауадай қажет деп есептеді. «Қазақты кедейшіліктен құтқаратын бірден-бір жол – демократия» дейтіні де есте.

Әйгілі психолог А.Н. Леонтьев «Тұлғалық теориясы» дейтін еңбегінде: «Тұлға дегеніміз – биологиялық та, әлеуметтік те, ахуалдық та, факторлық та ұғым емес, ол – өмірбаян, ол –өмірлік тәжірибе! Тұлға дегеніміз өмірбаянның түйіршіктелуі» (А.Н.Леонтьев «Методологические тетради» (1994, с. 196) дейді. Адам тұлға болып тумайды, ол өз әрекеттері арқылы тұлға болып қалыптасады. Тұлғалық қасиет тарих табалдырығын аттаған кезде пайда болады. Алтекең міне, осылай тарихи кезең туғызған тұлға болатын.

Алтынбектің феномені өзі сол биліктен өсіп шығып, бірақ сол билікпен тамырласып кетпегендігінде. Өзін өзі биіктетті. Өзі отырған ағаш­тың діңімен жарысқан орасан қисық бұтақтарды кесуге тырысты. Биліктің жоғарғы сапында болған жылдар Алтынбек Сәрсенбайұлының мемлекетшіл тұлға ретінде қалыпта­суына ықпал етті.

Алтынбек министрлік қызметте жүргенде елдегі күллі идеологиялық жұмыстар мен науқандарға жетекшілік етті. Азды-көпті саяси маңызы бар шаруалардың бәріне атсалысты. Ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу, мемлекет имиджіне әсер ететін жобалар, сайлаулар, күрмеуі қиын проблемалар, халықаралық мәдени интеграциялар, әйгілі тұлғалардың мерейтойлары сияқты т.б. шараларда жас министрдің өзіндік қолтаңбасы айқын көрініп тұратын. Бір қызығы, министр кезінде Алтынбекпен қызметтес болғандар жоспарлау жиыны кезінде премьер-министр кеңсесінен немесе президент әкімшілігінен түскен нұсқауларға қатысты жиі наразылық білдіретінін, алайда оларды ақылға салып орындауды талап ететіндігін айтады.

Алтынбектің билік олимпіндегі қызметін тікелей өз міндеттерін атқарғаннан бөлек үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең – президенттік билікті күшейту арқылы тәуелсіздікті нығайту. Екінші кезең – төтелей ықпал ету арқылы президент пен халыққа демократиялық құндылықтарды сіңіру. Үшінші кезең – авторитарлық билікке бет алған президент пен оның айналасындағыларға қарсы демократиялық күштерді
топтастыру, елді авторитаризмге ойысудан сақтап қалу.

Өкінішке қарай, президенттің отбасымен қоса, айналасындағы оли­гархтық кландар елдің шынайы демо­кратиялық бағытта дамуына мүдделі болмады. Мүддені былай қойғанда мемлекеттік машинаның бар қуатын демократиялық күштерді езіп-жаншуға, жазалауға бағыттады.

 

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ НЫҒАЙТУ – МЕМЛЕКЕТТІ НЫҒАЙТУ

Әр адамның өз өмірі, тағдыры туралы ойланатын кезі болады. Сөйтіп, кім болып қалыптасқанын сырт көзбен қарауға тырысады. Алтынбек те осындай сәттерді бастан кешіргені анық. Бірақ ол адамды өзіне магниттей тартып тұратын билік, ақша деген ұғымдардан жоғары болды. Алтекең ұлтқа қызмет ету сияқты ұлы мақсатты басты нысана тұтты. Ол әр нәрсені әріден, жан-жақты стратегиялық тұрғыдан ойлайтын. Бойындағы бұла күшін алға қойылған міндеттерді орындауға еркін жұмылдыра алатын. Қарсыластарына қатал, жалғандық пен екіжүзділікке жаны қас болды. Туған жерін, отбасын шексіз сүйетін, достарын ардақтайтын. Адалдықты ерекше бағалайтын. Болмысы күрделі, мінезі қатаң екендігіне қарамастан, өзегінде адамгершілікпен суарылған әділдік жататын.

Алтекең өзінің де, өзгенің де, әсіресе мемлекеттік органның қыз­метіне, ең алдымен, мемлекет мүддесі өл­шемімен қарайтын. Ел мүддесі айқын көрініп тұратын
бастамаларды қолма-қол қолдайтын, ел мүддесіне қайшы келетін тұстарға бірден тойтарыс беретін. Ол елдің саяси басшылығындағы жекелеген адамдар бәлендей әсер ете алмайтын, мүлтіксіз жұмыс істейтін мемлекеттік машина әрекетінің алгоритмін қалыптастыруды көздейтін.

Қиялы кең, ойы тұсалмаған азамат саяси мәселелерде еркін ұсыныстар айта білетін. Оған Президент сайлауы қарсаңында 1999 жылы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сайлау науқанына қуғында жүрген экс-премьер Әкежан Қажыгелдинді қатыстыру туралы ой айтқаны дәлел. «Сайлауда ұта қоймасы анық, алайда сайлаушылар кімнің-кім екендігін көреді», – деген еді ол.

Иә, Алтынбек қызметі кезінде қатал министр болды. Өйткені уақыттың өзі сондай қатаңдықты талап ететін. Ауыр дағдарыс, бағдарсыз қалған экономика мен қоғам. Инфляция белең алып, халық жаппай қайыршылыққа ұшырап жатты. Зейнетақы мен жалақы көзден ұшқан. Мемлекеттің қазынасы бос, қаражат жоқ. Осындай кезеңде халықтың әлеуметтік наразылықтары ұйымдасқан түрге ауысса, ол қолға алынған реформалар түгілі жас мемлекеттің өзін жоқ қылар еді. Сондықтан бәрін өз бетімен жіберуге болмайтын. Сондай сәтте бұқаралық ақпарат құралдары шешуші маңызға ие болды. Қиын кезеңдерде Алтынбек БАҚ-пен тығыз бірлікте, түсіністікте жұмыс істеуге ұмтылды.

Мемлекеттің ақпарат, қоғамдық келісім сияқты жауапты салаларында қызмет істеген ол, Қазақстан үшін игілікті нәрселер жасай алды ма? Мінезіндегі турашылдығы, қызметтегі жаңашылдығы, шешім қабылдаудағы батылдығы өз жемісін берді. Сондықтан бұл сұраққа «Иә!» деп тұжырымды жауап берер едік. Өйткені ол, ең алдымен, Қазақстанның демократиялық бағытта дамуын қалады.

Марат Тәжин айтады: «1997 жылы Ақмолаға көшкенде министр­ліктің жұмысын нөлден бастап, өз қызметкерлерінің барлық жағдайын жасауға тырысты. Ол айғай аттансыз-ақ, өзін-өзі жарнамаламай-ақ ми­нистрлікті басқарудың күрделі міндеттерін шешіп жататын.

Алтынбектің бойында ерекше, саясаткер үшін сирек кездесетін қасиеті болатын: ол проблемаларды әр қырынан көріп қана қоймай, оны шешудің әлденеше жолдарын таба алатын. Оның тапқыр саяси ізденістері көз алдымда жүзеге асып жататын» («Біздің Алтынбек», Алматы. 2007, 135 б).

Алтынбек министр болып жүрген кезде отандық басылымдар мен электрондық бұқаралық ақпарат құралдары жарнамалық қызметі үшін қосымша құн салығынан босатылды. Осының арқасында көптеген БАҚ жойылып кетпей аман қалды. Тағы бір істеген жақсылығы – 1998 жылы бұқаралық ақпарат құралдарын болмашы қаражат төлеп, небары 15 күн ішінде тіркеуге мүмкіндік беретін қағида енгізгені. Қажетті құжаттарды тікелей министрлікке жіберсең жетіп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда Қазақстандағы БАҚ саны бүкіл Орталық Азия елдерінің БАҚ санынан да көп болып отыр.

 2000-шы жылдарға дейін Алтынбек билік пен оппозицияның қағидаттық қайшылықтарынан гөрі, саяси жүйедегі реформаларды қалай жүргізу маңызды деп есептеп келді. Айырмашылықты стратегиядан гөрі, саяси өзгерістердің ырғағы мен мерзімінен іздейтін. Алайда іс жүзінде үнемі алға жылжуға мүмкіндік беретін тиімді нұсқаларға басымдық беретін.

 

БИЛІКТЕГІ ТЕКЕТІРЕС

Ай артынан ай, жыл артынан жыл өткен сайын Президенттің сөзі мен ісі қабыспайтыны байқала бастады. Мемлекет пен қоғамның принципті мәселелері түрлі олигархтық топ­тар­дың, отбасы мүшелерінің әсерімен қиғаш сипатта шешіле бастағаны алаңдатты. Саяси реформалар қарқыны болса экономикалық реформалардан көп кенжелеп қалған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытатындай құқықтық негіз қаланды, еңбек
ресурстары да жеткілікті, халықтың білім деңгейі жоғары, қолдайтын білімді элита мен зиялы қауым бар, жан басына шаққанда ЖІӨ жыл сайын өсіп тұр. Бірақ президентке арқа сүйеген ұлттық бюрократия экономикалық билікпен қоса, саяси билікті де қолына шоғырландырып алған-ды. Әлбетте енді уысынан шығарғысы келмейтіні анық.

Бұл туралы Алтынбек Сәрсен­байұлы: «Тоқсаныншы жылдары экономикалық реформа жасап, тәуелсіздігімізді нығайтар кезде атқарушы биліктің күшті болғаны қажет болды. Себебі бүкіл реформа жоғарыдан төменге қарай жүргізілді. Ал енді экономикалық реформалар жүзеге асып болған соң, атқарушы билік қолына шоғырланған билікті халықпен, мемлекеттің басқа
институттарымен, парламентпен, сот жүйесімен бөліскісі келмеді. Себебі билік бөлінісінің өзі бизнестің көзіне айналды» («Таңдау жасар сәт туды», Алматы. Жедел басу баспаханасы. 30-31 бб), –деп жазды өкінішпен.

Билікке отбасының араласуы өте қауіпті еді. 2001 жылы Алтекең қатарлас серіктерімен президенттің мемлекеттік төңкеріске ұшырамауына жәрдемдесті. Еш тайсалмастан президентке ең қауіпті адамдар өзінің жақындары екендігін төтесінен айтты, құжаттармен дәлелдеп берді. Президент қызы Дариға Назарбаева мен күйеу баласы Рахат Әлиевтің өзіне ор қазып жүргеніне тіпті сенгісі де келген жоқ. Алайда Алтекеңнің принципшілдігі мен рухани тазалығы біреулердің президентпен туыстық байланыстарынан да жоғары болатын. Өз елін жанынан да артық көретін ол, президент арқылы жаппай коррупцияға, отбасылық диктатқа, адамдықтан жұрдай билікке тосқауыл қоямын деп үміттенді.

Алтынбек жас болғанмен, өзін ұстауы жағынан ересек көрінетін. Үнемі мемлекет мүддесін қорғайтын. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметінде жүргенде Қазақстанның демократиялық таңдау қозғалысына, ДВК-ға қолдау білдірді. 2001 жылы ҚДТ талқандалған соң, Алтынбек президенттің кім екендігін ұқты. Мемлекет басшысының биік деңгейі ақиқатпен үйлеспейтінін көрді. Халықты алдауға негізделген ойын­дар­дың құны көк тиынға тұрмайтынын сезді.

Сөйтіп, билікке қатысты ойларын ашық айта бастады. Президент қазақ тіліне бет бұрмай номенклатуралық-бюрократиялық ортадағы мемлекеттік тілдің жағдайы өзгермейтінін де айтты. Оның қайтқысы келсе, кері шегінуіне жол көп еді. Табандылықтан ажырап белі бүгілсе, ақиқат жолындағы миссиясынан ажырап қалар еді. Сондықтан ол: «...президент дегеніміз – Құран немесе Інжіл емес. Ол іс үстіндегі саясаткер, өз басым оны дұрыс әрекеттері немесе шешімдері үшін қолдау, сондай шешімдерді қабылдауына ықпал ету керек деп есептеймін. Оның тәуелсіз мемлекет құруға деген ұмтылысына адал болып қаламын. Ел үшін, оның өз басы үшін әсері теріс болатын бұрыс шешімдерді біле тұрып қолдау – бұл барып тұрған сатқындық. Таңертеңнен кешке дейін президентті мадақтау оған деген адалдықтың белгісі емес. Бұл әлсіздер мен таяздардың еншісі» (Алтынбек Сәрсенбайұлы. «Мы хотим перемен…» Алматы, 2004, 72 -б) дейді.

 Алтекең шикізаттық экономикаға негізделген елдің сәтті немесе сәтсіз дамуының басты себебі ол таңда­ған саяси жүйеге тікелей байланысты екендігін әу бастан білетін. Қоғамдық институттары билік бір қолға шоғырландырылған режимге бағынған жағдайда ол, елдің түптің түбінде экономикалық құлдырау мен қоғамның азып-тозуына ұшырайтыны аксиома ғой.

 Оның үстіне мұнай мұнараларынан төгілген «көк қағаз» сол елдің хал­қына кері әсерін тигізіп жататыны бар. Тағдырдың тәлкегі сол, былай қарағанда бұл елдердің ІЖӨ ұлғайып жатқандай көрінгенімен, әлгі мұнай-долларлар қоғамның қалыпты дамуын тежейді. Көмірсутекті шикізатты экспорттауға негізделген азды-көпті материалдық игілік адам капиталының рөлі мен маңызын төмендетеді, маңызды көрсеткіштер бойынша оның сапасына кері әсерін тигізеді. Ал мұндай мемлекет үшінші мыңжылдықта қалай табысты мемлекеттердің қата­рына қосылмақ? Сондықтан Алтынбек Қазақстанның келешек дамуы экономиканың әртараптылығы мен саясаттың демократиялық бағытында деп білді.

 

ЕЛ ЕРТЕҢІ ҮШІН

Осындай ұстанымдардың жетегінде Алтынбек Сәрсенбайұлы 2003 жылы қараша айында Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі қызметінде жүрген жерінен өз өтінішімен доғарысқа кетті. Бір айдан соң «Ақ жол» демократиялық партиясы теңтөрағаларының бірі болып сайланды. Ал билік «Ақ жол» партиясының беделін төмендету, теңтөрағаларының арасына жік түсіру, партияны ыдырату, халықтың қолдауынан ажырату сияқты лас саяси технологияларды пайдаланып бақты. Осы кезең туралы Алтекең: «Біз билік тарапынан жасалған қудалаулардың небір қатыгездіктерін, қиянаттарын, масқаралығын бастан кешіріп, көніп, төзіп, қарсы күресіп келеміз» (А.Сәрсенбайұлы. «Таңдау жасар сәт туды», Алматы, 2006 ж, 90-б) дейді.

Демократия дегеніміз азаматтардың өз билігіне ашық сын айту құқығы ғой. Сондықтан Алтынбек алдан шыққан алапат қиындықтардан қаймықпады. Қоғамды демократияландыру үшін сайлау құқығын жетілдіру мен оппозициялық лидерлердің БАҚ, әсіресе электрондық БАҚ-на қол жетімділігін кеңейту қажет деп есептеді. Түпкілікті қорытындысы бойынша көптеген құқық бұзушылықтармен әрі әділетсіз өткен Мәслихат сайлауынан кейін Болат Әбілев, Ораз Жандосов, Төлеген Жүкеев сияқты серіктерімен бірге алда 2004 жылы өтетін Парламент сайлауына мұқият дайындалуға кірісті. Оппозицияның басты идеологына айналды.

Алтынбек БАҚ туралы жаңа заң жобасына шынайы демократиялық қағидаттарды енгізуді қалады. Қарап отырса, Қазақстанда цензураны жойған Бұқаралық ақпарат құралдары туралы алғашқы заң 1991 жылы
28 маусымда қабылданыпты. Өзі министр болып тұрған кезде 1999 жылы 23-шілдеде қабылданған Баспасөз туралы жаңа заң шағын, небәрі 26 баптан тұратын. Өзі өтпелі кезең үшін жарап тұрған неғұрлым демократиялық сипаттағы заң болатын. 2000 жылы
3 мамырда оған өзгерістер енгізіліп, тек шетелдік телеарналарды ретрансляциялаумен айналысатын арналардың жұмысын реттейтін, оларды отандық өнім жасауға мәжбүрлейтін қағидалар енгізілген. Соның нәтижесінде шетелдік ретрансляция көлемі
20 пайызға қысқарды. 2003 жылы
26 тамызда Үкімет ұсынған 41 баптан тұратын заң жобасында мемлекеттің реттеушілік функциясы күшейтіліпті. Алтынбек сондықтан үкімет тарапынан әзірленген заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарын ауыздықтауға басымдық берілгенін сынға алды. Дұрысында БАҚ туралы заң жаңарған сайын оның демократиялық сипаты басым болуға тиіс қой. Алтынбек БАҚ нарығын демонополизациялау тұрғысында жарнамалық қызметті бөлшектеу қажет деп есептеді. Яғни бір компанияның республика көлемінде бір телеарнадан басқа арналарға оператор болуына тыйым салу туралы норма қажеттігі туындап тұрған. Алайда әлденеше телекомпанияларға қожалық ететін Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің жақтастары мұндай нормаға тосқауыл қойды. Сөйтіп, ақыры қайшылықтары көбейген бұл жоба мұрағатқа кетіп тынды.

Алтынбек 2004 жылы 12 шілдеде екінші рет Ақпарат министрі болып тағайындалған күні арнайы
саяси мәлімдеме жасады. Онда: «Мен өзімнің саяси ұстанымдарым мен көзқарастарымнан бас тартпайтынымды, сондай-ақ «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы болып қала беретінімді қадап тұрып мәлімдеймін. Ақпарат министрі ретінде мемлекеттік қыз­меттегі тәжірибеме және Мемлекет басшысының қолдауына арқа сүйеймін, сондай-ақ қоғам алдындағы үлкен моральдық және адамгершілік міндеттемелеріме табан тіреймін» делінген. Осы мәлімдемеде саяси реформаларды жүргізуге барынша мүмкіндік туғызуға тырысатынын айта келіп, өзара бір-бірімен өте тығыз байланысты үш бағытты атап көрсетеді. Олар әділ де адал сайлау өткізу, БАҚ туралы жаңа заң қабылдау, азаматтық қоғам мәселелері және демократияландыру жөніндегі Ұлттық комиссияға демократиялық күштерді белсенді қатыстыру. Алтынбек осы сайлау президент пен демократиялық күштерді жақындастырады ғой деп шын көңілден сенді.

 Бірақ оның ешқайсысы жүзеге асқан жоқ. Арада екі ай өткен соң 2004 жылы 20 қыркүйекте «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы, Қазақстан Республикасының Ақпарат министрі Алтынбек
Сәр­сенбайұлы арнайы мәлімдеме жасап, «сайлау науқанына бастан-аяқ белсене араласып, халықтың өз еркін білдіруі мен дауыс беруін көпе-көрнеу бұрмалап, қилы құйтырқы әрекетке барғаны үшін мен үкіметтің құрамында қала алмайтынымды және атқарушы биліктің қолжаулығы бола алмайтынымды мәлімдеймін» деп өз еркімен жоғары деңгейдегі қызметінен кетті.

Ресей оппозициясының жетекшісі Борис Немцов «Билік халықтың бақылауында болуға тиіс, ең бастысы кабинеттер дер кезінде желдетіліп тұруы керек», – дейді екен. Алтекең де осы қағидаттар жолында өзінің «майлы шелпегінен» бас тартты. Күрестің ауыр кезеңіне аяқ басты.

«Мәскеудегі елшіліктегі жайлы қызметті тастап, одан кейін де ұсынылған қызметтерден бас тартып, соңғы тағайындалған баспасөз министрі қызметін екі айдан кейін жария түрде қалдырып, саясаттың күйіп тұрған ортасына бардым. Қоғамды, мемлекетті демократияландыру, әділеттілікті орнықтыру, саяси өзгерістер жасау арқылы адамдардың өмірін жақсартсақ деген мақсат мені күрес алаңына шығарды» (А.Сәрсенбайұлы. «Таңдау жасар сәт туды», Алматы, 2006 ж, 90-б), дейді Алтынбек бұл туралы.

«Время» газетінде ол қаза болғаннан кейін жарияланған соңғы сұқбатында өзектілігін әлі күнге жоғалтпаған пікірлер бар. «Қазақстандық бұқара үшін сайлаудың берген түгі де жоқ, өйткені қоғамдық институттар жетілмеді, ал азаматтық қоғам алға жылжымады. Жұрт таяу кезеңде елдегі саяси жүйе қандай болатыны туралы сұрақтарына жауап ала алмады. Елдің даму векторына, мемлекеттің таяу­дағы 20, 30 жылда ұстанатын стратегия­лық бағыты, қазақстандықтар­дың өркениетті сайлауға ұмтылысы, жаһандану дәуіріндегі Қазақстанның орны мен рөлі туралы байыпты пайымдаулар жоқ. Бұлардың орнына зейнетақы мен жалақының мөлшері туралы мардымсыз сауда-саттық жүрген, оның өзін инфляция мен тоқтаусыз өскен баға жеп қойды», (газета «Время», опубликованный интервью Вадима Борейко. 11-февраля, 2018 г), – дейді ол.

Адам баласы жылдың барлық маусымын шүкіршілікпен қабыл ететіні сияқты саясатқа келген адам бәріне дайын болу керек. Алтынбек өзіне төнген қауіпті сезді. Тісін қайрап жүргендер аз еместігін онсыз да аңдайтын. Бірақ соның бәрін біле тұра өзі таңдаған әділет жолынан таймады.

Алтынбек биік мансапты аңсаған емес. Халыққа қызмет етуді қалады. «Менің президенттікке еш құмарлығым жоқ. Менің мақсатым – елдегі жағдайды жақсы жағына қарай өзгерту. Қазба байлыққа аса бай мемлекеттің азаматтары да сол тәңір сыйлаған байлыққа сәйкес жақсы, бақуатты өмір сүруі керек. Мен осыны қалаймын» дейтін ол.

Әлбетте, демократиялық реформаларсыз Қазақстан бүгінгі дағдарыстан шыға алмасы анық. Бірақ түптің түбінде Қазақстанның тәуелсіз де демократиялық мемлекет боларына күмән жоқ. Осы жолғы күресте мемлекетшіл тұлға, табиғатынан
демократ Алтынбек Сәрсенбайұлының да айтулы үлесі бар екендігі анық!

Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ (ТОҚАШБАЕВ),

жазушы-публицист, Қазақстан

Педагогикалық Ғылым академиясының

 академигі, профессор

1999 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы