• Тіл
  • 21 Маусым, 2012

Жаһандану дәуіріндегі ұлт мүмкіндігі

Жаһанданудың жал толқындары көптеген мемлекеттер мен халықтарға оған қарсы тұрудың амалдарын ойлатуда, дабыл қақтыруда. Десек те, дабылшы көпшілік емес, аттөбеліндей ұлт қамын жеген азшылық болып тұр. Ол қай заманда да солай болған. Осындай қайшылық Абайды, Ахметті тудырған, Алаш қозғалысын қалыптастырған. Көптің еліктегіштігі, тарихтан сабақ, ғибрат алмайтындығы бүгінгі ұлт зиялыларын да ойлантуда. Егемендік алғалы отаршылдықтың салқыны шарпыған ұлттық діліміз, тіліміз, дәстүріміз жөнінде қаншама сөз айтылды, қаншама әрекеттер жасалды. Сөйтіп, кешегінің рухани жүгенінен құтыла алмай жүргенде, құлашымызды қалағанымызша жаздырмай тағы бір бөгесін – жаһанданудың екпіні есігімізден еркін еніп, төрімізге жайғасуда. Отаршылдық таңбасынан арылғысы келмей жүрген көп ағайын жаһандану тұсында да ұлтына сырт берер түрі бар сияқты.  Жалпы жаһанданудың, оның ішінде, тілдік жаһанданудың байыбына барсақ, оның мәні бір ғана тілге тіреліп тұрмағанды­ғын аңғарар едік, егер мәселе тіл төңірегінде ғана болса, ол қазіргіден де оңайырақ соғар еді. Мәселе – өзге тілдің үстемдігінде емес, қандастарымыздың ана тіліне, отан­дастарымыздың мемлекеттік тілімізге немқұрайдылығында, сондықтан да дү­ниеге өзгелердің көзқарасымен қарауында. Ширатыңқырап айтсақ, мәселенің мәні – қоғамға, тұрмысқа, болып жатқан дүние жаңалықтарына өзгелердің ойымен, пайымымен, дайын қорытындыларымен қарау. Яғни өзімізге қаратып айтсақ, бүгін қазақ баласының, әсіресе қалалық оқығандары айналаға, әлемге өзгелердің көзімен қарап, қазақша емес, басқаша ойлайтын болды. Дүниеде себепсіз нәрсе болмайды десек, мұндай көзқарастың төркіні күнделікті өмір салтынан, тұрмысымыздан, әрбірден соң қолданатын затымыздан, киетін киімімізден, ішетін асымыздан. Оған теледидарды, ғаламторды, елімізді жаулап алған өзгетілді ақпарат құралдарын қосыңыз. Сонда өзгермегенде қайтеміз?! Өзгелердің дайын үлгілерін пайдалану, заттарын қолдану санамызға әсер етпей қоймайды. Сөйтіп, бүгінгі жаһандану заманында мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі, шынтуайтында, АҚШ-тың, Ұлыбританияның немесе Ресейдің нұсқауымен емес, қазақтың өзінің көзқарасының өзгергенінен өркендей алмай жатқаны бүгінгі күннің ақиқаты. «Жаһандану» делінген ғаламдық құ­былыстың біздің рухани қарсылығымыз бен күресімізге бой алдырмайтын қуаты мен күші, әлемді жайлап жатқан жылдамдығы мен тартымдылығы – оның коммерциялық сипатында, бизнестік мазмұнында. Нарық жайлаған заманда, рухани құндылықтар емес, экономикалық тиімділік басты орынға шыққан кезеңде жаһандану құрлықтардан да, мұхиттардан да, шекаралардан да аттап, ешкімге де, ешнәрсеге де бой алдырмай, бағынбай тұр. Бұл жаһанданудың болатын, болуға тиісті, ешқандай мемлекет айналып кете алмайтын объективті дамуы. Сон­дай-ақ жаһанданудың қорғануға болатын, соған орай, алдын ала қам жасайтын субъективті өріс­теу себебі де бар. Ол жаһанданудың мәдени, тілдік ықпалы. Біз бұл ғаламдық құбылыстың осындай ықпалынан қорғана аламыз деп ордалы ел, қалың жұртымыз болғаннан соң сенеміз, дәмеленеміз. Жаһанданудың бизнестік мазмұны, әлбетте, біздің елімізде қазақ тілінің бизнес тілі болуын да талап етеді, олай болмайынша, тіліміз қызмет тілі де, жұмыс тілі де бола алмақ емес. Қазіргі кезде елімізде экономикалық жобалар қай тілде ойластыратыны, қай тілде жүзеге асырылатындығы көпшілікке белгілі. Зорларын айтпағанның өзінде бізде газеттер, интернет-дүкендер арқылы ең аяғы ине де, түйме де орыс тілінде сатылады. Адамның күнделікті тұрмысын реттейтін әрекеттер басқа тілде болғаннан соң тіліміз өзгені де, өзімізді де аса қызықтырмайды. Нәтижесінде, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде толықтай мәртебелі орнына ие бола алмай жатуы да оның бизнес тіліне, яғни заманауи тілге айналмай емес, айналдырылмай жатуында. Мәселе – қазақтың тілінде емес, бүгінгі көп қазақтың өзінде. Дүние бизнес алаңына, қарым-қатынас, серіктестік, ынтымақтастық коммерциялық мүддеге құрылатын заманда жаһанданудың ықпалы біздің елге де әжептәуір тимек. Бұдан шет қала алмайтынымыз да белгілі. Сондықтан бізді не сақтайды дегенде, ең алдымен ойымызға, әлбетте, тіліміз бен мәдениетіміз түседі. Мәдениеттің ұлттарды теңестіретін құрал екендігін осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын жақсы ұғынған Ахмет Байтұрсынұлы: «Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдай анық, күндей жарық ақиқат... Мәдениет жігін жоғалтпай, өз жігін жоғалту оңай емес» деп жазған екен. Алаш көсемі айтқан осы ой әлі де өз күшінде, тіпті мына жаһандану заманында оның кө­кейкестілігі артпаса кемімеген. Қазіргі Қа­зақстанның жағдайы ХХ ғасыр басындағы Ахаңдар өмір сүрген кезеңнен әлдеқайда білімі, мәдениеті, саяси халі жағынан болсын озығырақ дәуір емес пе?! Сондықтан дүниенің мәдени бәйгесінен қалмау үшін біз ең алдымен өзіміздің мәдениетімізді, сол мәдениеттің негізі – тіліміздің, бүгінгі жиі қолданатын тіркеспен айтсақ, бәсекеге қабілетті болуын қамдауымыз қажет. Бүгінгінің мәдениетін – бизнес, этикетін – коммерция жасауда, ендеше қазақтың тілі мен мәдениеті нарықтың осы бұлжымас ережесінен тыс қалмақ емес. Біздің ойымызша, жаһандану құбылысы да отаршылдықтың бүгінгі заманда өңін айналдырған, жетілдірілген бір түрі екен­дігін біз толық сезіне алмай жүрген сияқты­мыз. Саяси отаршылдық болмаса да, рухани отаршылдықтың, сырттың мәдени экспан­циясының дүбірі құлағымызда, жаңғырығы санамызда. Саяси отаршылдық ұлтшылдықты тудырғаны мәлім. Алаш қай­раткері Міржақып Дулатов: «Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүргеніміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді» депті. Қазіргі кезеңде бізді елшіл, отаншыл ететін осы жаһандануға деген рухани қарсылық болса керек. Өйткені жаһанданудың шынайы сипаты, ақиқат бейнесі – мәдени-рухани отаршылдық. Мұндай отаршылдық та, әлбетте, өзінің болмысы мен бағытына сәйкес қарсылық тудырмақ. Біздің ойымызша, оған қарсы тұрарлық құбылыстың аты – бүгінде елшілдік, мемлекетшілдік. Мемлекетшілдік, елшілдік – жалаң ұраннан емес, ұлттың мақтанышы боларлық бүгінгі ұрпақтың қарекетінен, тіпті өз елімізде ойлап табылған немесе жасалған ұсақ заттардан да аңғарылмақ. Ұлттық мақтаныштың кешегі тарихи тұғырларымен бірге бүгінгі тіректері де болуы шарт. Санамызды, мәдени келбетімізді қалыптастыруға тікелей әсер ететін көшеден, теледидардан күнделікті сан мың рет көретін өзге тілдердегі шетел­дік жарнамалар, телехабарлар, фильмдер, жаңалықтар, т.с.с. әуелгі ұлттық келбеті­мізді өзгертуде. Біз оларды қазақша емес, сол тілдердің ұғымдары арқылы қабылдау­дамыз. Яғни біздің санамызға басқалардың көзқарасы, бағасы, талғамы таңылуда. Бұл жаһанданудың бүгінгі күндегі ғаламдық эстетиканы қалып­тастыруының көрі­нісі. Тұрмыс пен тіл тікелей байланыс­ты. Әлгіндей ғаламдық эстетика бізге, әлбетте, негізінен алғанда, орыс тілі арқылы орнығуда. Бұл ұлттық ойлау жүйемізге, дүниенің дидарын қазақ болып тануға ықпал етері күмәнсіз. Оған осы тілде тәрбиеленген қаламгер қазақты да, саясаткер қазақты да, қарапайым қазақты да ондап, жүздеп, мыңдап атауға боларлық. Жаһандану кезінде әлемдік тілдердің ықпалы артады, содан лексикамызға жаңа сөздер енбек, терминологияның халықара­лық мазмұны күшеймек. Сөйтіп, үстем тілдерде жасалған сөз тіркестері, дайын үлгілер ұлттық тілдерге енеді және олар белсендірек қолданылады. Мемлекеттік немесе ресми тіл ретінде әбден қалыптасқан тілдер, ұлт өкілдерінің баршасы күнделікті сөйлейтін, жұмыс барысында қолданатын тілдер осы үдеріске төтеп беруге дайын әрі әлеуетті. Ал біздің жағдайымызда жаһанданудың осындай бір тілдік үдерісіне біз қам жасауымыз керек-ақ. Тәуелсіздігі қаз басқан біз тұрмақ, Франция, Германия, Ресей сияқты тәуелсіздігі берік мемлекеттер жаһанданудың осындай бір үдерісіне үлкен дайындықтар жасауда. Тілді қорғау арқылы олар ұлттық бірегейлігін сақтай­ды. Ұлттық бірегейлік сақталса – мемлекет сақталады. Тілді сақтау дегеніміз тек қана барды пайдаланып, өзге тілдердің тиімді тәжірибелерінен тыс қалу деген сөз емес. Рухани құндылықтардың қай саласында болсын жаңару, жаңғыру үдерісі жүруі қажет. Тіл де солай. Жаңғыру үдерісі ең алдымен ұлттық рухани құбылыстардың ішкі әлеуеті мен мүмкіндігінен өрістесе – құт, олай болмайынша, тіл бұзылмақ, сана өзгермек. Содан ұлттық ділге жарықшақ түспек. Әлбетте, біз заманына қарай тілдік үдерістер болатындығын, оған өзге тілдердің ықпал ететіндігін жақ­сы ұғынамыз, дегенмен сырт­тың әсері мөл­шерлі, сыйымды, тиімді болғаны абзал. Тіл ойдың көрінісі деу, бәлкім, аздық етер. Дұрысында, тіл – ой қаруы, сана шолғыншысы. Біз адамды саналы тұлға десек, сол тұлғаңыздың санасында әйтеуір бір тіл аса белсенді өмір сүрмек. Санаңда қай тіл қалыптасса, сол тілде сөйлейсің деу, әлбетте, аксиома болар. Десек те, оның маңызы айрықша. Өйткені тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл – ұлттың, тұлғаның әлемді, дүниені тану, игеру моделі. Дүниені тану, безбендеу әрбір тілде өзінше, ерекше болмақ. Сондықтан француз философы Эмиль Сьоран: «Адам мемлекетте емес, тілде өмір сүреді» депті. Шынында да, адам қай елде өмір сүрсе де, әйтеуір, бір тілдің өкілі. Діл тілді қалыптастырмағы қалай белгілі болса, тілдің ділге де ықпалы ақиқат. Тіл – ұлттың өмір сүру үдерісінде ға­сырлар бойы жинақталған рухани амалдары мен тәсілдерінің мейлінше сұрыпталған тәжірибесінің ең жарқын қазынасы десек, онда әрбір адамның сол қазынаға ортақ болғаны жөн. Содан ұлт күшеймек, мемлекет қуаттанбақ. Бізді көтеретін де, көгертетін де қазақтың тілі мен мәдениеті, солай болғанда ғана халқымыз өзінің бірегейлігін сезінеді. Қазақстан үшін жаһандану заманында осындай ұлттық бірегейлікті қалыптастыру төтенше мақсат, айрықша міндет. Өйткені жаһанданудың қарқыны мықты, күші екпінді, олай болса, оған деген қарсылық та осындай қарқын мен күшке толы болуы тиісті. Бұл бүгіннің басты амалы, ертеңнің баянды кепілі. Жаһандану ғаламдық құбылыс болға­­нымен, бастапқыда белгілі бір мемле­кеттердің мүддесінен туған­ды­ғын жоғарыда жаздық. Яғни жаһандануды дүниеге келтірген белгілі бір мемлекеттердің мүддесі десек, онда өзгелердің мүдделерінен қорғану үшін өзге мемлекеттердің де қимылдауы қажет, ол болуға тиісті табиғи қадам. Осындай қадамның аясында саяси, экономикалық шаралармен бірге рухани-мәдени шаралар міндетті түрде жүзеге асырылуы тиісті. Себебі, мемлекет – тұрғындар саны, саяси билік, экономикалық жүйе ғана емес, сонымен бірге тілдік кеңістік те. Қандай да болсын бір тілдің кеңістігі, әлбетте, белгілі бір мәдениеттің кеңістігін жасайды. Ал тілдің мемлекеттік мәртебесі сол тілдегі мәдениеттің жетекшілігін, ол мәдениеттің осы елде өмір сүретін басқа да халықтарға рухани қазына болуын қамтамасыз етпегі қажет. Мемлекет құраушы ұлттың төңірегіне диаспоралар тек тіл мен мәдениет арқылы ғана шоғырланбақ. Ең алдымен негізгі ұлттың өзі тілі мен мәдениетін игеріп, өзгелерге: «Менің тілімде сөйлесең – менің жанымды түсінесің, менің жанымды түсінсең – менің халқымды түсінесің, менің халқымды түсінсең – осы бәрімізге ортақ Отанымыз қуатты болмақ!» дей алатындай саналық деңгейге жетуі аса қажет. Бүгінгі әлемде сөйлеушілері бір миллионнан асатын 250-дей, ал сөйлеушілері он миллионнан асатын 70-тен астам тіл бар екен. Қазақ тілі сөйлеушілері жағынан шамамен жетпісінші орындарда. Егер әлемде 3 мыңнан 6 мыңға дейін тіл бар десек, онда қазақ тілі сөйлеушілері жағынан ірі тілдердің қатарына енеді. Бүгінгі мәселе жаһандану заманында кең жерімізді, ормандай ұлтымызды, қазыналы тілімізді сақтап қана қоймай, мемлекеттілігімізді нығайту, елшілдігімізді еселеу, тіліміздің қолданыс аясын барынша кеңейту. Ба­рымыздың әлгіндей бекемділігіне қара­мастан жаһандану кезеңіндегі саяси, экономикалық, мәдени үдерістер оларды бүгінгіден де баянды етуді баршамызға міндеттейді. Бүгінгі қазақ, жалпы алғанда, тарихын танып, тамырын отаршылдық тозаңынан аршып жатқан, мәдениетіне, тіліне оралып ұлттық сана-сезімін жаң­ғыртып жатқан ұлт. Бұл үдеріс қазіргіден де жалпыұлттық мазмұнға әрі қарқынды сипатқа ие болғаны игі. Жаһанданудың экономикалық екпіні, рухани беталысы бізден осыны талап етеді. Өзегінде өркеуде мемлекеттердің мүддесі менмұндалаған жаһанданудың қазіргі қарқыны Қазақстан сияқты жас мемлекеттерге ғаламдық бәйгеде сыбағалы болуды міндеттейді. Есемізді жібермей, егелік ету үшін мықты экономика, алғыр саясатпен бірге осы елді мемлекет етіп отырған басты ұлттың, яғни қазақтың тілінің, мәдениетінің, дәстүрінің салтанат құрмағы, яки рухының асқақ болмағы аса маңызды. Ұлттық рухтың негізі де, тұғыры да тіл. Тіл асқақтаса, рух биіктемек.

Ербол Тілешов, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы

23807 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7386

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6290

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4037

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3423

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3381

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3349

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3077

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3067

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы