• Тіл
  • 12 Сәуір, 2012

Шәкіртім шыққан ғылым шыңы

22222Қатардағы аспиранттан Ұлттық академияның академигіне дейінгі дәрежеге көтерілген, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевтің ғылымдағы алған асуы мен жеткен биігіне сүйсіне отырып, білім мен ғылым саласында аянбай еңбек етіп, бүгінгі күні жас та болса, рахатын көріп отырған шәкіртімнің өнегесін жастарға үлгі ету мақсатында бір үзік оймен бөлісуді жөн көрдім.Алматы шетел тілдері институтының (қазіргі Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті) проректоры, белгілі тіл маманы, профессор Жәкен Молдажаров Кәрімбекті менімен алғаш таныстырған еді. Оның студент кезінен бастап ғылымға икемділік танытып, ғылыми жұмыстарымен көзге түсіп, Кеңес одағының республикаларында өткізілген ғылыми конференцияларға қатысып, диплом және грамоталармен марапатталғанын айта келіп, алдағы ғылыми бағытына бағыт-бағдарын айқындап беруімді өтінген еді. Ширек ғасыр жанымда жүрген шәкіртімнің шынында да, марқұм Жәкен аманаттағандай, ғылыми қабілетінің қарымдылығына, ең негізгісі – еңбекқорлығы және бастаған істі соңына дейін жеткізбей тынышталмайтын тамаша қасиеттеріне куә болып келемін. Кәрімбектің басқа аспиранттардан айырма­шылығы – көп тілді меңгеруінде. Институт қабырғасында жүрген кездің өзінде-ақ қазақ – неміс тілдерінің салыстырмалы, салғастырмалы грамматикасы бойынша бірнеше ғылыми жобалар әзірлеп, ол еңбектері университетаралық ғылыми конференцияларда баяндалып, жүлделі орындарға да ие болған. Оның ғылыми еңбектерге талдау жасау, зерттеу болжамдарын айқындау мен зерттеу әдістерін қажетіне қарай қолдану және жаңа тұжырымдар ұсыну бойынша жинаған студенттік тәжірбиелер кандидаттық диссертациясын жазу барысында көп септігін тигізгенін тілге тиек етсек болады. Кәрімбекке қазақ тіл білімінің диалектология саласы бойынша ғылыми тақырып ұсынып, Батыс -Сібір аймағын мекендеген қазақ диаспорасының тілін зерттеуді, сол аймақтағы қазақтардың тіл ерекшеліктерін, ауызекі сөйлеу тілін жан-жақты зерделеуді, солардың негізінде ғылыми тұжырым жасау керектігін тапсырдым. Ол мен ұсынған зерттеу объектісін жүрдім-бардым емес, тиянақты да терең талдап, «Қазақ тілінің диалектілік ерекшеліктерін жинау бойынша сұраулық» негізінде жыл сайын арнайы жасақталатын экспедициялардың құрамында Омбы, Қорған, Шеләбі, Новосібірді мекендеген қазақтар тұратын әрбір ауыл-аймақты қалдырмай, тәптіштей зерттеп, қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін айқындауға үлес қосты. Өзіне мақсат қоя біліп, оның орындалуына ерекше мән беретін, қай мәселені қолға алса да, ауқымды аумағымен, түбе­гейлі-түкпілікті тексеріп, тұшымды тұжырым жасай білетін зеректігі мен білімділігінің арқасында отызға жетпей-ақ филология ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болды. Кәрімбек ғалымдықпен қатар, ұлағатты ұстаз ретінде республикамыздың жоғары оқу орындарында дәріс оқып, жас ұрпақты тәрбиелеуге де атсалысып келеді. Студент жастарға ана тілімен бірге шет тілдерін меңгерту мақсатында қазақ бөлімі студенттеріне арналған «Қазақша-орысша -немісше» және «Қазақша-орысша-ағылшынша» бірнеше оқу, оқу-әдістемелік құралдармен қатар, көптілді тілдескіштер мен тілашарлар әзірлеп, жарыққа шығарды. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының қазақ аудиториясы студенттеріне арналып жазылған «Неміс тілінің грамматикасы» оқулығы бірнеше рет өңделіп басылып шығып, осы саладағы бірден-бір тұрақты оқу құралына айналса, жоғары оқу орындарының орыс тілді бөлімдеріне арналып, жаңа оқыту технологиясы бойынша, модуль жүйесі негізінде жазылған «Қазақ тілі» оқулығы (проф. Н.Оралбаевамен бірге) мемлекеттік тілді оқып-үйренсем деген студенттердің кәдесіне жарауда. Оның шығарма­шылық шеңбері кең, ауқымды, әрі әралуан. Шәкіртімнің еңбектері тек Қазақстан емес, алыс-жақын шет елдерде де сан-салалы та­қы­рып­тарға қалам тербеген мақалалары жарық көр­ді. Берлин университетінде өткен халықара­­­лық Конгресте «Қазақ және неміс тілдерінің сөзжа­сам жүйесі», Мәскеу мемлекеттік халықара­лық қатынастар уни­верситетінде өткен конферен­цияда «Лингвис­тическая терминология в процессе обучения студентов иностранному языку», Анкарада өткен түркі тілдес мемлекеттердің VII түркология Құ­рыл­тайында «Қазақ және түрік тілдерінің са­­­лыс­тырмалы грамматикасы», Парижде өткен ЮНЕ­­­С­­­КО ұйымдастырған басқосуда «Жоғары бі­лім бе­ру жүйесіндегі интеграцияның рөлі» сияқты тақырыптарда қазақ тілінде, әрі халықара­лық ғылыми басқосуды ұйымдастырған мемле­­кет­тердің тілінде емін-еркін баяндама жасаға­­нын жас­тарға үлгі еткім келеді. Өзім де делегат­тар құра­мында болған, Түркияда өткен құрыл­тай­да, «Өз тіліңді біліп тұрып, бөтенше сөйлесең – бұл сүйініш, өз тіліңді білмей, бөтенше сөйле­сең – бұл күйініш» деп Ж.Досмағанбетов айтқан­дай, шәкіртімнің бүкіл әлемнің айтулы ғалымда­ры бас қосқан жерде бірнеше шет тілдерінде ше­бер сөйлегініне сүйсінгенмін. Шәкіртімнің аса бір ыждағаттап қарастырған, тиянақты да терең талдап, тілдің әр саласынан жүргізген зерттеулерінің ішінде, қазақ тіліндегі сөзжасам мәселесі проблемалары бойынша өзінің айтар ойы, терең тұжырымдамасы бар ғалым еке­нін көрсеткенін ерекше айтқым келеді. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Оралбаеваның ғылыми кеңесімен тілдің кеш танылған сөзжасам саласы туралы арнайы зерттеулері жаңа тұрғыда зерттеушілер назарына соңғы он жыл ішінде ғана ілігіп тұрған кезеңде, тілдің сөзжасам жүйесінің сөзжасамдық ұя проблемасын зерттеуге мықтап ден қойды. Сөзжасамдық ұя – сөзжасам мәселесі ішіндегі өте күрделі, талас тудырар пікірлер шоғыры көп топтасқан, қазақ тіл білімінде шешілмей жүрген, зеректікпен зерделеуді қажет ететін құбылыстардың бірі еді. Ол ғылыми ауыр жүкті мойнына алып, оны абыроймен, терең ғылыми-теориялық тұрғыда зерттеп шықты. Тіл білімінің білгірлері Кәрімбек Арыстанбекұлының сөзжасамдық ұяның ғылыми сипаттамасын жасағанын, анықтамасын толықтыра айқындағанын, сөзжасамдық ұя құрамынан омонимия, көпмағыналықтың алатын орнын анықтауын, сөзжасамдық ұяның негізгі түбір – түп негіз сөзден жасалатына автордың ерекше мән бергенін жоғары бағалады. Сондай-ақ, синтагматикалық, парадигматикалық, иерархия­лық қатыстағы туынды сөздердің күрделі сөзжасамдық бірліктер жасайтынын дәлелдегенін, әрі ол күрделі сөзжасамдық бірліктердің құрамы, көлемі, мағынасы туралы ғалымның мүлдем жаңаша көзқарас қалыптастырғанын айта келе, көп ғылыми мәселерді шеше отырып, талай ғылыми идеяларды да көтергенін тілге тиек етеді. Тіл білімі саласындағы ғылыми еңбектерінің, ізденістерінің қорытындысы ретінде, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы Диссертациялық кеңесте Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиев «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя мәселесінің теориялық негіздері» атты тақырыпқа докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Жоғары оқу орындарына арналған 3 оқулық­тың, жалпы тіл білімі мен қазақ аудиториясында шетел тілдерін оқыту әдістемесі бо­йынша 5 монографияның, сондай-ақ 15 ғылыми-әдістеме­лік оқу құралдарының және 80-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы Кәрімбек Арыстанбекұлы­на Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен 1998 жылы «Тіл білімі бойынша профессор» ғылыми атағы берілді. 35 жасында елімізде ең жас профессор атан­ған ол, еліміздегі жоғары оқу орындарын­дағы оқу- үдерістерін жетілдіру жайлы, әлемдік білім кеңістігіне қазақстандық білімді интеграциялау туралы, еліміздің тәуелсіздік алған тұ­сында халықаралық қатынастар мамандарын дайындау, шетел тілдерін меңгерту, нарық заманының талабына сай бой көтерген беймемлекеттік жоғары оқу орындарының жәй-күйі, ғылыми орта қалыптастыру мүмкіндіктері жайлы жан-жақты сараланған ғылыми-зерттеу мақалалары, публицистикалық еңбектері, сүбелі сұхбаттары мен ой-тұжырымдары республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» сияқты мерзімді баспасөздерде жарияланып, қоғамдық ой-пікір қозғауға тамызық болды. Ғылым мен әкімшілік қызмет көп жағдайда үйлесе бермейтіндігі белгілі. Бірақ, соған қарамастан, Кәрімбек ғылыми және басшылық жұмыстардың тізгінін тең ұстап, нәтижелі жетістіктерге қол жеткізді. Әлем тілдері және халықаралық қатынастар, Қыздар мемлекеттік педагогикалық университеттерінде жауапты лауазымдарды иеленіп, «Қайнар» университетінің вице-президенті – ректоры қызметін абыроймен атқарғаны айтқанымызға дәлел. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі Жоғары білім беру департаментінің директоры лауазымында жүріп, еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының оқу үдерістерін үйлестіріп, Болон процесіне Қазақстанның толық мүшелікке қабылдануына да қатысы болғанын айтуға болады. Кәрімбек Құрманәлиев 2008 жылы елордамыз Астана қаласында ашылған Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды. Оның ха­лықаралық білім және ғылыми ұйымдармен ұзақ жылдар бойы байланыста жүргенін ескерген Төралқа мүшелері, бірауыздан Ұлттық академия­ның халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті лауазымына тағайындады. Жаңа қызметтегі алғашқы жұмыс күндерін ака­­демияға серіктес болатын ғылыми ұйым­дар­мен байланыс орнатудан бастаған ол, аз уа­қыт­тың ішінде – Ресей жаратылыстану ғылы­м­дар ака­демиясы, Халықаралық инвестициялар ака­де­миясы, Халықаралық стратегиялық зерттеу инс­титуты, Хьюстон университетінің Болашақ­­тық материалдар орталығы, Техасс университеті­нің Нанотехнологиялар институты, Қытай Геоман­ти­ка инжинирингтік зерттеулер Ұлттық орта­лы­­ғы, Германияның «Виста Менеджмент» компания­­сы және Дубна халықаралық табиғат, қоғам және адам университеті сияқты белгілі халықара­лық қауымдастықтармен бірлесіп зерттеу жұмыстар­ын жүргізу деңгейіне жетті. 2011 жылы Астанада өткен IV Халықаралық экономикалық форумның ұйымдастырушыларының бірі ретінде, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдар академиясы – жаһандық энерго-экологиялық Стратегияның жаратылыстану – ғылымдық, гуманитарлық және экономикалық принциптерін айқындайтын мазмұнды баяндамаларды жоғарыда аталған ха­лық­аралық ғылыми ұйымдардың ғалымдарымен бірлесіп әзірлеуге қол жеткізді. «Сүйген іс – сүйкімді келеді» дегендей, бар ғылыми күш-жігерін сарп етіп зерттеген тіл білімі саласының өзекті мәселелерін қай қызметте жүрсе де, ойынан шығарған емес. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі ретінде, қазақ тілін ғылым мен техника тілі ретінде одан әрі дамыта түсу үшін Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының кадрлар әлеуетін тиімді пайдаланған ол, қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздіктерін әзірлеуге кірісіп кетті. Жұмыс тобының жетекшісі ретінде, әлем халықтарының терминжасам тәжірибелерін негізге ала отырып, ғылымның әр түрлі салаларындағы терминдер қорын молайту, көптілді терминологиялық сөздіктер жасау секілді көкейтесті мәселелерді халықаралық деңгейде өтетін басқосуларда көтеріп жүр. Ұстаз ретінде, халқына істеген игілікті істері, мамандар даярлаудағы еңбегінің жемісі ретінде, шәкірттерінің де Қазақстанда аккредиттеуден өткен халықаралық ұйымдарда, Біріккен Ұлттар ұйымы мен ЮНЕСКО-ның еліміздің өкілдіктерінде, Сыртқы істер министрлігінде, сондай-ақ, дипло­матиялық миссияларда абыройлы қызмет атқарып жатқанын айтуға болады. Әкесінің тәрбие-өнегесінен тағлым алған ұл-қыздары да әке жолын үлгі етіп, ана тілімен бірге, көп тілді меңгеруді мақсат еткен. Қызы – Әсел Қазақтың әлем тіл­дері университетін үздік бітіріп, халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистрлік диссертация қорғап, бүгінгі таңда отандық ұлттық компаниялардың бірінде халықаралық байланыстар жөніндегі басқарманы басқарады. Кенже ұлы – Нұрдәулет Астанада Президенттің өз қамқорлығымен құрылған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шетел тілдері факультетінде ағылшын, неміс және француз тілдерін қоса меңгерген маман болу жолында ізде­ніс үстінде жүрген студент. Шәкіртімнің шыққан ғылымдағы шыңы, өнегелі өмірі, таныта алған тағылымы – тәуелсіз елі­міздің қаумалаған қалың жастарына үлгі бо­лып, жалғаса берсе игі еді. Шора САРЫБАЕВ, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері

4262 рет

көрсетілді

98

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7345

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6269

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4015

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3402

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3360

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3329

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3057

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3047

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы