• Тұлға
  • 05 Қаңтар, 2023

Сазсандық

Сыр сандықты ашып қара, 
Ашып қара, сырласым… 

Сәкен Сейфуллин 

Көк текпішегіндей торғын тау бұл тұста жатаған жоталарына жайылып, шығысқа қарай құйқалы шоқат-шоқат ұшы-қиырсыз құмдауыт далаға ұласса, батысы боз жусан, бетеге, шағыр мен шеттігі қалың бел-белесті қойнау-қолат ұлы дария Сыр арқылы Тұран ойпатына дейін созылып, кішігірім сансыз бұлақтар мен өзеншелер өрнектеген өлкенің Көсегенің Көк жоны; түстігі тәңір таулардың мәңгі мұзарттарынан бастау алатын Сарысу мен Таластың аяғы құрдымға құйып, көл-көлшіктерге бытырап кетеді. Бұнда сан тарапты көздеп өмірдің ұлы көші ұбап-шұб ап жатады. Соның ішіндегі Көсегенің Көк жоны жапсарлас Бәйдібек, Сарысу мен Созақ аудандарына ортақ. Аңызда ну қамысты шудан нән жолбарыстарды аулап қайтқан Қамбар батырдың жолын тосып, күтетін қыз Назымның жайлауы осы деседі. Ертеде Досан-Қарбас ұжымшары да бұл жазықта жер айдап, тұқым септі. Қолсоқпақ пен қысымға көнбегендер сәтсіз Созақ көтерілісінде («Аллаһу») бұлқынып, қарша жауған оққа қарсы дырау қамшы, сойыл, бақан-таяқ алып шығыпты. (Әй, аңғалдық-ай!..) 

 

Жарғақ құлақты пенденің ешқайсысының аяғы көктен салбырап түскен жоқ. Егін-тегін таратсақ, ол да осы жерұйықтай атақоныста туып өсті. Кәдімгідей әке құты, ана сүтінен ержетіп, қазақ ән-күйлерінің алтын қайнарынан қанып ішті. Әлі күнге дейін Ықыластың қара қобызы мен Сүгірдің сары домбырасының сиқыр үні естіліп ызыңдап тұрғандай. 
Құмкентпен Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы көне Саудакент қатарласып, қанаттас қатар жатыр, бір-бірінен онша қашық емес. Таяқ тастам жерде Баба Түкті Шашты Әзіз одан әрі күллі түркі дүниесінің таңғажайып тұлғасы Құл Қожа Ахмет Яссауидің ақыреттік досы, ақырғы сапарында мейірсу (атаукере) берген, бағзы баба Қарабураның зират-кесенесі. Бұнда да аңыз бен ақиқат жетеді.
Қол күшін құртып, қара құрылықтан құлдар тасыған конкистадорлардың жауыздық басқыншылығы мен отаршылдығына дейін әр мүшел сайын Алтай жақтағы киелі орынға келіп, тәу етіп қайтатын Америка үндістері сықылды арғы бабалары да туған топырақ атамекенге (Еділ-Жайық бойы) бірнеше мәрте қайта-қайта арып-ашып барып, аунап-қунап мауық басқанмен бірте-бірте Сарыарқаның түстік беті (Жетіқоңыр) мен Бетбақтың бедірейген бұйраттарын жерсініп, кіндігі байланыпты…
Музыка – жанның мүлтіксіз мінәжаты. Әйтпесе, бозторғайдың шырын шырылы, сандуғаш құстар мен бұлбұлдың бал даусының әсер күші неде? Желдің уілі мен гуілі, тамшы тырсылы, бұлақтың былдыры, құрақтың сыбдыры, табиғаттың тылсым тілі, шолпының сыңғыры, ботаның боздауы, құлыншақтың шіңгір-шіңгір кісінеуі қырдың дыбыс байлығын паш ететін.
Көшпелілердің пешенесіне жазылған халықтың музыка фольклоры қандай ұшан-теңіз асыл қазына. Оны тиіп-қашып дәмін татқандар да, кәнігі кәсіпқой тісқаққан зерттеушілер де жасырған емес. Асылды қасақана жасытып жүргендердің зауалы өзіне.
Қазір ұлттық музыкалық фольклорды барынша беріле зерттеп жүрген жан бар ма? А.В.Затаевич сірескен сеңді бұзып, қазақ әндері мен күйлерін қысылтаяңда жиып-теріп, жүйелеп, өз бидайын өзіне қуырып бергендей етіп, орасан рухани байлықты үйіп-төгіп иесіне қайта ұсынса, А.Жұбанов  шығармашылық шалғынында ат (пырақ) шалдырып, аяқ суытып өтті. И.Жақанов қопарып, талдап, алтын тамырына терең үңіліп, қаза зерттеді.
Уақыт – сыншы. Әрқалай әр кезеңде олар өмір сүрсе де перзенттік парызын адал атқаруға тырысты. Бұл тұлғаларды бір-біріне қарсы қойғандық емес. Қыруар асыл қазынаны игерудегі дәстүршілдік пен жаңашылдық жалғасындай.
1920 жылы сонау Варшавадан келіп, «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 500 әнін» жарыққа шығарған А.В.Затаевич те «Әр ән – бір опера» десе де ішкі әлемін ақтарып, тамаша табиғатын аша алған жоқ. Академик Ахмет Жұбанов та таңсық тақырыпқа тереңдеген емес. Басқалар да жеңіл қарпып, ат үсті әрекет етіп жүр. Бұлай десек ешкімнің шамына тимейтін шығар. Бұл саланы Ілья Жақановтың қал-қадырынша бағын ашып жүргені жұртшылыққа аян, онша асыра айтқандық емес. Қабырғалы қаламгер, саңлақ сазгер бола тұрып, сырлы саздың майталман суретшілігі мен зерттеушілігін қосса бір кісіге аздық етпейді. Ол тау мен дала түлеткен түз түлегі. Ешқандай сөзбұйданың керегі жоқ. І.Жақанов ұлттық мәдениеттегі ерекше және қайталанбайтын құбылыс. Қазақ бұндай тұлғаларды сегіз қырлы, бір сырлы деп әспеттеген. Қанша қырнаса да жарқырай беретін асыл тастарды меңзей тұспалдады.
Адамзат өмірінде әртүрлі әпер­бақандық болды. Кітап өртегендер кездесті. Тарихтағы қазақ тағдыры ауыр. Ол қандай құқай көрмеді? Оның ән мен күйі жазаланды деген әсіре тағы жабайылық қана емес, нағыз жауыздық десе де болатындай. Марқұм Жәнібек Кәрменов ХХ ғасырдың отызыншы жылы қазақтың 200 аса ән-күйлерінің сотталғанның айтып жүретін. Ондайды басқалар да бастан кешірді. «Жиырмасыншы-отызыншы жылдары қазақтың көп әні жаңа социалистік қоғамның насихат құралына айналып, өзінің о бастағы сөзінен, мәнінен ажырады, – деп күйзеле жазды І.Жақанов. «Жүрек пернесінде – сол кездерде колхоздастыру, сауатсыздықты жою (Ликбез- А-С.Н), әйел теңдігі науқаны басталғанда Үкілі Ыбырайдың «Толқын» әні «Елім бар колхоз болып дүрілдеген деп, «Ақбаян» әні» «Ой Ленин, қараңғыда көп елің» қайырмамен, «Балхадиша» әйел теңдігін шенеген (әлгі сөзін жазған Мақсұтбек Майшекүн 1939 жылдан бастап радионың музыка редакциясында қызмет еткен – І.Ж.) ән боп шыға келді. Үлебайдың «Дударайы» ұлттар достығы саясатына орай көрер көзге Мариям Жагорқызының әні боп ел санасына еріксіз сіңді. Ықылым заманнан бері қылау түспеген әндеріміз «Жаңа сипатқа» ие болып құбыла қалды. Әндердің тәлкекке түсуі осылай басталды. Ондай дәлдүріштікке Ақанның «Балқадишасы» да, өзге де туындылар ұшырады. 
Дала дарабоздары ғаламшарлар мен жер шары, жаратушы мен жаратылыс, сөз бен саздың  үйлесімін нәзік сезінгеніне онша таңқалуға болмайды. Ақындар мен жыраулар, әншілер мен күйшілер, сал мен серілерге бұл қасиеттерді құдай дарытады. Оның кеудесі – сазсандық, Жан жұмбағын шешу үшін нәйегі бір тетігін бұрап қалсаң бүкіл болмыс бітіміңді жаулап, ән мен күйдің ыстық ырғағы саулап қоя беретіндей. 
Еріксіз еске түседі, бір оқырман кездесу кезінде қатты састырғаны бар. 
Осы пианиноны күйсандық деп жаңылыс тәржімалап жүрген жоқпыз ба? Музыка жанрының басқа саласы симфониялық, кантата, ән қайда қалады сонда? 
– Сазсандық ше? – дедім құтылғым кеп...
– Бұныңыз жобаға жақындайды. 
Мен қызарақтап төмен қарадым. Біз қаншама көрермен мен тыңдарман­ның талғам мен талабына қарама-қарсы білгенсіп күштеп таңып қиянат жасап жүреміз. Шынында да ойлану керек сықылды... 
Өз замандас әріптесі хақында вальс королі Шәмші Қалдаяқов та ой қозғап, оны ортаға салыпты: «Мен өзгеше сыйлайтын тағы бір композитор бар. Ол – Илья Жақанов Бір ғажабы сол әндерінде қырғыз ағайындардың мұңлы сарыны бар. Бірақ онысы қазақтардың шерлі әуендеріне ерекше бір жаңа мазмұн беріп, тек Ильяға тән әндер туады. Сонымен қатар жазушылығы, музыка зерттеушілігі ше? Біздер атын естігеніміз болмаса, өмірлерін біле бермейтін халық композиторларының шығармашылығын нағыз білгірлікпен зерттеп, олардың өмірі жайлы да құнды деректер берген Ілияның еңбегін қазақ музыкасына қосқан елеулі бір үлес дер едім». Биік баға!.. 
Әрине, халықтың көзайымына айналған әннің туу тарихи оқиғаға жатады. Сөйтсек, Біржан салдың «Айбозымы» дүниеге қалай келді? 
«Бір жолы шілде айы өстіп бір айыққан кезім. Айшуақ атамның асыл жануарлары ғой. Соның бірі айдай сылаңдаған Айбозымға мініп, көңіл шіркін жеделдете сүйреп қараоба жайылмадағы Керейге тартты. Неше күн сайран салдық есімде жоқ. Бір күндері мауқымды басып елге қайттым. Айдалада аңырата шаптым. Ол күш маған қайдан бітті, оны да білмеймін. Қайран Айбозымды ақ сабын ғып терлетіп, қатты қинадым, жынды адамдай екілене қамшылап. Ауыздығымен алысып арындап шапқан Айбозым бір кезде қара жер төңкеріліп кетті ме, құдай-ау, омақаса кеп құлады. Одан кейін не болды? Екі көзі адамның көзіндей жәудіреп тұяқ серппей жатқан жануарыма қарап, жүрегім тілім-тілім боп. 
Айбозым, айқай бозым,
даңғыл бозым,
Ел шалғай жүре алмадым 
жалғыз өзім, 
– дедім тер жуған басын құшақтап.
Иландыра ма? Имандай ұйытады. Композитор композитордың жанын түсініп, сұрапыл сөзіне ортақтас­қандай.
Ақансерінің «Балқадишасы» ше:
Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік, 
шіркін-ай, тал Қадиша!
Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат бізден сізге, амал не, 
бар, Қадиша!
Дегенде Балқадиша, Балқадиша, 
Боларсың біздің сөзге, 
дүние-ай, зар Қадиша! 
Бұлаңдап асау тайдай 
жүрген басың, 
Боларсың қандай жарға, 
дүние-ай, жар Қадиша! 
Басынан Жыландының құлағаным,
Кекілін кербестінің шіркін-ай, 
сылағаным. 
«Кетті» деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құз-жартасты, 
шіркін-ай, жылағаным! 
– деген іңкәр жүрек лүпілі «Балқадиша» әні боп өзек жарды. Мұндайға сенбесіңе бола ма? Иә, оқиға ойдағыдай өрбісе де өзекке өрт түсіреді. Жастық, сұлулық, өмірге ғашықтық пен ғадауаттың қайсысы жеңеді?
Таныс тақырыптарға келгенде сазгердің қаламы жүйрік, жорға. Барқадар тауып байқағаны мүлтіксіз көздеген нысанаға дөп тиіп жатады. І.Жақанов сөз бен саз үйлесімін күйттейді. Әуелден әдебиет пен өнер егіз екенін Махамбет күйлері, Абай әндері, Ахметтің «Аққұмы», Жүсіпбектің «Қызыл бидайы», Мағжанның «Дайдидауы», Сәкеннің «Тау ішінде», Қасымның «Дариғасы...» дәлелдемей ме?
...Жоқ жоқты табады. Мәскеуде кездейсоқ «Ақбала – Боздақ» дас­танынан үзінді оқып соңы қайда деп жүруші едім, қайтадан жаңа нұсқасын кездестіргенде жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Өзінің баян­дауынша І.Жақанов 1995 жылы күзде аймаңдай ақын Қуандық Шаң­ғытбаевтың мерейтойында осы адас әнді Маңдайлы атты азаматтан жаздырып алады. Бізге жеткен жұқанасына қарағанда ол тек айтыс емес.
Және қай жылы екені белгісіз Көкбай Жаңатайұлының естелігі бойынша, Абайдың тоғайда келе жатып, Боздақ пен Ақбалаланың сөз қағыстыруындағы: 
Бір қораз, бір мекиен талда 
ойнайды,  
Адам түгіл хайуан мал да ойнайды. 
Құдайым бір нәрсеге бастап жүрме? 
Алдымыздан кез келген аң да ойнайды, – дейтін шумақты бөле жарып «мынаны жазған кісі ақын» екенін ескертіп, қатты сүйсінгенін айтады. Сонда хакім мен қасындағы шәкірттері нені тыңдады? Дастанды ма, жоқ, әлде әнді ме? 
Берлинде туып, Петербургқа келіп ірі оқымысты лауазымындағы В.В. Радлов (Фридрих Вильгельм) – (1837–1918 ж.ж) атақты шығыстанушыға айналады. Ол жиып терген еңбегіне төмендегідей түсініктеме береді: «бір Боздақ деген жігіт Ақбала деген қызға ғашық болып, екеуінің қосылғанын әкесі біліп, «осыған қызымды бермеймін» деп айырыла көшті. Алысқа кеткен соң Боздаққа әкесі жігітті айттырған қайнына жібереді. Қайнына қайтып ғашық қызының жеріне келеді. Келсе ғашық қызы өліп қапты, бейттің басына жатып өлең айтты жігіт. 
Боздақ 
Әуеде ызылдайды жасыл сона, 
Қалыпты жаз жайлауда, 
жалғыз мола. 
Тілеуің мен кеткенде таза – ақ еді, 
Болмасын Ақбала қыз, Алдатағала? 

Саламын қоржыныма 
тарымды ақтап, 
Атымды қамшылаймын екі жақтап. 
Жасырын алтын- күміс, тұл тақияң, 
Қалыпты айдалада бейіт сақтап. 

Ақбала
Жайлауы еліміздің құм еді ғой,
Базарға мал айдаса пұл еді ғой.
Басыма келіп жатып өлең айтқан
Қайғырған қайсы байдың 
ұлы еді ғой.

Боздақ
Арқаның аққайыңнан ерімді 
тоздап келдім, (?)
«Өлігін кімнің қойған?» деп 
ойлап келдім.
Бір бата кім де болса қылайын деп,
Жалғызы мен Бөртенің 
Боздақ едім.

Ақбала
Айтамын айт дегенде, Ақбалашым,
Немді айтып өлгеннен соң 
мақтанамын.
Жалғызы сен Бөртенің 
Боздақ болсаң,
Жалғызы мен Қырғидың 
Ақбаламын.

Боздақ
Ақбала қыз екенсің танып тұрмын,
Лапылдап тал отындай 
жанып тұрмын.
Табысқан тар төсекте тату едім,
Ойыма «Тұра ма?» деп 
алып тұрмын.

Ақбала
Айтамын айт дегенде қызыл тілім,
Үй қылдым қазғаннан соң 
жердің түбін.
Қызыл тіл кейде келсе, 
кейде келмес,
Бейіттен мына тұрған 
шықпай денем.
Жанры айқындалмаған бұл шы­ғарма ғұлама ғалым өлгеннен кейін алғаш рет Мәскеуде басылатын «Темірқазық» журналында жарияланды. Айтушы Ілияс Баймағамбетұлы, жинаған Мәди Жұматаев. Қалай болса да айтыс түрінде берілетін толғау-дастан трагедияға толы, тіпті кей тұстары «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырын елестетеді. Мұңлы махаббат драмасы бұл. Қасіретті хикая Қазақстанның Батысынан Шығысына қалай келді? Оны шығарған Бөрте баласы Боздақ кім?
Келген лебізді жұту түкірік емес мәкүрік болмай ма? Оның кей кезде өз- өзін өбектеп, кәкір-шүкірді теріп, майдаланып ұсақтап кететіні бар. Бәлкім, бұндай пендешілікке кешіріммен қарау да керек шығар. Бұндай тұлғалар туралы ақжарылып айтқанда тырнақ астынан кір іздеу жараспайды. Әрине, дегенмен ол кім болса да халық алдындағы парызы мен қарызын өтеп жүр емес пе? Біз де өзімізді сыпайы көрсете білмейміз. Әлде мүмкін мәдениетке төселе алмай жатқан шығармыз әлі. 
Мәскеу өміріне аздап үйреніп қалғандықтан, көпке дейін Алматының әдеби ортасына бейімделе алмай жүрдім. Бір күні баспа басшысы қоңырау шалып, марқұм ағамыз Әзілхан Нұршайықов Бауыржан Момышұлы туралы «Аңыз бен ақиқат» кітабын жазып бітірді, соған жабық пікір білдіруімді өтінді. Әдебиеттің М.Горький атындағы институтын бітіргенімді ескеріп, жанашырлық білдірді ме, әйтеуір лебіз айтуға тура келді. Біраз ақау көрсетілді автор жортақтап, кейіпкердің алдына түсіп кете береді екен. 
Кім дау айтады? Әр әннің өз жаратылысы, өз бағы, өз мінезі, өз тағдыры бар болса, «Еділ-Жайық» кіндігін кесерде табиғат қандай болды екен? «Сұрғылт аспанда мамырлаған қазбауыр бұлттар баяу қозғалады. Жылжиды, жылжымайды. Тұтасып жігі бөлінбейді. Сірескен зіл. 
Көк жүзіне тізбектеле өрнек салып, жылы мекеніне бет түзеген тыр­налардың сыбызғыдай сызылып, жүректі діріл қақтырған аңсаулы үні естілді. 
Алатаудың боз мұнар тұнған бөктерін, кеше ғана желегі желкілдеген Алматы көшелерін... Тротуарлар мен тып-тыныш бульварларда судырай төгілген алтын жапырақтар жаба бас­тады. Жалаңаш қалған бақтарда күміс бұлақтай сылдырлайтын уыз күлкілер де тиылып, енді ақ таң мен маужыр кештерде құйқылжыта, сорғалата тамылжытатын бұлбұлдар да жоқ... бар маң үнсіз тұр. Қым-қуыт тірлігі сапырылысып жататын шулы дүниенің беймаза әлемі саябыр тартып, табиғаттың тағы бір байсалды, сабырлы мезгілі келді. Күз салқыны білінді.
Мен алтын күзді сүйемін? Әлдебір түйсік түртіп тұрғандай. Бір сұрапыл сойқан сезім дауылы келе жатқанын ешкім де, тіпті иесі де байқамағандай. Табиғат, жамиғат, өнер үйлесіп, бір жауһар лағыл төгілетіндей саудырап. Сазгер әлдекімдей әуреленіп, «Адамға табын, жер, енді» демейді. Жанын жаратылыс жомарттықпен әлдиленбейтінін сезеді. Көптен бері бошалатып жүрген «Еділ-Жайық» осылай ешқандай айқай-шусыз, дабырайып өмірге келіп еді.
Біз Алтынорданың мұрагеріміз дегеннен неге қымсынамыз?
Еділ мен Жайық маған да аса қымбат. Оны алыстатқан сайын қоң етімді кесіп алғандай. Кемеге мініп Еділді бастан-аяқ жүзіп өттім, Жайықтың Атырауға құйған айды­нында ақтұңғиықтарды (лотос) иіскеп, құдіретті қағанаттың соңғы аста­насы болған Сарайшықтың ауасымен дем алып, гүлдерінің жұпар исін құшырлана жұттым. Оның төменгі ағысында А.С.Пушкин болған. Әке – Дюма ізі сайрап жатыр, құй сен, құй сен бе, орыстың ұлы ақынына «Қозы көрпеш пен Баян сұлудың» бір нұсқасын жаздырып бергені аздай, тіпті  оны Махамбетпен де кездестірдік.
Бірақ көрмес түйені де көрмес. Мәскеу мен Петербург мұражайында Алтынорда, даланың жәдігерлері толып тұр. Ормандарда тығылып, ыдырап жүрген орыс елінің басын қосып, нығайып күшті мемлекет болуына зор ықпал еткен Алтынорда қалай ұмытылды? Ата-бабалар өткір найзасын жағасына шаншып, дулығасын шешіп, арғымағын суғарған ұлы өзендерге кім жайбарақат қарай алады?
...Орыстың қатын патшасы Е.Пугачевтің есімін ел жүрегінен мәңгі өшіру үшін Еділді Волга, Жайықты Орал, Текені Уральск деп оп-оңай өзгерте салды. Ал біз әлімжеттікті ақтап, басқыншылық пен отаршылықтың сасық исі мүңкитін Павлодар мен Петропавелды ауыстыра алмай пұшайман болып жүргеніміз қалай? Қазақ тарихшылары бұны жақсы білсе де неге үнсіз? Құлдық санадан құтылатын күн бар ма?
Еуразияның тағдырына айналған қос өзен көп ой қалдырады. Мысалы, оның әндері шекара асып («Толағай», «Сарыарқа», «Жайлаукөл кештері» (Қаратау), «Еділ-Жайық» (Орал) т.б. Қырғызстанда шырқалып жүр. Жүректерге де салғаны қанша?
«Еділ-Жайық» қана емес, І.Жақановтың басқа әндері де жұртшылық жылы шыраймен қабылдады. Мәселен, «Жәмила мен Даниярдың» әндеріне кезінде қонаққа келген Пәкістанның үлкен ақыны Ахмад Файыз Ахмадтың ықыласы мен ілтипаты айрықша еді. «Құла түзге қарап, меңірейіп қатып қалған балбал тастай мүлгіп, қараторы жүзі қабарып, қаны қашты. Бар дүниеден оқшауланды. Екі иіні қусырылып, ауыр ойға бата берді. Булықтырған көк түтіннің астында қалды. Ән бітті... Ол сұлық. Жақ ашпады. Тұнжырады. Ішін тарта күрсініп алды. Көзі кілкілдеген жас... Сонан соң бірте-бірте есін жиған жандай қозғалақтап, ептеп, ширап өз-өзіне келді. Тым-тырыс үнсіз отырған жандарға қарап, жүзі жылып, ыңғайсыздана езу тартты.
... Түрмеге әр жылы түсер сәтте полицайлар түртпектеп, дедектетіп алып кетіп бара жатқанда артыма жалт етіп бір қараймын, сонда қиылып жылап тұрған әйелімді мына бір ән есіме түсірді, – деді кірпігінде ыстық тамшы жылт-жылт етіп.
Ұлттың музыка мұрасының тәр­биелік-эстетикалық қуаты күшті, мән-мазмұны бай әрі терең.Саз шығармаларының көркемдік көш-керуенінің жауһар да асыл қасиеттерін өзіміз түгіл өзгелер мойындап айтып жүр. Сол рухани байлықтың енді жоқ­тау­шысы кім? Іңкәр ізденушісі ше?
«Жаныма батып жүрген жәйт – соңғы жылдары бізде тақпақпен әнсымақты «будандастырудан» туып жатқан «замануи жаңа әндердің» сықпыты болып тұр, – деп әріптесіне ашық хат жазып, «Қазақ әндері қайда кетіп барадыны» сұрап, күйзеледі қарт қаламгер Ғаббас Қабышев. – АҚШ-тан шығып, барлық құрылыққа шашылып, бізге де жеткен қырыл-сырылды, қиқыл-шиқыл, алқын-жұлқын «әндерге» еліктеп-солықтаудан шыққан «қазақ әндерін» кейбір әнші қыз-келіншектердің сабан шашын (әзірше соңғы мода) шашып, омырауын ашып, орындауы алаөкпе-желөкпе жастарды еселеп есіртуде.
... Күні кеше Әміре аспандағы аққуға үн қосып, Күләш Иранбақтағы сандуғаш құстар мен бағындағы бұлбұлдай сайраса, бүгіндері Димаш (Дінмұхаммед) Құдайберген азаматтық биік ұстаныммен сұрапыл соғыс ұшқындарына қарсы болып, дүйім дүниеге ұлы дала даусының даралығы мен даналығын танытып жүрген жоқ па?
Ендеше елі соншалықты сабыр­лықпен І.Жақановтан қара қылды қақ жарғандай әділ төрелікті күтеді!

Аян-Сейітхан Нысаналин, 
Қазақстанның құрметті жазушысы

 

1312 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы