• Тұлға
  • 01 Желтоқсан, 2022

КІСІНІ ҚАРТАЙТПАЙТЫН КІСІ

Алпысқа келге талай адамдарды білемін. Түкті де тындырмай, қыбыр-жыбырмен жүріп өмірден озды. Ал Бижомарт Қапалбек осы жылдар аралығында талай іс бітірді. 15-20 жыл бойы өзі оқыды, білім алды. Балаларын тәрбиелеп, өсірді. Оларға білім берді. Өзі ғылым жолына түсіп, 1999 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Толып жатқан ғылыми кітаптар мен ғылыми-көпшілік мақалалар жазды.
Мен ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет істейтінмін. Бижомарт Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология факультетін бітіріп, Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып келді.

Бір институтта біраз уақыт бірге қызмет істегеннен кейінгі менің көзім жеткені: Бижомарт кең пейіл, ақ жарқын адам. Ол кісіліктің, кішіліктің жолын ұстана да, сақтай да біледі. Университеттен алған білімі мен өмірден алған үлгі-өнегесі мол. Ең бастысы өз мамандығын сүйеді, еңбекқорлығы тағы бар. Мен Бижомарттың бойындағы үш қасиетін аса жоғары бағалаймын. Ол қасиеттер: ақылды адам, үлкен ғалым, ұлағатты әке.

«Ақыл – Алладан» деп жазылған Құранда. Бижомартты құдай ақылды етіп жаратқан. Ол өзінің осы ақылын адами жол мен ғылым жолына жұмсап келеді.

Құдай берген ерік-жігері, қайрат-күші өте мол. Ол өзіне бір нәрсе керек болса, соның бәрін, ешкімге жалынбай-ақ, ешкімнен сұрамай-ақ өзі жасап алады. Нені болса да ешбір айғай-шусыз, дақпыртсыз, мақтанышсыз өз бетімен тындырып тастайды.

Бижомарт ҚР Ғылым Академиясына қарасты Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтында аға ғылыми қызметкер, Грамматика бөлімінің меңгерушісі (2000–2007 ж.ж.) болып, абыройлы да табысты қызметтер істеді. Талай ғылыми жұмыстарды да, қоғамдық қыз­мет­терді де істеп, емін-еркін жүретін. Бір күні «Бижомарт Тіл білімі институтынан кетіп қалыпты» деген сөзді естідік. Сөйтсек ...

Мемлекеттік тілдің жағдайы Бижо­март­тың жанына қатты батқан болу керек,оның үстіне А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы ғы­лыми-зерттеу жұмыстарының жүргі­зілуіне ол риза болмады ма, әйтеуір, 2007 жылы өзі қызмет істеп жүрген Тіл білімі институтынан өз еркімен кетті де, мемлекеттік тілді үйрететін Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы «Тіл орталығына» барып, сонда директорлық қызмет атқарды.

 2009 жылы ол жерден де өз еркімен шығып, өзі дәл сондай жекеменшік «Оқу-әдістемелік орталығын ашып алды. Кейін (2011 ж.) сол «Мемлекеттік тілді дамыту» орталығын «Мемлекеттік тілді дамыту институтына» айналдырды. Институт мемлекеттің гранттық қаржыландыруы бойынша жобалар ұтып алып, сол қаржымен жұмыстарын жалғастырып келеді.Қазір «Мемлекеттік тілді дамыту институтында» лингвистикалық зерттеу, ғылыми-әдістемелік, аударма, баспа бөлімдері үздіксіз жұмыс істеп келеді.

Міне, содан бері, 13 жыл уақыт өтіпті. Институт қала халқының игілігіне әлі күнге дейін қарымды да қарқынды қызмет көрсетіп келе жатыр. Қазір институтта 20 шақты қызметкер жұмыс істейді. Оның 13-і ғылыми қызметкерлер. Қалғандары – мемлекеттік тілді жақсы білмейтін қала балалары мен ересек адамдарын оқытатын мұғалімдер.

Бижомарт Қапалбек басқарған «Мем­лекеттік тілді дамыту институты» тек мемлекеттік тілді үйретіп қана қоймайды, сонымен бірге, ол мемлекттік тілді зерттеумен де, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жазумен де айналысады. Саралап айтар болсақ, институт қызметкерлері істеп, бастырып шығарған монография-лар мен әр түрлі сала қызметкерлеріне арналған «Қазақ тілі» атты оқулықтар, грамматикалық анықтағыштар,түрлі аударма сөздіктер, мектеп мұғалімдеріне арналған көмекші құралдар,орысша-қазақша іс-қағаз үлгілері, т.б.осылар сияқты көпшілікке керекті толып жатқан еңбектер.

Бижомарт – докторлық диссертация қорғаған жоқ, бірақ ол ешбір ғылым докторынан бірде бір кем емес. Оған куә – оның қатысуымен тіл біліміне байланыс­ты жазған ғылыми еңбектері. Солардың ішінде әсіресе жазысуға ақ тер, көк тер болып атсалысқан, олардың басылып шығуына ұйытқы болған «Жұмсалымды грамматика» (2016) мен «Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар» (2015 ж.) атты монографияларды ерекше атауға болады. Бұлар – бүкіләлемдік тіл білімінің соңғы жаңалықтары мен жетістіктеріне сүйеніп жазылғандықтан, олардың тіл білімі үшін маңыздылықтары мен құндылықтары өте жоғары.

 Аталған кітаптарды жоғары оқу орын­дарындағы филология факуль­тет­терінде оқулық ретінде пайдалануға әбден болады.Әсіресе «Жұмсалымды грамматиканың» орны ерекше. Сондықтан осы кітаптағы тақырыпқа сай авторлар ұжымы жасаған ғылыми тұжырымдарға (тақырып жетекшісі, әрі авторлардың бірі – Бижомарт Қапалбек) аздап қана тоқтала кетейін.

Дүние жүзіндегі барлық тілдерді зерттеуге нысан болған – тілдік бірліктерге 1) сыртқы форма (тұлға), 2) ішкі мазмұн (мағына), 3) қолданыс (жұмсалым) және 4) қызмет (функция) деген сипаттар тән екендігі бешенеден белгілі. Оның осы қасиеттерінің қайсысын алға шығаруымызға байланысты тіл білімі «құрылымдық (структуралық) тіл білімі», «қолданымдық (жұмсалымдық) тіл білімі», «қызметтік (функциялық) тіл білімі» деп бөлшектеніп қарастырылып келді.

«Жұмсалымды грамматиканың» авторлары «жұмсалымды тіл білімі» деген атауды (терминді) таңдап алып, оны «құрылымдық тіл білімімен» салыстыра зерттейді. Бұл салалардың бір-бірінен онша үлкен айырмашылықтары жоқ. Ұғымы, түсінігі жағынан олар бір-біріне өте жақын.

Солай бола тұрса да, «Жұмсалымды грамматиканың» авторлары «құрылымдық тіл білімі» мен «жұмсалымды тіл білімінің» арасындағы бірнеше айырмашылықты атап көрсетеді.

Жоғарыда аталған екі кітап осыдан 10-15 жылдай бұрын басылып шыққан болатын. Кейінірек Бижомарттың басшылығымен тағы екі монография жарық көрді. Олар –«Ұлы дала ойшылдарының әлеуметтік лингвистикалық тұжырымдары» (2021 ж.) және «Қазақстандағы жастардың тілдік сәйкестілігі» (2022 ж.) деп аталатын кітаптар.

 Осы жерде тіл білімі үшін бұл еңбек­тердің де маңыздылығы, пайдалылығы жоғары екендігін баса айтқым келеді.

Оған тән жақсы қасиеттердің бірі – оның еңбекқорлығы. Мен Бижомарттың еңбексіз жүрген кезін көргенім жоқ. Қашан көрсең де, мейлі институтта болсын, мейлі үйінде болсын, ол әйтеуір бір нәрсені жазып жатады.

Бижомарт қазір қолданыста жүрген 2-нші, 4-інші, 5-інші 7-8-інші және 10-11-інші сыныптарға арналған «Ана тілі»,«Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» оқулық­тары авторларының бірі. Бұл оқулықтар кітап болып басылып шығып, күні бүгіндері мектептің мұқтаждықтарын ойдағыдай өтеп келеді.

Жалпылай алғанда, Бижомарт бүгінгі күнге дейін 300-дей ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. Өзінің ғылыми жұмыстарын ілгері жылжытумен бірге 2013–2015 жылдары ҚР Мәдениет және Спорт министрлігіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы «Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының» директоры болды. 2016–2021 жылдары ол «Лұғат» қоғамдық қорының президенті, 2021 жылдан бастап Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті қызыметін қоса атқарады.

Бижомарт басқарып отырған «Мем­лекеттік тілді дамыту институтынның» қызметкерлері 2016–2017 жылдары Терми­нологиялық комитеттің келісімімен «Терминологиялық Хабаршы» журналын шығарып тұрды. Ал қазір, екі жыл болып қалды, «Туған тіл» деп аталатын еларалық қоғамдық-саяси, әдеби-ғылыми альманахты бастырып шығарып жүр. Ол материалдық жағынан бай болмаса да, рухани жағынан өте бай. Ол жоққа мойымайды, барға дандайсып кетпейді. Қандай жағдай болмасын қолындағы барын елмен бөлісіп, солардың қалың ортасында бірге жүреді.

Адам баласы бастық болғандығымен, байлығымен емес, мінезімен есте қалады. Пай­ғамбарымыз хазірет Мұхаммед Мұстафа салаллаһу алейһи уәссәлләмның хадистерінде: «Араларыңдағы жақсы адам­ның кім екенін айтайын ба?... Ол – ашу­ланбаған адам. Егер ашулана қалса, өзін-өзі ұстаған адам» – депті. Мен күні бүгінге дейін Бижомарттың ашуланғанын көрген жоқпын. Ол әрқашан ашуды ақылға жеңдіреді.

Сайып келгенде адамның мінезі – оның кім екендігін көрсететін шарайна. Сол айнадан мен әр уақыт ақылды, парасатты, салмақты, мінезді Бижомартты көремін. Бір салада қаншама жыл бірге қызмет істеп жүрсек те, мен оның тоң мінез танытқанын, басқалармен ірі сөйлескенін, ғайбат айтқанын немесе біреулерді ренжіткенін білген емеспін. Кімдермен болса да ол тең дәрежеде сөйлеседі, кімдермен болса да жақсы қарым-қатынас жасаса алады.

Ол әр уақыт көп үшін қызмет етуге әзір тұрады. Өзі өмірін арнаған мемлекеттік тіл – қазақ тіліне байланысты ғылыми конференцияларға, семинарларға қатысып, көтерілген тақырыптарға байланысты өз тұжырымдары мен пікірлерін ашық айтып жүреді.

Ауыл ақсақалдары «Адамды екі нәрсе қартайтпайды: Бірі – жақсы мінез, екіншісі – жақсы сөз» – деп отыратын. Оның бір басында осы қасиеттердің екеуі де бар. Осы тұрғыдан мен «Бижомартпен бірге қызмет істеген, онымен бірге жүрген адамдардың ешқайсысы қартаймайды» деген болар едім. Өйткені жоғарыда айттым, оның мінезі жайдарлы, үнемі жадыраңқы көңіл-күйде жүреді. Жанындағы адамдардан ол өзінің жақсы сөздері мен ақ тілектерін ешқашан аяған емес.

Тағы да сол хадисте: «Адамның ең жақсысы – өзгелерге пайдасы тигені» деген сөз бар екен. Бижомарттың қашан болса да өзгелерге көмектесіп жүргенін көресің.

Бижомарт Қапалбек 2014 жылы менің «Қазақ тілінің түсіндерме сөздігі» (15 томдық ҚӘТС-ке қосымша) деп аталатын 59,1 баспа табақ болатын сөздігіме жауап­ты редактор болды. Ол аздай-ақ, осы сөздіктің баспадан басылып шығуына бір кісідей-ақ ат салысты. Бір менің ғана емес, А.Сейтбекованың 450 беттен тұратын «Араб және парсы сөздерінің түсіндірме сөздігін» де шығарып берген Бижомарт.

Оның бір нәрсеге жаны қысыла қалса, қинала қалса, оған шапағатты қолдарын созатын, сүйеу болатын адамдар көп. Солардың бірі – жұбайы Гүлзия екеуі алақандарына салып, мойындарына мінгізіп, бағып-қаққан, оқытқан, білім беріп, азамат етіп шығарған ұлдары. Тұңғыштары Нұржан мен одан кейінгі ұлы Мағжан оқуларын бітірді, ер жетті, үйленді. Қазіргі кезде олардың да өз бала-шағалары бар. Әрқайсысы тиісті қызметтерін істеп, Алматы мен Астана қалаларында жүріп жатыр. Кішілерінің бірі – студент, екіншісі – мектеп оқушысы.

Амандық болса, бұлар да ертеңгі күні ер жетіп, әке-шешесінің бір жағына шығатын күн алыс емес. Лайым, солай болғай! – деп тілеймін.

Байынқол ҚАЛИЕВ,

флология ғылымының

докторы, профессор,

Қазақстан жоғары мектебі

 

830 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы