• Тіл
  • 12 Сәуір, 2012

Баспасөз тілінің құдіреті

Белгілі бір әлеуметтің мәдени ерекшеліктері сол әлеумет тілінде ғана көрініс табады. Осыған орай қазіргі қоғамда халық мәдениетін насихаттаудың, «жарнамалаудың» қайнар көзі деп бағалауға болатын қазіргі қазақ баспасөзінде материалдық және рухани мәдениетке қатысты ақпараттарға аса ауқымды орын бөлінуде. Нәтижесінде газеттің қазіргі қоғамдағы мәдени ақпаратты сақтаушы және жаңғыртушы ретіндегі қызметі анық көрінеді. Дәл осы қызметті байырғы қазақ қоғамында ақындардың суырып салма өнері атқарғаны белгілі. Шешендік өнердің, фольклордың, жыраулар әдебиетінің арқасында ұлттың рухани мәдениеті сақталып, бүгінгі күнге жетті. Тілді зерттеудің жаңа бағыттарына сәйкес, тілдің коммуникативтік қызметіне сай адам факторына ерекше көңіл бөлінуіне байланысты газет тілі тың бағытта зерттеле бастады. Осы зерттеулер нәтижесі көрсетіп отырғанындай, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ баспасөзінде жаңа ұғымдар, жаңа тілдік қолданыстар пайда болды. Қазіргі қоғам өмірінде газет ең алдымен, қалың бұқараға күнделікті болып жа­татын жаңалықтарды таратушы ретінде, яғни ақпараттық қызметі бойынша белгілі. Олай болса, алдыңғы кезекте газеттің «әсер ету» қызметі тұрады, яғни ол – қоғамдық сананы қалыптастырушы қуатты құрал! Алайда, біз бұл арада газеттің арнайы аталмайтын, бірақ баға жетпес, аса пайдалы қызметіне назар аударғымыз келеді. Ол – газеттің біздің тарихи санамыздың түкпірінде қалған рухани әлемімізге қатыс­ты білімдер жүйесін жарыққа шығаратын, «көне» мәдени ақпаратты жаңғыртатын және оқырмандардың қабылдауына ыңғай­лап жаңартылған «бейімдеуші құрал» ретіндегі қызметі. Еліміздің егемендік алуы қоғам өмірінің барлық саласына серпіліс әкелгені белгілі. Ол кеңестік қалыптан шығып, жаңаша үрдісте дами бастаған қоғамдық сананың ау­қымды саласының бірі, қоғамдық сана­ның қозғаушы тетігі болып саналатын – БАҚ- та да өзіндік ерекшелігімен көрініс тапты. Дүниежүзіндегі ұлт пен ұлыстың бәрін бір арнаға сыйдырып, өзіндік бет-бедерінің жойылуына бағытталған жаһанданудың кері әсерінен «қорғау» міндеті де белгілі бір дәрежеде БАҚ функциясының аясына кіретіні мәлім. Осыған орай газет мәтінінің авторы бұқараға жеткізбек болған түпкі ниетін қағазға түсіруде тілдегі түрлі амал-құралдардың ішінен анағұрлым тиімділерін іріктеп, таңдап алуға тырысады. Мұндай қолданыстардың негізінен метафора тәсілі арқылы жүзеге асатындығы белгілі: Мысалы: «Ең бастысы, бұл алты томдық романның кіндігі түрмеде кесілген». («Ана тілі», 24-2.12.09) Мұнда айтылмақ мән – қазақ танымында айрықша орны бар «кіндік кесу» тіркесі. «Өзі Орынборда туған. Көршілері қазақтар болыпты. Қысқасы, қазақпен кіндігі байланып қалған адам». («Айқын», 27.05.10) Мұнда «етене жақын» лексемасы қазақ ұғымындағы ажырамас, қи­мас мағынасын білдіретін «кіндік» ұғы­мы арқылы жеткізілген окказионализмге назар аударғанымыз жөн. «Қазақтың уақытқа, за­манға, сол замандарды жасаған адамға кеткен есесін қайтаруды ойлайтын, қалтарыс тарихын қалт жібермейтін әр қазақ тынымсыз тіршіліктің диірменімен санаспайды» («Ана тілі», 26-2.12.09). Мұндағы тіршілік диірмені – таза образды қолданыс. Автор мұнда диірмен сөзін, біріншіден, формасына, (дөңгелек, дөңгелеу), екіншіден, функциясын (тоқтамай айналу, зырылдау), үшіншіден, оны солармен сабақтас уақыт категориясымен байланыста алып отыр. «Аштық 5-6 млн. қазақтың басын жұтса, репрессия ұлт қаймағын қалқып алды. Ал элитаның жаңа толқыны қайта қалыптасуы үшін тағы 30-40 жылдай уақыт керек». («Жас қазақ», 28.05.10) Бұл мысалда ұлттық тұрмысқа сай қалыптасқан метафораның үлгісі жасалған. «Бұған ата сусынымыз – қымыздың технологиясын үйреніп, өздері­не меншіктеп жатқанын қосып қойыңыз». («Айқын», 27.05.10) Бұл мысалда автор ата сусын тіркесін қолдан жасағандай. Оған атажұрт, атамекен, ата дәстүрі, т.б. тұрақты қолданыстардағы ата сөзінің семантикалық аясына жататын «төл», «өзіміздікі», «ежелгі» сияқты лексемалары негіз болған. Қазіргі қазақ баспасөзінде біршама жиі қолданылатын, семантикалық аясы өте кең бірлік болып саналатын этнографизмнің бірі – шаңырақ. Мысалы, «Қазақтың егемен ел болуы тегін емес сияқты. Олай дейтінім, одақтас республикалардың да тәуелсіздікке қол жеткізуі осы қара шаңырақта болған 1986 жылғы «Желтоқсан» көтерілісімен тікелей байланысты» («Әдебиет айдыны», 11.12.2008 ж, №50). «Жақында Қазақстанда құрылған алғашқы оқу орындарының бірі, қасиетті қара шаңырақ Абай атындағы университеттің құрылғанына 75 жыл толуына орай көптеген жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қатысқан шахмат жарысы болып өтті» («Қазақстан мұғалімі», 8.11.2003 ж). «Оңтүстік астанамыздың көрікті жерлерінің бірі Әуезов ауданында орналасқан №122 орыс-қазақ орта мектебі­нің шаңырақ көтергеніне 35 жыл толып отыр» («Қазақстан мұғалімі»,18.10.2003 ж). Бұл мысалдардағы қара шаңырақ, киелі шаңырақ, қасиетті қара шаңырақ, шаңырақ көтеру қолданыстары қазақтың байырғы сөздік қорында қалыптасқан күйіндегі, өзгеріссіз нұсқалар екені белгілі, яғни білім ордасы – мектеп пен жоғары оқу орындары туралы баяндағанда автордың этномәдени мазмұны бай, айқын атауды қолдануы заңды және уәжді болып табылады. Бұл үзінділердегі аталмыш этнографизмнің мағынасы сөздіктегі дефинциясынан алшақ емес. Сонымен, этномәдени мазмұнды ұғым­дар мен атауларды қолданатын газет тілі халықтың мәдениетін, әлеуметтік құры­лысын, дүниетанымын бейнелеп қана қоймайды, сонымен қатар этнос жинақтаған танымдық әлеуметтік-мәдени мазмұнды сақтай отырып, кейінгі ұрпақтың қалыптасуында маңызды тәсіл, тиімді ақпараттық құрал болып табылады. Қазіргі таңда мемлекеттік тіл мәр­тебесінің ұлттық әлеуеті­нің өміршеңдігі, рухани ұлттас­ты­рушылдық, этномәдени қызметінің айқын көрінісі – бұқаралық коммуни­кация. Себебі – қазіргі газет тілі мен бұқаралық ақпарат көздері жаңа қазақстандық қоғамның бет-бейнесін, болмысын жан-жақты ашып көрсетеді. Қазіргі қазақ баспасөзінде жаңғырған этномазмұнды қолданыстар – тілдің мәдени ақпаратты бейнелеуші, сақтаушы қызметімен қатар, бүгінгі ұрпақтың тарихи түпбастауымен байланысын нығайта түсетін, дәнекерлік қызметін атқаратын негізгі тетік. Ләззат Ермахан, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушысы

8160 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7401

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6298

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4045

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3431

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3390

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3357

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3086

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3075

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы