• Тіл
  • 21 Маусым, 2012

Қарындас һәм жолдас

Қарындас сөзі бүгінге дейін екі мағынада қолданылады. Осы күнгі әдеби нормадағы актив мағынасы «ер адамның жасы кіші әйел жынысты туысқаны» және жалпы ер адамға байланысты айтылғандағы жасы кіші әйелдің атауы. Бұл сөздің түпкі мағынасы, көне түркі жазба нұсқаларында көрсетілген мағынасы — «туысқан адам, бір жұрттың адамы». Қазақ тілінде де бұл сөз бұрын жалпы «туысқандар, руластар, аға-іні» деген ұғымда жиірек қолданылған. Мысалы, Асан Қайғының: Ол күнде қарындастан қайырым кетер — дегенінде де, Шалкиіздің: Жайыңды білген қарындас, Ол қарындас әм жолдас — дегенінде де бұл сөз әйел жынысты адам туралы емес, жалпы туысқандар, жақындар туралы. Махамбеттің: Тар қолтықтан оқ тисе, Тарыққанда қайрылар Қарындасым менде жоқ — деп отырғанында, ол әйел жынысты жасы кіші туысын емес, өзінің соңына еретін, өзіне демеу болатын туыстарды, руластарды айтып отыр, яғни ол өзі бастаған көтеріліс ісі үшін «жолы жіңішке» әйел туысын емес, өзін қостайтын қалың ағайын туыстарын іздеп отыр. Абай да бұл сөзді бірнеше рет жалпы «ағайын, туыс, рулас, тіпті ұлттас» мәнінде қолданады: Қарындас қара жерге тыға алмай жүр (Абай 1, 34). Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында. Өткен кезеңдерде қарындас сөзінің осы күнгідей «әйел жынысты жасы кіші туысқан» мағынасы да жиі қолданылған. Мысалы, «Қобыландыдағы»: Қыздың аты Қарлығаш Қобыландыға қарындас — дегенін ескерелік. Қарындас сөзі жалпы «туысқандар, руластар (бір жұрттың адамдары)» деген мағынамен қатар, одан да гөрі жақындау туыстықты — аға-інілікті білдіру үшін де қолданылған. Бұл, әсіресе орта ғасырлардағы түркі ескерткіштері тілінде айқын көрінеді1. Көне түркі тілдерінде қарундаш/қарындаш сөзі бір құрсақтан шыққан аға-іні дегенді білдірген2. Бұл фактілерге қарағанда, қарындас сөзінің о баста «бір құрсақтан (қарын сөзінің «құрсақ» мағынасы да болған) шыққан аға-іні, қарындас, сіңлі» деген нақты мағынаны бергені, оның «жалпы туыс, рулас, елдес, жұрттас» мағынасы ауыспалы екендігі, бұл мағына, әсіресе, орта ғасырларда, қазақ тілінің ертерек кезеңдерінде активтенгені байқалады. Мысалы, XVI ғасырдың соң кезіндегі қазақ тілі ескерткіші— жалайыр Қадырғали бидің шежіресінде қарындас сөзін «руластар, туыстар» мағынасында қолданады да, «жасы кіші әйел бала» деген ұғымды қыз қарындаш деп береді: Қутуқут нойан(ның) бір анадан екі қыз қарындашы бар еді3. Қарындас сөзін «туыс, ағайын» мәнінде поэтикалық элемент ретінде қолдану қазірде де бар. Әсіресе, тарихи оқиғаларды суреттеген шығармаларда, эпостардың негізінде жазылған пьесаларда қазіргі жазушылар қарындасты «ағайын, туысқан» деген ұғымда орынды, ұтымды пайдаланады. Мысалы, М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды» драмасында, Т.Ахтановтың «Ант» драмасында т.б. қарындас — «бір жұрттың, бір рудың, тайпаның адамы, ағайын, туысқан». Ана тілінің әрбір сөзіне ерекше көңіл қойып, оның бұрынғы-соңғы, ауыспалы-тура мағыналарын жақсы білетін адамдарға қарындас сөзінің «ағайын, туыс» деген мағынада да қолданылатындығы даусыз, әрі белгілі жайт болса да, мұны сөз етіп отырған себебіміз — қарындас сөзінің әйел балаға ғана қатысты айтылатын осы күнгі актив мағынасын ғана түсінетіндер арамызда жоқ емес. Әдебиет: Сыздық Р. «Сөздер сөйлейді». Алматы: «Арыс». – 2004.-137-139-бб. 1 Фазылов Э. Староузбекский язык. Хорезмийские памятники XVI века. Т.ІІ. Ташкент, 1966. 2 Древнетюркский словарь. Ленинград, 1969. – 427-б. 3 Жалаири Қ. Жами‘ат-тауарих. 1851, 79-б.

8120 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7334

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6262

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4007

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3395

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3353

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3322

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3050

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3039

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы