• Тіл
  • 30 Наурыз, 2009

Қосақтап жазу қазақ тілінің көсегесін көгертпейді

TemirBank«Казахстанская правда» газеті 2009 жылғы 1 қаңтардағы алғашқы нөмірінде Республика Президенті Н.Назарбаевтың Жаңажылдық құттықтауын екі тілде қатар берді. Тіпті қазақша мәтінін бірінші кезекте, сосын орыс тіліндегі мәтіні. Аталған газеттің мемлекеттік тілді ұлықтауы бір бұл емес, біраз уақыттан бері бірте-бірте жүргізіліп келе жатқан үдеріс. Міне, енді Елбасы сөзін екі тілде қатар беріп отыр. Бұл – біріншіден, газет басшыларының мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін білдірсе, екіншіден, өзге ұлт өкілдерінің, ана тіліне уызынан жарымаған қандастарымыздың қазақшаны үйренуіне ықпал етеді. «Казахстанская правда» газеті 2008 жылғы 10 сәуірдегі нөмірінде «Чтобы поезда ходили как часы» деген мақала жариялап, алғысөзінде «НК «Қазақстан темір жолы» АҚ деп компания атауын қазақша бергенде ішіміз жылып қалып еді. Осылай жазылуға тиіс болса да. Қазір беті бері бұрылды. Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде тарайтын орыс тілді көп басылымдардың бірі – «1+1» апталығының 2007 жылғы 7 желтоқсандағы санында «15 лет успеха с Темірбанком» деген мақала жарияланды. Атауы осы. Мұның қандай ерекшелігі бар дерсіз? «Темірбанк» бұрын «ТұранӘлемБанк» (ТӘБ) болып, бұдан былай БТА, яғни «БанкТуранАлем» деп аталатын еліміздегі «ең үздік» банктен өз атауын қазақ транскрипциясы бойынша жазуымен ерекшеленіп тұр. Мұны орыстілді басылымның мойындап (мүмкін банк басшылары тура осылай жазылуын талап еткен болар, өйткені аталмыш банк теледидар бетінде де тек «Темірбанк» деп жарнамаланып жүр) сол күйі жазуының өзі жеңіс. Әлгінде атап өттік, республикадағы бас орыс басылымы – «Казахстанская правда» газеті соңғы кездері жақсы тәжірибені жүзеге асырып жүр. 2008 жылғы 26 қыркүйектегі санында «SMS келді!» деп тақырып қойыпты. Үстіміздегі жылдың 3 қазанындағы санында Кентауда жарық көрген кітаптың атын «Тілім – арым, ұятым – арым» деп сол күйі аудармай берген. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының атауын да таза қазақ транскрипциясымен жазған. Тіпті бірінші бетте «Правительство» айдарымен күн сайын беріліп отыратын хабарда «Вчера в Үкімет үйі...» деп бастауының өзі неге тұрады. Тіпті «Үкімет үйі» (қазақ тілінде, тура осылай жазылады) деген айдармен беріліп тұратын ақпараттық-талдамалық жаршы деген айдары бар. Құптарлық іс. Ол тек «жақсы іс екен деп» іштей тәуба жасамай, жалпы үлкен мінберлерде дауыстап айту керек. Ал, енді орыс тілді өзге газеттер неге үнсіз? «Казахстанская правда» секілді осылай жаза бастаса, ауыздары қисайып қала ма? Мұндай игілікті бастамалар жай тәжірибе түрінде елеусіз қалмай, барлық орыс тілді басылымдардың да қалыпты ісіне айналуы тиіс. Ағылшын тіліндегі атаулардың сол күйі жазылуы секілді. Ол – енді таза филологияның міндеті. Мүмкін тіл заңдылықтарын сақтай отырып, өзге тілдегі басылымдар үшін қазақ атауларының бір нормасын қалыптастырар. Барлық жерде осылай. Ағылшынның кез келген атауы қай басылымда болсын, ағылшын тіліндегі қаріптік ерекшеліктерін сақтай отырып жазылады. Біздегі бірде-бір атау («Темірбанктен» бөлек) қаріптік ерекшелік сақталып жазылмайды, міндетті түрде бұрмаланады. Мысалы, сол «Туран», сол «Алем». «Байғазы» дүкені – «Байгазы», «Үркер» – «Уркер», «Уәлиханов» – «Валиханов», «Бейбітшілік» – «Бейбитшилик»... Айта берсең, таусылмайды. Тіпті орысшасын оқысаң, төбе шашың тік тұратындары да бар. Сөзді – сөз, ойды ой қозғайды. Биылдан бастап барлық мемлекеттік органдар, әкімшіліктер мемлекеттік тілге көшті. Енді бұлтақтайтын ештеңе қалған жоқ. Бүкіл маңдайшалар, фирмалық бланкілер қазақша жазылуы тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қорғаныс министрлігінің атаулары тек қазақша жазылған. Бадырайып, сонадайдан «менмұндалап» тұр. «Мынауың дұрыс емес, орысшаны неге қосып жазбайсың?» деп ренжіп жүрген ешкімді көрмедік. Өйткені солай болуы тиіс. Бір «Газельге» бір күнде екі рет міндім: ертеңгілік жұмысқа барарда, кешкілік жұмыстан қайтарда. Кондуктор мың болғыр азамат екен. Жол бойы бүкіл хабарламаны тек қазақ тілінде жасап отырды. Ешкім «мынауың не, мен түсінбеймін» деп бірде-бір рет ауыз ашып, қарсылық көрсеткен жоқ. Аялдаманың атын түсінбей, я өтіп кетіп, я жетпей түсіп қалған адам баласын көрмедім. Ендеше қоғамдық көлікте тек қазақ тілінде хабарлап отыратын кез толық жетті. Бұл мәселеде халықтың сана-сезімі пісіп-жетілді деуге негіз бар. Басқа да қоғамдық орындарда осындай нәтижелерге қол жеткізу керек. Ол үшін қоғамдық көлік, байланыс, сауда, денсаулық сақтау (бұл салада осыдан 5-6 жыл бұрын, нақты қай жылы екендігі есімде жоқ, үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалған тілашар бар, оны бүгінгі күнге орайластырып қайта шығару керек) және тұрмыстық қызмет көрсету, анықтамалық-ақпараттық салаларында пайдалануға арналған шағын тілашарлар, сөздіктер шығару керек. Білмейтін адам ол сөзді білетін жұрттан сұрайды, осы тілашарлар мен сөздіктерден оқып алады. Біз бәрін екі тілде жазып, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне мүмкіндік бермей келеміз. Яғни олардың тіл үйренуіне көпе-көрінеу өзіміз кедергі жасаймыз. Тек бір тілде жазылса, оны білуге деген құмарлық пайда болады. Сұрайды, оқиды, үйренеді. Егер қазақ тілінің қасына орыс тілін тіркей берсек, түк те үйренбейді. Ешқашан да. Мемлекеттік тіл бағдарламасының орындалу мерзімі созыла береді. Тіл білмейтіндерді тегін оқытамыз деп, Үкіметтің ақшасын шаша береміз. Кім кімді және қашан орыс тілін үйрен деп тегін мұғалім (тегін мұғалім бола ма, халықтың, салық төлеушілердің ақшасына жалданатын оқытушылар ғой) жалдап оқытқызады? Керек болды, үйрендік. Өйткені орысша білмесек, кейбір «нанды» жерлерде жұмысқа алмайтын. Жұмысқа ала қалса, ақшасы аз, әкімшіліктен алыстау, барып кел, шауып келдің жұмысына жегетін. Орыс тілін білмесең өспейтінсің. Дәл қазір қазақ тіліне де тура осындай мәртебелі уақыт келді. Осындай жұлдызды күн туып отыр. Бұрын бала-шағамызды «орыс тілін білмесң, күн көре алмайсың» деп өсірсек, енді «қазақша білмесең, өсіп-өркендеуің қиын» деп ашық айтатын кез келді. Тіл туралы маған дейін де айтқан, менен кейін де айтады. Тіл тақырыбы таусылмайды. Бірақ маған кейде «қазақ басылымдарын қазақ тілі, қазақ елі деп шұрқырап, жаны жай таппай безілдеп жүрген ұлтшыл, ұлтжанды азаматтар ғана оқиды, сонда осының бәрін біз кім үшін айтып жүрміз?» деген ой келеді. Шынында да, кім үшін айтып, кім үшін шырылдап жүрміз? Орыс басылымдары үнсіз. Ретін тапса, мемлекеттік тіл туралы үн қатпауға тырысады. Тіл төңірегінде Елбасының аузынан шыққан өздерінің пайдасына шешілетін кез келген пікірді жұлып алып, газеттің маңдайына желімдеп қояды. Телеарналарда бірден пікірталас ұйымдастыра салады. Мұндайға шебер. Осыдан 3-4 жыл бұрын «Казахстанская правда» газеті өздерінің арнаулы тілшілері Г.Нұрпейісованың Балтық жағалауы елдеріне, Украинаға барған сапарынан тәп-тәуір мақалалар тізбесін берді. Сонысына да рахмет. Мемлекеттік тілді насихаттайтын (қарсы емес) материал басуды орыстың барлық ақпараттық құралдары қолға алмай, істің оңға басуы екіталай. Біз өз тілімізді өзімізге мақтап, қазақ тілін білетіндерге «мемлекеттік тілді үйрен» деп жүре берсек, береке таппаймыз. Мен «Ана тілінде» жарияланған «Жеген наныңды ақтай біл» (№ 9 наурыздың 5-і, 2009 ж) деген мақала авторының пікіріне толық қосыламын. «Орыс тілі мемлекеттік тіл болуы керек» деген сыбысты басу, ағылшын тілінің үстемдік келбетіне қарсы тұру үшін де насихатты күшейткен дұрыс. Мемлекеттік тілді білмейтіндердің мемлекеттік қызметке баруы екіталай деген Президент пікірін жандандырып, талдап түсіндіретін мезгіл осы. Кешікпеу керек. Етектен кіріп, бойды алар Жастарды анайылыққа баулитын шетелдік басылымдарға қашан шектеу болады? Бір жерде қонақта отырып, «I love you» атты орыс тілінде шығатын журналға (шығарушылар оған «ең басты мәселе туралы журнал» деп жазып қойыпты) көзім түсті. Әдеттегідей сканворд шешуге деген қызығушылығыма басып, әлгі журналды қолыма алайын. Жасөспірімдерге арналған журнал екендігі бірден байқалады. Безендірілуі өзге журналдарға мүлде ұқсамайды. Жастар сыйынатын идеал-кумирлер (біздіңше, пір тұтынатындар) – өнер адамдарының суреттері, олардың қысқаша өмірбаяндары, тағысын-тағылар. Енді мазмұнына көз салайын: басылымның не туралы екендігі, қандай бағыт ұстайтыны бірден менмұндалап, бадырайып шыға келді. Оны аударып, мағынасын бұзбау үшін тақырыптарын орысша, сол күйі ұсынған дұрыс деп ойладым: «Телеведущая Ольга Шелест рассказала о том, как сделать так, чтобы любовь длилась вечно», «Так кто нравтися этому парню: ты или твоя подружка?», «Значение поз, в которых спят влюбленные парочки», «Секс» деген айдармен «Чего парни на самом деле хотят в постели?» деген мақала және Доктор Ленаның жауаптары мен кеңестері беріледі. Біз тек аты затын көрсетіп тұрғандарын ғана теріп алдық. Ал қалған жарияланымдарының екеуінің бірі – махаббат, жыныстық қатынас туралы. Бір бұл емес, мұндай басылымдар жеткілікті деуіңіз мүмкін. Бірақ 15 жастан былайларға арналған бұл журнал сіздің талғамыңыздан шыға ма? Жастардың талабын қанағаттандыра ма? Одан өтпелі жастағы болашақ ұрпақ қандай тәлім-тәрбие алмақ? Басқасын былай қойып «Чего парни на самом деле хотят в постели?» деген мақаланы қараңызшы: «Только правда и ничего, кроме правды» деп тақырып қояды да, «Не гаси свет», «Сразу к делу», «На что ты спасовна?», «Секс в самолете...» деген бөлімдерге бөліп, жалаңаш қыз-жігіттің суретін береді. «Сразу к делу» деген бөлімнің айтары мынау: сен 15-ке толғанда құрбың Лена: «Жігіттер төсекте сенің бос былшылыңды ұнатпайды, бірден іске көшкенің дұрыс. Сен оның тәжірибесінің молдығына малданып, сеніп қалдың. Сөйттің де өзіңе ұнайтын жігітіңмен кездескенде бірден берілмек болдың. Ол саған «мұның қалай?» Тым тез... Мен әлі әзір емеспін. Мені аялай түс» деп ескерту жасады. Шындығына келгенде барлық жігіт аялағанды сүйеді» деп мұндай жағдайда қайткен дұрыс, не істеген жөн екенін үйрете бастайды. «Сен әлі жассың, болашақ жарыңның үйіне пәк күйіңде келін болып түсуің керек» деп әпкелік ақыл айту атымен жоқ. Бұрынғы ТМД елдерінің басым бөлігінде некеге 18 жастан тұрмай ма? Ендеше балаларымызды осы неке жасына жетіп, өз қосағын тапқанша мұндай анайы әрекеттен сақтауға тиіс емеспіз бе? Мына журналдың сондағы мақсаты не? Тек бұл ғана емес, Ресейден келетін қап-қап басылымның басты тақырыбы осы. Анау «Лиза», «Вот так», «Гоол!», «Плейбой», «Отдохни!» секілді шетелдік журналдар да ылғи жалаңаш, жартылай жалаңаш әйелдердің суреттерінен тұрады. Тіпті «Отдохнидің» кейбір сандарында жалаңаш жігіттерді наисхаттау, қыздардың көңілін аулау байқалып жүр. Бұл не үшін қажет болып тұр? Тегін емес. Не десеңіз о деңіз, бұл біздің ұлт үшін одағай нәрсе... Дүрәлі Дүйсебай, журналист АСТАНА

4026 рет

көрсетілді

42

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы