• Тіл
  • 07 Желтоқсан, 2012

Егемендік төл атауды тұғырына қондырды

Тәуелсіздігімізге қол жеткізген соңғы жиырма жылдың ішінде аударма өнері күрт дамыды. Жүздеген жаңа сөздер пайда болды. Қазір кең тараған сондай бірнеше сөздердің кезінде өмірге қалай келгені, қолданысқа қалай енгізілгені туралы еске ала кеткенді жөн көрдік. Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық кеңесі» деген газет болатын. Осы басылым еліміздегі демократиялық үрдістердің орнығуына, жаңа тілдік қорымыздың қалыптасуына елеулі үлес қосты. Газеттің бас редакторы Сарбас Ақтаев журналистердің ізденістеріне, сөз жасаудағы талпыныстарына үнемі оң қабақ танытып қолдап отыратын. Ол кезде айғайлап айтылмаса да орыс сөздерінің түбірін сақтап жазуға негізделген тәртіптегі әрі қасаң әрі шұбар ресми кеңестік тілді бұзып, кәдімгі келісті қазақи тілге көшу міндеті тұрды.  «Москва» сөзінің жазбаша түрде «Мәскеу» болып өзгергені де сол тұс болатын. «Қайта құру», «жариялылық» дейтін терминдермен ілесе келген «рынок», «рыночная экономика» деген сөздер әрі жұмбақ әрі үрейлі естілетін. Сол кезде «Халық кеңесінде» бөлім меңгерушісі болып істейтін қазіргі «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим бір мақаланы дайындау барысында «рынок» сөзін «нарық» деп, ал «рыночная экономика» сөзін «нарықтық экономика» деп қолданып жіберді. Іле-шала бұл сөз депутаттардың аузына ілігіп, айналымға енді де кетті. Ал «паспорт» сөзінің «төлқұжат» деген қазақша баламасының сөздік қорымызға қосылу тарихы төмендегідей. 1991 жылы «Халық кеңесі» газетінде жауапты хатшы болып істейтін Басқар Битанов дейтін ақмылтық, тілі оралымды, тапқыр да танымал журналист (қазір марқұм) бар еді, сол кезекті материалын дайындау барысында «паспорт» сөзін «тәнқұжат» немесе «төлқұжат» деп аударғысы келетінін айтып, жігіттермен ой бөлісті. Адамның үнемі өзімен ұстайтын құжаты ретінде «тәнқұжат» паспорттың дәлірек баламасы болғанымен, ал ауданның, ұйымның, мекеменің паспорты мағынасын бере алмайды. Сондықтан бұл жерде әмбебап балама ретінде «төлқұжат» жарайтындығы туралы пікір айтылды. Газеттен бір көрінгеннен-ақ жұрттың көкейіне қона кеткен сөз дереу қолданысқа еніп кетті. «Төлқұжат» тап солай, қазақтың ежелгі сөзіндей күнделікті сөздік қорымыздан берік орын алды. Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты 1992 жылдың басында мемлекеттік рәміздерді өзгерту, оған байланысты ұсыныстар жасау, ол ұсыныстарды талқылау мәселесі күн тәртібінде тұрды. Осыған байланысты сол «Халық кеңесінде» қызмет істеп жүрген журналист ретінде көлемді бір мақала жазғаным есімде. Мақаланы дайындау барысында «Герб», «Гимн» деген сөздерді жиі қолдануға тура келді. Содан аяқастынан ой туды, бұл сөздерді неге қазақшаламасқа? Әрі ол аударма ешқандай түсіндірмені қажет етпейтін, өзінен-өзі сөйлеп тұрған, өзінен-өзі түсінікті балама болуға тиіс. Қиял сан тарапқа шарқ ұрды. Қазақта жаңа туған малдың төлін балаларының біреуіне бәсіреге атаса оған құлағын тіліп ен салатын, үйір жылқыға, жер бөлінісіне байланысты тау-тасқа таңба салатын дәстүр бар. Сол сияқты «герб» сөзі бүтіндей бір мемлекеттің таңбасы дегенді білдірмей ме?! Сондықтан ол Қазақстан мемлекетінің, Қазақ елінің таңбасы мағынасын беруге тиіс. Осы ойлар жетектей келіп, ақыры Елдің таңбасы тіркесінен «Елтаңба» баламасы туды. Біріккен сөздерден жаңа сөз жасағанымызбен, оның негізі – халықтың өз сөзі. Сондықтан да ол айналымға еш кібіртіктемей бірден еніп кетті. Мақала жарияланысымен «Елтаңба» сөзі ауыздан-ауызға тез-ақ көшті. «Гимн» сөзінің баламасы ретінде тап жоғарыдағыдай тәсілмен жасалған «Әнұран» сөзін де дәл осындай бақытты ғұмыр күтіп тұрды. Атойлап жауға шапқанда кімнің қолы, кімнің жасағы екендігін аңғарту үшін әрі аруақтар қолдайды деген түсінікпен ата-бабасының атын шақырып ұрандайтын қазақи дәстүр есімізде. «Гимн» сөзі елдің музыкалық, әндік таңбасын білдіретіндіктен, оған қазақша балама ретінде алған сөзіміз «Ән» және «Ұран» сөздерінен біріктіріліп жасалды. Қазір ол сөз де тілдік қолданысымызда емін-еркін пайдаланылып жүр. Сөз арасында айта кеткен жөн болар, «Елорда» сөзі де осындай тәсілмен дүние­ге келген болатын. 1998 жылы мамыр айы­ның ұмытпасам 6-сы болу керек, Республика Президентінің Жарлығымен бұрын­ғы Ақмола қаласының аты Астана болып өзгерді. Ол кезде Қазақ теледидарының «Ақшам» ақпарат бағдарламасы ел кіндігіне айналған Ақмоладан эфирге шыға бастағанына жарты жылдан асып қалған. Кешкі жаңалықтарды беруге екі сағаттай ғана уакыт қалған кез. Жанталас шақ. «Ақшам» ақпарат бағдарламасы тікелей эфирде астанамыз Ақмоладан бүгінгі күн жаңалықтарын назарларыңызға ұсынады» деген мәтін әзір тұрған. Ақмоланың орнын Астанамен ауыстырсаңыз «Астанамыз Астанадан» болып шығады. Ол көрермендеріміздің арасында күлкі туғызуы кәміл. Дереу біздің бұрынғы ұғымымыздағы «астана» сөзінің орнына басқа балама табу қажет болды. Жан қысылған кезде адам миы компьютерден бетер жылдам істемей ме. Кенет есіме баяғыда «Елтаңба», «Әнұран» сөздерін қалай жасағаным түсе кетті. Алдында ғана негізгі сөз «орда» болу керек деп түйгем. Өйткені «Алтын Орда», «Ақ орда», «Көк орда», «Қызылорда», «Хан ордасы» сияқты сөздер басшылық жасайтын орталық мағынасын береді емес пе. Ендеше, Қазақстанның саяси басшылық жасайтын астанасына бірден-бір балама болатын сөз де сол ғой. Қазақстанның ордасы, Елдің ордасы деген ойлар «Елорда» сөзінің тууына түрткі болды. Сол күні кешке «Ақшамның» ұсынымында «Елордамыз Астанадан тікелей эфир хабарларын бастаймыз» деген тіркес жол тартты. Онан кейін бұл сөздер екі күн бойы жаңалықтар арқылы эфирге тарап жатты. Үшінші күні Қазақстан Президентінің өзі журналистерге берген сұхбатында «Елордамыз Астана» деген тіркесті қолданғанын естігенімізде таңданысымызда шек болмады. Сол жерде эфирдің өтімділігіне, эфир құдіретіне тағы бір көзіміз жетті. Міне, осыдан кейін «Елорда» сөзі кәнігі қазақи сөзге айналды да кетті. Астананың тұсаукесер тойы тұсында «Елордамыз Астана» деген сөз нағыз кең тараған тіркес болды. Қазақ теледидарының «Ақшам» ақпа­рат бағдарламасында бұдан кейін де ауда­рылуы қиын бірқатар орыс сөздерінің баламалары табылып, қолданыс тәжірибесіне енгізіліп жатты. Айталық, Нұрлан Балғымбаевтың Үкіметі орнынан түскен кезде «отставка» сөзінің қазақша баламасы ретінде «доғарыс» сөзі тұңғыш рет пайдаланылды. «Доғару» сөзі қазақта ежелден бар. Атты доғару оны арбаны сүйреуден босатуды білдіреді. Ал «Үкіметтің доғарысқа кетуі» оның қызметтен кеткендігін айдан анық аңғартып тұр емес пе?! Әдетте «отставка» сөзі көбіне әскери шендерге қатысты қолданылады. Айталық, «отставкадағы майор», «отставкадағы полковник» деген тәрізді. Бұл ретте «доғарыстағы майор», «доғарыстағы полковник» баламасы оның орысша нұсқасының мағынасын дәлме-дәл береді. Ендеше, «доғарыс» сөзі «отставканың» аудармасы бола алады екен. Бұдан кейін түрлі аудармалар кезінде социологиялық сараптамаларда жиі қолданылатын «опрос» сөзін – «пікіртерім», «приспособление» – «айлабұйым», «клиент» – «келермен», «последователь» – «ерермен», «сувенир» – «кәдесый», «сюрприз» – «тосынсый» деп алғаным есімде. Өмір әр кез өз өзгерістерін енгізіп жатады ғой. Бұлар бәлкім қолданысқа енер, бәлкім қолданысқа енбес. Алайда ізденіс, жаңа сөз жасауға талпыныстың пайдасы болмаса зияны жоғы тағы анық. Марат ТОҚАШБАЕВ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

4727 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7915

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6581

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4325

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3709

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3671

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3633

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3365

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3357

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы