• Тіл
  • 13 Наурыз, 2012

ҚАЗАҚТЫҢ ӘДЕБИ ТІЛІ академик Рәбиға Сыздықованың еңбектерінде қалай зерттелді?

Қалай десек те, ауыспалы кезеңдердегі күрделі өзгерістер өтіп, ана тіліміздің биік көркемдік өлшемдері өзінің дәстүрлі эстетикалық, поэтикалық құндылығы мен әдеби тіл нормаларынан айырылмақ емес. Осы ретте қазақтың мақтан тұтар қайраткер қызы,көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықованың зерттеулеріне зер салуға тура келеді. Ұлттық Ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында көп жылдар жемісті қызмет етіп келе жатқан тілші-ғалым «Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» атты кандидаттық (1959), «Абай шығармаларының тілі» атты докторлық (1971) диссертацияларында да осы қазақ тілінің әдеби нормалары мен поэтикалық ерекшеліктерін зерттеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Ш.Уә¬ли¬ханов атында¬ғы сыйлықтың (1995), ҚР Мемле¬кет¬тік сыйлығының иегері (1996) Р.Сыз¬дықованың «Абай шығарма¬ларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970), «Абайдың сөз өрнегі» (1995), «Жамиғат тауарих» (1989), «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Қазақ тілі орфографиялық сөздігі», «Сөз құдіреті», т.б атты еңбектерінде әдеби тіліміздің өміршеңдігі өзекті мәселе ретінде қарастырылады. Ғалымның «Қазақ әдеби тіл тарихы» оқулығы еліміздің егемендікке ие болып,төл тіліміздің тарихын түгендеу тұсында жазылған болатын. Қазақтың әдеби тілін танытатын үлгілер мен олардың тілдік-көркемдік белгілері сипатталған оқулық 1968,1984 жылдары жарық көргенімен, онда тек советтік кезең қамтылып және сол дәуірдің саясатына сай жазылғандықтан, 1993 жылғы қайта басылымында көне дәуірге көз тігу мүмкіндігі туып,түбі бір түркі жұртына ортақ әдеби мұралары, әсіресе ХV-ХІХ ғасырлар аралығындағы жәдігерлердің тіл мәселелері кеңінен қамтылып, екінші рет толықтырылып басылды. Ірі жеті тараудан тұратын еңбек әдеби тіл категориясының теориялық тұжырымдарын анықтаумен қатар,оның даму барысын дәуірлеу, оларға қойылатын негізгі шарттар мен талаптар, функционалдық стилдері жайлы жан-жақты сөз қозғалады. Айталық, «Қазақ әдеби тілінің қайнар көздері» деген бірінші тарауда «Халықтың ауызекі сөйлеу тілі – қазақ әдеби тілінің негізі», «Орхон-енисей ескерткіштерінің тілі-қазақтың ауызша және жазба әдеби тілдерінің бір арнасы», «Ортағасырлық түркі ескерткіштерінің тілі – қазақ әдеби тілінің қайнар көздерінің бірі», т.б деген мәселелер қарастырылса, екінші «ХV-ХVІІ ғасырлардағы қазақ әдеби тілі» деген тарауда «ХV-ХVІІ ғасырлардағы қазақтың ауызша дамыған төл әдебиетінің нұсқалары және олардың тілін зерттеудегі қиындықтар», осы кезеңдегі ауызша әдеби тілдің лексикалық, грамматикалық сипат¬тары, ондағы көне сөздер, «Сөздік қазынаның нормалану дәрежесі», «ХV-ХVІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясының стильдік-тілдік ерекшеліктері» зерттелген. Әр тақырып қазақ әдеби тілінің этногенезін ұмытпай, дәстүрлі әдеби тілдің заңдылығын, норма-ережесін сақтай отырып, дамытуды дәріптейді. Әр ұлт өзін-өзі сақтап қалу үшін ең бірінші осы тілі мен мәдениетін, болмыс-бітімін, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын ұмытпауы үшін оны сол құнарымен, байлығымен, сөл-шырынымен сақтап, байытпасақ кемітпеудің, жоғалтпаудың жолын іздеу керекпіз. Ол үшін Рәбиға Сыздықова сөз етіп отырған тілдік нормаларымызды, әдеби тіліміздің қолдану заңдылықтарын, сөз саптау ережелерін, айту мен жазу стилдерін сақтай отырып, дамытуымыз, байытуымыз, олардың көкжиегін көркемдеп, кеңейтуіміз керек сияқты. Біз сөз етіп отырған зерттеудің басты мақсаты да – осы.Тілші-ғалым Р.Сыздықова қазақ әдеби тілінің тарихын көне дәуір жәдігерлерінен бастап, олар¬дағы сөз қолданыстар ерекшеліктеріне қарай қазақ әдеби тілін екі кезеңге (ұлт болып қалыптаса бастағанға дейінгі түрі және ұлттық түрі) бөледі: «...Бұл екі кезеңнің аралық тұсы-өткен ғасырдың екінші жартысы, яғни қазақтың ұлттық әдеби тілі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасты деген тұжырымға келеміз», – дейді (8 б). Зерттеуші әдеби тілдің төрт шартын анықтап, оларға ғылыми сипаттама береді: «Әдеби тіл дегеннің ең басты белгісі – оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы керек, бұл – бір. Қызметі жағынан, сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтық қасиеті болуға тиіс, бірақ әдеби тілдердің бір кезеңдердегі жазба түрлерінде әрдайым соңғы белгінің болуы шарт емес. Әр нәрсенің, әр құбылыстың заты (мән-мәнісі,табиғаты) салыстыру арқылы, өзге құбылыстардың қарама-қарсысына қою арқылы таныла түседі. Әдеби тілді тану үшін қарама-қарсысына қойылатын басты құбылыс – ауыз екі сөйлеу тілі. Бұл – үшінші шарт. Әдеби тіл қолдану тәжірибесінде қоғам сынынан, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған және ол нормалар барша үлгілерге ортақ болуы шарт. Бұл-әдеби тілдің төртінші сипаты» (8 б). Бұл сипаттар ғасырлар бойы өз заңдылығынан айнымай келе жатқан тіл нормаларының сапасын танытады. М.Әуезов, тілші-ғалым І.Кеңесбаевтардың қазақтың әдеби тілінің тарихы Абайдан бастала¬тынын, алайда оның алдындағы бай, көне және ауыз әдебиетіндегі салт¬тық,тарихтық жырлардағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытпау керектігін ескерген пікірлеріне сүйене отырып, кейінгі кемелденген, ауызша да жазбаша дамыған ұлттық әдеби тіліміздің тамырымен рухани сабақтастық орнамай оң нәтиже болмасын айтады. Зерттеуші «... құлпытастардағы Күл¬тегін, Тоныкөк, Білге қағандар жа¬йындағы жазу-сызулардағы жоқтау, мадақ ретінде айтылған шешендік сөз үлгілері, өлеңдік ұйқастар, мақал-мәтелді тіркестер болғандықтан, қазақтардағы ақын-жыраулық дәстүрдің кейбір нышандары орхон-енисей ескерткіштері тілінен байқалатынын» /44 б/, қазіргі қазақ әдеби тілінің тарихы сол кезден тамыр алатынын және олардың рухани сабақтастығы әлі үзілмей келе жатқанына баса көңіл бөледі. Біздің ұлттық сөз өнерінің көркемдік дәрежесінің биік, бейнелеуіш модельдерінің молдығын,тілінің байлығын осы бастауларының құнар¬лығынан деп тұжырым жасаған ол ұлттық мәдениеттің тарихтың ұзақ мерзімінде талай өліп, тіріліп, түлеп ұшуға мәжбүр болғанын ғылыми деректер арқылы мәлімдейді. Зерттеуде ғалым ежелгі әдеби жәдігерлердегі көркемдеуіш-бейнелеуіш тәсіл-құралдарды, оның бүкіл қолданыс аяларын қарастыра келіп, олардағы фо¬нетикалық, грамматикалық, лексикалық және көркемдік ұқсас¬тықтардың қазіргі қазақ әдеби тілінде дамып отырғанын нақты көркем мәтіндегі мысалдармен түсіндіреді. Әр қаламгер сөз құдіретін тануда тек өзіне ғана тән шеберлік шеңберінде танылары хақ. Сөз көркемдігін кісі көкейіне қондырып, санасына сәуле түсіру үшін қаламгердің қолынан келері әдеби тілді терең меңгеріп, оның тілдік құралдары мен бейнелеуіштік тәсілдерін жауапкершілікпен пайдалана білуі болса керек. Сөз мәйегіне мән бермеген жазушы суреткер болып жарытпасы да жалпақ жұртқа мәлім. Сондықтан ғалым алдыңғы еңбектерінде айтып жүрген ғылыми ұстанымдарын жалғастырып, көркем әдебиет тілінің қолдану заңдылықтарына нақты көркем мәтіндерді талдау арқылы көз жібереді. Әдеби тіл мүмкіндіктерінің молдығын көркем туындыларда өз өресі мен өнері, талғамы мен таланты тұрғысынан танып, қолдана білген қаламгерлердің шеберлік сырларына, қабілет-қарымына барлау жасаған ғалым қазақ тіліндегі көркем әдебиет стилін, оның тілін зерттеуге елеулі үлес қосады. Кітаптың «Жазушы тілі және оның көркемдік әлемі» деген 1 бөліміндегі «Мұхтар Әуезов – көркем сөздің пірі» атты үлкен тарау аясына жинаған ғылыми концепцияның көксегені «Мұхтар Әуезов тілін тану үшін...» , «Мұхтар Әуезов және көркем проза тілінің бастауына барып», ұлы суреткердің сөз әрлеудегі әдістерін, сөз таңдау мен қолдану тәсілдерін, көркем шығарма шырайын енгізетін автор мен кейіпкер тілі, төл сөзбен авторлық ремарканың ұштасуы (қиюласуы), сөз тіркестіру, сөйлем құрастыру, абзац, период тәрізді синтаксистік құрылым т.б сияқты көріктеу құралдары мен поэтикалық көркем тілдердің сырларына лингвистика саласының өз талаптары тұрғысынан үңіледі. Сан ғасырлық бай тарихы мен рухани мұрасы бар әдеби тілдің ең биік жетістігінің феномені бола білген аса дарынды дара тұлғаның әрбір әңгімесінен бастап,ұлтымыздың ұлы қазынасы болған «Абай жолы» эпопеясына дейінгі тілдік белгілер туралы теориялық талдаулар жасалып, байыпты ой қозғалады. Мұхтар Әуезов шығармаларында әдеби тілдің нормалары сақталып, тұтас мәнді ізденіс іздері мен стильдік тұрғыда өсу үдерісі барлығын аңғартады ғалым. Тіл біліміне қатысты стильдік, тілдік, композициялық-синтаксистік, т.б категорияларды көркем мәтін шеңберінде зерделеген ол «тәсілдің дұрыс қолда¬нылуы жазушының сөз құдіретін тану шеберлігін танытады» деген тұжырымға келеді./38 б/. «Жинақы, үнемді, астарлы тіл» деген тақырыбымен-ақ нысанаға алған жазушысы Шерхан Мұртазаның стилін анықтаған зерттеуші «Қызыл жебе» трилогиясы мен классикалық әңгімесі «Жүрекке әжім түспейдіге» арнайы тоқталады. Кітап авторы «...көркем шығарманың тіл өрнегін суреттеу шеберлігін айту үшін оған қажет фактілерді теріп алу, бұларды талдап айтатын теориялық қағидаларды игеру, ақырында, белгілі бір ғылыми тұжырым жасау керектігін де...» көке¬йінде ұстап, жазушының «жинақы, үнемді, астарлы», яғни «сығымдылық» («сжатость») сипаттағы суреткер екендігіне ерекше назар аударады. «Абай жолы», «Қызыл жебеден» кейінгі талданған Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» атты дилогиясы, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» және Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабозы» атты тарихи романдарындағы көркемдік-эстетикалық ізденістерге «... бірінде – өткен тарихты суреттеу үшін тілдік құралдарды қолдану тәсілдерінің, екіншісінде – шығарма тілінің тарихи стиль тезіне түсуі (историческая стилизация) құбылысының айқын көрінуі, үшіншісінде – тарихи реалийлердің көрінісі себеп болды», – дейді /77 б/. Әр суреткердің даралық стилін ғалым синтаксистік құрылым аясынан табады. Осы ретте: «..Авторлық баяндауда аса күрделі, көпмүшелі ұзақ сөйлемдер едәуір жиі кездеседі және олар көбі¬несе кейіпкердің ойымен, таным-түсіні¬гімен, көзқарасымен берілген текст құрайды», – деген пікір айтады /94 б/. Әйтсе де Ә.Кекілбаевтың тілге, оның әдеби нормасына, жалпы көркем сөз заңдылықтарына, ана тіліміздің сөздік қорына қанық, әрі шешен, әрі көсемдігі көптен көш ілгері екендігін сүйсіне жазуы – сөз жоқ, мейлінше, терең әрі әділ пікір. Ұлттық көркем сөз нормаларының тәжірибе жүзінде қалай қолданысқа еніп жүргенін жоғарыда аталған жазушы¬лардың шығармалары негізінде зерттеген ғалым кітаптың екінші бөлімінде функционалдық стильдер, көркем әдебиет стилі, олардың анықтамалары мен айырым белгілері, көркем әдебиет тілін танудың қырларын, қазақ тілінің ұлттық көркем әдеби нормаларын, әдеби стандарт және нормадан ауытқушылық (лексика саласында), сөз таңдау, сөз таңдаудағы уәжді ауытқулар мен көркем мәтіндегі уәжсіз ауытқулар, т.б сияқты күрделі теориялық мәселелерді зерттейді. Академик Рәбиға Сыздықованың екі еңбегіндегі ғылыми ойлары осылай біртұтас контексті көксеп, күрделі теориялық тұжырымдарды топтастырады. Бүтін бір ұлттың әдеби тіл нормаларын сонау тарихынан бастап, бүгінгі қолданыс аясындағы өзекті мәселелерін жіктеп, жүйелеп таразылауы, шын мәнінде, екінің біріне бұйыра бермейтін ғылыми жетістік. Сондай-ақ тілші маманның «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970), «Абайдың сөз өрнегі» (1995), «Жамиғат-тауарих» (1989), «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1993), «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Қазақ тілі орфографиялық сөздігі», т.б деген еңбектерінде сөз болатын қазақ әдеби тілінің өміршеңдігі көркем туындыны биік рухани өлшемге жетелейтіні сөз етіледі. Көркем тілсіз – эстетикалық сана мен сезімнің суарылмайтындығы, ажарлау, құбылту, айшықтау мысалдарынсыз ішкі дүниеде сілкініс болмайтыны белгілі. Олай болса, ҚР ҰҒА-ның академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Рәбиға Сыздықованың әдеби тілдің заңдылықтары жөніндегі зерттеулерінен зердемізге түйгеніміз, қай кезеңде де көркем шығармада әдеби тілдің заңдылықтары сақталуы тиіс екен. Бұл жайт қас суреткерге тән талантты туынды жазғысы келетін жастарды ойландырса керек-ті. Гүлзия ПІРӘЛИЕВА, филология ғылымдарының докторы

15590 рет

көрсетілді

108

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы