• Тіл
  • 29 Қараша, 2012

Мемлекеттік тілдің ақжолы

29 қараша күні Астана қаласында Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Бірінші Назарбаев оқулары халықаралық форумы өтеді. Жиынға саясаткерлер, сарапшылар, көптеген шетел сарапшылары мен ғалымдары қатыспақ. Бүгінде Қазақстан халықаралық қауымдастықта ұстанымы берік, экономикасы мығым, демократия тұрғысынан дамыған мемлекет. Қазақстанның өз егемендігін алғалы бері қол жеткізген жетістіктері еліміздің алғашқы Президенті Н.Назарбаевтың көшбасшылығы мен стратегиялық көреген қадамдарының арқасында жүзеге асты. Бұл қазіргі таңда әлемдегі салиқалы зерттеу объектісіне айналып отыр. Аталмыш форум тәуелсіз Қазақстанның өз сүрлеуін салудағы Ұлт Көшбасшысының рөлін айқындамақшы. Форумға қатысуға 1500-ден астам өтініш түсті. Олардың арасында Италия, Ұлыбритания, Ресей, Румыния, Сингапур, АҚШ, Франция сияқты 51 елдің ғалымдары да бар.

Рухани мәселенің ұлт тағдырындағы маңыздылығын қазақ қоғамы тәуелсіз­дік алғаннан кейін емес, сол тәуелсіздік табалдырығында тұрған кезінде-ақ тереңірек сезініп, белсенді әрекеттерді қолға ала бастады. Рухани жаңғырудың бастамасы, халықтың өзін рухани сәйкестендіруінің басты құралы тіл еді. Сол кездегі кеңестік жүйеде орын алған қайта құру үдерісінің жаңғырулары мен қазақ қоғамының ішкі белсенділігінің артуы нәтижесінде 1989 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Ко­митетінде «Тілдер туралы» Заң жобасы мен тілдерді дамыту тұжырымдамасын дайындау жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның бірінші отырысында-ақ мәселе қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қарастыру және өзге ұлт өкілдеріне ана тілін еркін пайдалану құқығын беру тұрғысынан қойылатындығы мәлім етілді. Алайда мәселелерді талқылауда ауызбіршілікке қол жетпей, орыстілді орта басым облыс­тардан келген депутаттар қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне қарсы болды. Бұл Жоғарғы Кеңес мүшелерінің арасында да толқу тудыра бастағанда сөзді Н.Назарбаев алды. Н.Назарбаевтың сол кездегі айтқаны мәселенің шешуші сәті, рухани дүниеміздегі маңызды бетбұрыс болды. Ол былай деп еді: «Сіздер кімді тізерлеткізгілеріңіз келіп отыр? Өз жеріне жүздеген депортацияланған адамдарды қабылдаған халықты ма? Бәлкім, аумағына карлагтар мен гулагтар салынған халықты болар? Сіздер неге өз тілінен айырылып қалу қаупіне душар болған жандарды арашалағыларыңыз келмейді? Меніңше, сіздер қазақ тілін мемлекеттік тіл етуге, сол арқылы оның әрі қарай дамуына ықпал етуге қол ұшын беруге тиіссіздер». Сөйтіп, 1989 жылғы 22 қыркүйекте Жоғарғы Кеңес қазақ тілін мемлекеттік тіл, ал орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі еткен заңды қабылдады. Қазақстанды мекендейтін басқа ұлт өкілдеріне ана тілін еркін пайдалану құқығы берілді. Ол кезде, яғни мемлекеттік тіл туралы заң қабылданған кезде, рес­публика азаматтарының басым бөлігі қазақ тілінің жеке дара үстемдік құруын қабылдауға дайын емес еді. Сол себепті Елбасымыз бастаған біраз азаматтардың осы жолда аянбай еңбектеніп, қыруар қайрат-жігер жұмсауына тура келді. Қазақстан азаматтарының, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін бірден-бір мемлекеттік тіл ретінде мойындап, бұл шындықты қабылдауы қазіргі кезеңде ғана, жиырма жыл өткеннен кейін айқын байқала бастады. Ел өмірінде, оның әлеуметтік-экономикалық салаларында көп жетістіктерге жеткен сайын, тіпті бір кездері ұлы империялық пиғылда болғандардың өздері де мұны мойындап келеді. Тіл саясатын бейбіт жолмен шешу үшін осындай уақыт таразысы, үлкен төзім қажет болатыны байқалады. Әрине, сан жағынан тым аз бола тұра елінде мемлекеттік тіл мәртебесіне қол жеткізген ұлттар да баршылық. Солардың бірі – малай тілі. Алайда бұл нәтижеге төңкеріс, соғыс арқылы қол жеткізілгенін ұмытпайық. Тағдырдың тәлкегімен қырық құрау болған елде бейбітшілік пен азаматтық келісімді сақтап отыру оңай шаруа емес. Әр мемлекеттің өз азаматтарынан мемлекеттік тілді білуді талап етуіне құқы бар. Алайда елімізде тарихи тұрғыдан қалыптасқан жағдайларға байланыс­ты біздің елімізде ондай міндеткерлік талап етілмей отыр. Демек, мұндай жағдайда мемлекеттік тілді күшейту ісіне жалғыз мемлекеттің қатысы жеткіліксіз болмақ. Мемлекеттік тілдің өз қызметін толыққанды атқаруына ел азаматтары белсенді қызмет жасамаса болмайды. Азаматтары мемлекеттік тілде түсінісе алмайтын ел ұлт болып ұйыса алмайды. Біздің еліміз сияқты біртұтас (унитарлы) мемлекет үшін ұлт пен мемлекеттік тіл бір-бірімен тығыз байланыстағы біртұтас ұғымдар. Себебі мемлекеттік тіл ұлттың күретамыры іспеттес дүние. Президент өзінің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Барлық қатынас қағаздары ана тілімізде жүргізіледі. Сол кезде аудармашылардың қызметіне иек сүйеп отырған кейбір жауапты қызметкерлер: «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкініп қалмасын» десе, енді бір сөзінде: «Қазақстандағы жастар мынаны білуге тиіс: Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеуге мүмкін болмайды!» деген еді. Әлемде де, елімізде де орын алып отырған жаңа заманның талаптары қоғамдық санада үлкен өзгерістер әкелді. Осындай өзгерістер тілдік санада да орын алды. Бұрынғы кезеңде тіл негізінен тілтанымдық, құрылымдық тұрғыдан қарастырылып келсе, жаңа кезеңде адамның табиғатына тән, оның танымдық әлемінен өсіп шығатын қоғамдық құбылыс ретінде елтанымдық, мәдениеттанымдық, құндылық ретінде қарастырылып отыр. Тілдің өміршеңдігі адамның, халықтың, мемлекеттің өміршеңдігімен тікелей байланысты екендігі анықталып отыр. Осы айтылғандардың мемлекеттік тілімізге, мемлекеттік тіліміздің өміршеңдігіне тікелей қатысы бар. 1991 жылы ел тәуелсіздігін алғаннан кейін Н.Назарбаев Президент болып сайланды. Осы оқиға туралы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Ө.Айтбайұлы: «Егер ол (Н.Назарбаев) қазақ халқының ұлы болмаса, оның тілін жетік білмесе, сонымен бірге оның тілге, елге, жерге адал қызмет етіп, көсеге көгертер ынтасына сенбесе, оған елдің дауыс берер-бермесі нәркүмән еді. Оған ел сенді, жігеріне, талабына, талантына, қажыр-қайратына сенді, ұлтымыздың нағыз ұлы деп сенді. Ел жүгін еңсеріп әкетер іскерлігіне, жұртты үйіріп әкетер жалынды сөзіне, шешен тіліне ұйыды. Алға сүйрер жақсылықты да, етектен тартар жамандықты да ұмытпайтын жадына таңданды. Күндіз-түн тыным таппайтын күш-қайратына сүйеніп, сеніп тағдырын табыстады. Бұл үлкен сенім, ұлы үміт және бір адамның қолына жинақталған ұлы күш» деген еді. Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланыста басталған тіл тәуелсіздігінің кейінгі ел тәуелсіздігі кезеңіндегі өркендеу жолына көз салар болсақ, Елбасының мемлекеттік тілге әркез қамқорлық танытып, Қазақстанның стратегиялық даму басымдықтарының қатарына қойғанына куә боламыз. Бұл арада тілге деген қамқорлықтың тілдерді дамыту бағдарламаларында немесе тілмен шектесетін салалық заңнамаларда тікелей көзделетін іс-әрекеттермен қатар, мемлекеттік саясаттың өзге де бағыттарында жүргізілетін әртүрлі шаралар арқылы жанама түрде де іске асып жататындығын ерекше атап айтуымыз керек. Осындай мемлекеттік тілдің дамуына жанама ықпал еткен маңызды шара ретінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Елбасы бастамасымен шетелдердегі қандастарымызды Қазақстанға көшіруге квота бөлінуін, кейінірек 2008 жылы бекітілген жаңа «Нұрлы көш» бағдарламасын айтуға болады. Бұл шаралар негізінде бүгінге дейін туған отанына бір миллионға жуық қазақ оралып, ол осындағы байырғы ұлттың он пайызынан астамын құрады. Соңғы халық санағы бойынша мемлекет құрушы ұлттың республика тұрғындарының алпыс үш пайызынан асқанын ескерсек, қандастарымызды туған елге көшіруге қатысты іс-шаралардың бұл көрсеткіштен алатын нақты үлесін есептеп шығару қиын емес. Дәл осылайша, тәуелсіздік кезеңіндегі көші-қон саясатының елдегі этнотілдік ахуалға тигізген игі әсерін де шамалауға болар еді. Отанына оралған қандастарымыз түгел дерлік қазақ тілін біледі десек, ал Қазақстандағы қазақ ұлты өкілдерінің әлі де қазақ тілін түгел игере қоймағанын ескерсек, аталған бағдарлама қазақ тілінде сөйлеушілер санын кем дегенде он-он бес пайызға арттырғаны күмәнсіз. Мемлекеттік тілдің дамуына жанама ықпал еткен екінші бір маңызды жоба – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ламасы. Президенттің 2003 жылғы Қазақстан халқына Жолдауынан бастау алған бұл бағдарлама Қазақстанның мәдени мұрасын, гуманитарлық білім қорын мемлекеттік тілде жасақтауды, сондай-ақ тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруді, ұлттық әдеби мұраны жинақтауды көздеді. 2004-2011 жылдарға созылған Бағдарлама қазақ тілін дамытуға, біріншіден, әлемдік ақыл-ой маржандарын қазақ тіліне аудару, халық әдебиеті мен тарихының шашырап жатқан үлгілерін жинастыру негізінде қазақ тілінің гуманитарлық саладағы ақпарат қорын байыту жолымен және екіншіден, қазақ халқының мәдениетіне қатысты мұраларды жаңғырту арқылы ұлттық сана мен ұлттық сәйкестілікті нығайтуға қызмет ету жолымен айтарлықтай үлес қосты. Мемлекеттік тілді насихаттайтын, үйрететін ғылыми, көпшілікқолды әдебиет арасында «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында шығарылған «Қазақ әдеби тілінің он бес томдық түсіндірме сөздігінің» орны бөлек. Соңғы ширек ғасыр ішінде тілімізде болған оңды өзгерістерді ескере отырып, бұрынғы дәуірлерде түрлі себептермен түсіндірме сөздікке алынбай қалған тілдік бірліктерді мүмкіндігінше толық қамтыған бұл еңбек бүкіл түркі дүниесінде теңдесі жоқ дүние. Салыстыру үшін айтар болсақ, түркі әлеміндегі бұдан кейінгі ең көлемді еңбектердің бірі – өзбек тілінің 5 томдық түсіндірме сөздігі. Тәуелсіз еліміздің он бес томдық сөздігі болып табылатын бұл еңбекті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары Егемендіктің 20 жылдығы қарсаңында абы­роймен орындап шықты. 95,5 мың сөзді қамтыған. Бұрынғы он томдық сөздік­тен басты ерекшелігі – елтанымдық, мәде­ниеттанымдық құндылықтардың жақсы ашылуы болды. «Қазақтың өзге елден сөзі ұзын» деп Ахмет Байтұрсынұлы айт­қандай, қазақ тілінде сөз байлығы, сөз қа­зынасы жетерлік. Ол 100 мыңнан асады. 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданған «Тіл туралы» заң бойынша «Қазақстан халқының басын біріктіруші маңызды қатынас құралы болып табылатын мемлекеттік тілді білу – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қасиетті борышы болып табылады». Қазақстан халқын ұйыстыратын, азаматтардың тегіне, ұлтына, дініне қарамастан, елдің ұйытқысы болатын осы тіл. Сондықтан ел азаматтары оны білуі, құрметтеуі, қастерлеуі қажет. Оның үстіне, біздің мемлекеттік тілімізге қазіргі заманауи, жаһандық тілдердің әсері мол, ол үлкен сынаққа ұшырап отыр. Әлемдік дәрежеде қолданылатын ағылшын, орыс тілдерімен қатар, қанаттас қолданыла отырып, олардың арасында бәсекеге қабілетті тіл бола алу оңай шаруа емес. Қазақ тілі тағдыры тартысқа түсетін тұста бейжай қала алмайтын Президентіміз Н.Ә.Назарбаев осы 1997 жылғы Тіл заңына да тікелей араласып, өз қадағалауына алғаны мәлім. Ол тиісті сала мамандарымен кеңесе оты­рып, заң баптарын тікелей өз қолынан өткізді десе де болады. Осы заң қазақ тілі мемлекеттік мәртебесін тәуелсіз Қазақстан заңнамасында тұңғыш рет көрсеткен заң болды. Орыс тілі бұл құжатта «мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатын» мәртебесіне ие болды. Тілдер мәртебесі алғаш рет белгіленген 1989 жылғы «ұлтаралық қарым-қатынас тілі» мәртебесімен салыстырғанда, орыс тілінің мәртебесі мұнда нақтылана түсті. Орыс тілі мәртебесінің нығая түсуі объективті құбылыс болды, себебі ол қазақ тілі мемлекеттік мәртебесіне лайық міндеттерді атқаруға тиісті болған осы екі аралық кезеңде орын алған қиыншылықтар мен жас мемлекет алдына қойылған заман талаптарынан туындады. Толығырақ айтқанда, қазақ тілі мәртебеге ие болған алғашқы жылдарда қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін іске асыруы тілдің статусқа ие болу фактісімен және қоғамның тілдік біліктілігін жолға қоюмен сәйкестендірілді де тілдің атқарымдық мүмкіндіктерін кеңейтуге, оны корпустық жетілдіруге жете мән берілмеді. Нәтижесінде кез келген мемлекетте қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, мемлекеттік тіл атқаруға тиіс маңызды қоғамдық қатынастар құралы болу міндетін қазақ тілі атқара алмады. Сол уақытта бұл міндетті әлі де орыс тілі атқара беретіндігі, қазақ тілі бұл жүкті өз мойнына алуы үшін айтарлықтай уақыт пен қыруар жұмыстың атқарылуы керектігі құпия болмады да осы өмір шындығы ресми құжаттарда заңды көрінісін тапты. Міне, сол кездегі тіл мәртебесін анықтауда қалыптасқан осы түрдегі объективті шындық тіпті бүгінгі күнге дейін еліміздің тілдік кеңістігінде орын алып отырған ахуалдың бағыт-бағдарын анықтап отыр деуге болады. Бүгінгі таңда қоғамымыз тілдерді қолдану мен дамытудың үшінші онжылдық бағдарламасын іске асыруға кірісіп отыр. Жалпы алғанда, тілдің заңнамалық негізін қалыптастыру, қажетті нормативтік құқықтық актілерді түгендеу, ғылыми тілде айтқанда, тілді статустық реттеу ісі аяқталған. Мұны Елбасымыздың 2000 жылдардың басында тиісті сала министрін тағайындауда айтқан сөзі де дәлелдейді. Ол: «Мен қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Бұдан да қиын кезеңде, президенттік биліктің буыны бекіп, қабырғасы қатаймай тұрған кезде қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясында, кейінгі Ата Заңымызда да ана тіліміз республикамыздағы жеке дара мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Тіл туралы арнайы заң қабылдадық. Оның қолданысының арақатынасын бұқаралық ақпарат туралы заңда да белгіледік... Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілі үшін менің тарапымнан атқарылуға тиіс шаруаны түгел жасадым» деп еді. Президенттің сөзі тіл саясатын дамыту басымдылығын заңдық-құқықтық құжаттарды түгендеуден нақты іс-қимылдарға көшіруге бұру қажеттілігін аңғартатынын түйсіну қиын емес. Президент қазақ тілін дамытудың жаңа бағытында естен шығаруға болмайтын құндылықтар ретінде бірінші кезекте толеранттылықты, бір мемлекет шеңберінде тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкілдерінің тілі мен дініне, мәдени-әлеуметтік ерекшеліктеріне төзімділікпен қарау қажеттілігін атап көрсетіп, қазақстандықтардың да әлемнің көптеген елдерінде қабылданған тәжірибеге сәйкес бірнеше тіл білуі керектігін айтады. Үсті­міздегі жылдың басында Алматыда өткен әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік және президенттік стипендия лауреаттарымен кездесуінде Елбасы қазақ тілін дамытуға байсалды қарауға шақырды. Сондай-ақ ол Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде де тіл мәселесі бүгін­де саясаттың мәселесі еместігін, саяси шешімдердің баяғыда-ақ Конституция мен тиісті заңдарды қабылдаумен бір мезгілде қабылданып қойғанын еске салып өтті. Елбасы ұлт тағдырының тіл тағдырымен етене байланыстылығын ешқашанда жадынан шығармай, әркез қаперінде ұстап келеді. Оның тіл саясатындағы ерекше сабырлы да салиқалы ұстанымы осы ұлы мүддеге қызмет етеді.

М.Малбақов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

4359 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7784

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6505

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4252

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3635

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3597

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3560

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3291

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3283

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы