• Тіл
  • 25 Мамыр, 2011

Жиенді «немере» деп атауға не жорық?

Кейінгі кездері қала ғана емес, қазағы қалың ауылдардың өзінде кей қарияларымыздың жиенін «немере» деп атай беретінін жиі байқап жүрміз. Рас, атамыз қазақ «қыздан туғанның қиығы жоқ» деп жиенді бөтенсітпеген. Бірақ бұл жиенді немере деп атай беруге болады дегенді білдірмесе керек. Немере – ұлдан туған бала, өз қаның. Кейін қарашаңыраққа ие болуға бірден-бір құқылы да – немере. Ал жиен кім? Жиен – қыздан туған бала. Нағашы ауылдың ерке әрі аса құрметті адамы да – жиен. Дәстүрімізге сүйенсек, «жиен» атауына байланысты түрлі ырымдар бар. Қазақта «Жиенді ұрсаң, қолың қалтырайды» дейді. Яғни жиен нағашыларынан нені қаласа алуға қақысы бар. Ал нағашы жұрты оның қолын қақпауы тиіс. Бұл дәстүр «жиенқұрық» деп аталады. Жиен сол елдің кемшілігін, қатесін әзіл-шыны аралас батыл айтып отырады. Осындай батыл сөздері үшін «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деп әзілмен қағытады. Ал жиен болса «Жиен ел болады малды болса, желке ас болады майлы болса» деп қарсы уәж айтады. Сонымен қатар «Жиен мыңнан үлкен» деп те жиенге құрметпен қараған. Нағашылы-жиенді кездескен жерде бір-бірімен әзілдесіп, ойнап-күліп жатады. «Балалығың ұстаса, нағашыңа бар» деген осындайдан шықса керек. Байқап отырғаныңыздай, жиенге қазақ үлкен құрметпен қараған. Жиеннен туған бала «жиеншар», одан «көгеншар», одан «дегеншар» деп аталады. Сонымен жиен жатжұрттық болып кеткен қыздан туған. Басқа елге немере, ал нағашы жұртына – жиен. Ендеше, жиенді неге «немере» атауымыз керек? Қала берді, қазақ тек туыстық атауға ғана бай емес. Сол арқылы оның тектілігі де көрінеді. Мәселен, басқа ұлттарда туған бөлелер бір-біріне үйленіп, ағайынды адамның балалары қыз алысып жатады. Ал қазақта ондай жоқ. Бөлеге деген құрмет бөлек, жиенге деген ізет те ерекше. Сондықтан бүгін атауды шатастырсақ, ертең кімнің кім екенін ұғудан қалсақ қайтеміз? Ал енді кешегі Кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан, бүгінде қазақы атау тұрмақ, салт-дәстүрдің иісі мұрнына бармайтын ата-апалар «Жиеніңізді неге немерем дейсіз?» десек, өзімізге дүрсе қоя береді. «Мен ұлдың баласы немере екен, қыздың баласы жиен екен деп алаламаймын. Мен үшін бәрі бірдей. Немерем десем не болады екен?» деп беттен алады. Енді бірі «өгізді өлтірмей, арбаны да сындырғысы келмеген» сыңайда сыпайы ғана «жиен немерелерім деп атаймын» деп қойыртпақты жауап қайтарады. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың жиен десе жаны бөлек. Бірақ ол жиенді немере деп атауына жол бермейді. Қала берді, немере сол әулеттің ізін жалғар ұрпақ болса, жиен сол елге жатжұрттық қыздан туған туыс қана. Осыны заманауи ата-әжелер осы ұғымның астарына үңіліп қана қоймай, жиендерін «жиен» деп, немересін «немере» деп атаса екен. Аида ҚОЖАҚОВА

24736 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы