• Тұлға
  • 29 Қараша, 2012

Алаш арысын ардақтаған кеш

Астанада Алашорда көсемдерінің бірі, белгілі заңгер Жаһанша Досмұхамедовтің 125 жылдық мерейтойы аталып өтті. Салтанатты кешке Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай қатысып, сөз сөйледі. Министр өткен ғасырдың басында ұлт мұратына қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің ел тарихындағы еңбегі мен олардың өскелең ұрпаққа берген тағылымы жа­йында айтып өтті.

– Халқымызда өшкені жанып, өлгені тірілді дейтін қанатты сөз бар. Жетпіс жылдан астам уақыт аттарын атауға тыйым салынып, еңбектерін архивтің шаң басқан сөрелерінен шығартпай қойған солақай саясаттың заманы өтіп, бүгінгі тәуелсіздік тұсында Алаш арыстарының рухы халықпен қайта қауышты. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде қабылдаған батыл шешімінің нәтижесі. Өткен ғасырдың басында жарық көрген «Ақжол», «Қазақ», «Абай», «Айқап», «Сарыарқа», «Қазақстан» сияқты қазақ баспасөзінің сарғайған беттерін қайта парақтасақ, Жаһанша Досмұхамедовтің ХХ ғасырдың басындағы ірі саясаткер, кәсіби заңгер және көрнекті қоғам қайраткері екеніне көзіміз жете түседі. Қоғамдық саяси қызметтерінің қырларын, мемлекеттік және құқықтық көзқарастарын оқи отырып, оның қазақ қоғамын жаңаша өркендетудегі өлшеусіз ісіне қанық боламыз, – деп атап өткен ­Дархан Қамзабекұлы, – Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедов қазақ халқының оқу-білімге ұмтылуына жол ашып, білім алып жатқан қазақ балаларына стипендия бергізіп, қазақ тіліндегі оқу құралдарының көптеп шығуына үлес қосқанын, тәуелді болудан құтылудың төте жолы оқу екенін жақсы түсінгенін және өз халқының алдыңғы қатарлы дамыған ұлттар тәрізді білімге ұмтылғанын қалағанын тілге тиек етті. Қазақ сахарасындағы ең құнды құжат Тәуке ханның Жеті жарғысын қазақтың тұңғыш заңдар жинағы ретінде көрсетіп, түркі жұртшылығына дәлелдей білгенін де атады. Шешендігі жайында сөз еткенде, оның шын мәнінде алғыр ойлы болғанына тоқталды. – Жаһанша Досмұхамедов саясаткер ретінде Алашорданың батыс бөлігін басқарып, қазақ сахарасында орныққан саяси және экономикалық ахуалды реттеп отыруға күш-жігерін салды. «Алаштың бірігуіне, батыс өңіріндегі Алаш жұртын сақтап қалуға, дамытуға үлкен еңбек сіңірді. Орта Азияда, Қазақстанда түпкілікті ұлттар мен этностардың мекендейтінін ескере оты­рып, осы халықтарды бір-бірімен өзара біріктіру саясатын қолдады. Алаш арысы мемлекет құру үшін ең әуелі мемлекеттік аппарат қалыптастырудың маңызды екеніне баса назар аударды. Ол бұл жөнінде «мемлекеттік билік әзірге үстемдік құрған кезде қазақ халқы өзін сақтап қалу үшін мемлекеттік аппаратқа қол жеткізуі тиіс» деген ұстанымын жұртшылыққа жария етіп, сол аппараттың қалыптасуына үлкен еңбек етті, – деді министр. Мерекелік жиында Жаһанша Досмұхаме­дов­­тің дербес мемлекет құрудағы сіңір­­ген еңбегі, 1918 жылы мамырда «Ойыл уәлая­ты» деп аталатын тұңғыш аймақтық автономия­ны жариялағаны, Үкімет төрағасына сайла­нып, Премьер-министр және әскери істері минист­рі қызметтерінде болғаны аталып өтілді. Қайраткердің кешіне Батыс Қазақстан облысынан туған-туыстары арнайы шақы­рылыпты. Соның бірі Жаһанша Досмұхамедовтің бел немересі Есенғали Құдесұлы «Атамның өзін көрмегенмен, әжемізді көріп қалдым» деп сыр шертті. «Әжем 1986 жылы қайтыс болған еді. Мен ол кісімен сол кезге дейін хабарласып, араласып тұрдым. Әжеміздің қолында менің әкемнің туған ағасы Хадес болды. Оны атам өзінде бала болмаған соң бауырына басып, бала еткен екен. Ол ағамыз 1971 жылы дүниеден өтті» деді ол. Ал белгілі тарихшы Ақбай Жайсаң Жаһанша Досмұхамедовтің «Ойыл уәлаяты» автономиясын құрғанымен оны сақтап қалу мүмкіндігі болмағанын айтады. «Алашорда билігі Қазақстанның батысында 17 ай өмір сүрді. Он жеті ай қазақтың кәдімгі мемлекеттілігі қалыптасып, оның басында өзіміздің адал ұлдарымыз, ұлы көсем­деріміз Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов тұрды. Бұлар халықтың рухын оятуда үлкен қызмет атқарған жоғары білімді азаматтар еді. Тәуелсіздіктің туын биік көтеріп ұста­ғанымен, оны сақтап қалу мүмкіндігі болмады. Жан-жақтан қоршаған жау, большевиктер мен патшаның бұрынғы генералдары «Россия ешқайда бөлінбейді, Россия қалыптасқан им­перия түрінде сақталады» деп, Жаһанша бас­­таған «Ойыл уәлаятын» таратып жіберді. Бірақ олардың идеяларын халық ешуақытта ұмыт­­пады. Қазір сол тәуелсіздігіміздің туын ал­ғаш көтерген азаматтарымыздың есімін алып, құрмет көрсету өте орынды» деді тарихшы. Бейбітгүл Исаева

3144 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7837

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6537

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4283

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3667

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3629

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3592

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3324

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3315

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы