• Тұлға
  • 29 Қараша, 2012

Ұлт, тарих және қаламгер

Әдебиетте өз орны бар қаламгер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарайдың 75 жылдық мерейтойы астаналық ағайынның ортасында аталып өтті. «Ұлт, тарих және қаламгер» атты кешке Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай және ақын-жазушылар қатысты. Кешті Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайыл жүргізді.  Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының жазушы мерейтойына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. «Халқымыз бүгінде өзіңізді есіміңіз қазақ оқырмандарына кеңінен танымал қаламгер және зиялы азамат ретінде жақсы біледі әрі құрметтейді. Еңбек жолыңызды журналистикадан бастап, көп жыл бойы еліміздің мерзімдік басылымында, шығармашылық одақта және кітап баспасында жемісті жұмыс істедіңіз. Жартығасырлық өнімді шығармашылық қызметіңіздің аясында сіздің қаламыңыздан көптеген очерктер мен мақалалар, әңгімелер мен хикаяттар, романдар мен драмалық туындылар, толымды тарихи зерттеулер дүниеге келді. Дәуір дидары шебер суреттелетін кең тынысты туындыларыңыз бен танымдық мәні терең зерттеулеріңіз ұлттық әдебиетіміздің өркендеуіне қосылған елеулі үлес деп білемін. Еңбегіңіздің еліміздің Мемлекеттік сыйлығымен, жоғары наградаларымен атап өтілуі де сондықтан деп білемін. Мерейтойыңыз тұсында сізге мықты денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!» делінген хатта. Мемлекеттік хатшы жазушының шығармашылы­ғын айта келіп: «Әнекеңнің еліміздің елең-алаң шағында шығып, қалың оқырманның біреуіне жетсе, біреуіне жетпей қалған, әлі күнге дейін әдеби ортадан өзінің лайықты бағасын алып үлгермеген «Еділ-Жайық» романы қазақ әдебиетіндегі құбылыс деңгейіндегі шығарма болды. Себебі Хамза Есенжановтан кейінгі сол заманда Қазақстанның батыс өңірінің тарихын тарқатып айту, әсіресе цензураның кезінде айта алмай кеткен ағаларымыздың ақиқатын аша білген шығарма болды. Алашорда тарихы – күрделі тарих. Өкінішке қарай, біз оны әлі күнге дейін жеріне жеткізіп зерттей алмай жүрміз. Батыс Алашордасының атақты қайраткерлерінің тұтастай бір образдарының галереясын жасаған, ХХ ғасырдың ақиқат шындығын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ айта білген үлкен жілікті шығарма бұл» деді. Содан соң жазушының ғалымдар дендеп бара алмаған күрделі тақырыптарға еркін барғанын атады. Әбіш Кекілбайұлы жазушының шығармашылық жолын үш салаға бөлуге болатынына тоқталды. Алдымен «Дауылдан» басталған таза классикалық жол. Бұл жолда ол әңгіме жанрындағы үлкен логистиканың шебері болды. Бұдан кейін повестер жаза бастады. «Қараша», «Өткелде», т.б. көптеген жақсы әңгіме, повестер жазды. Жазушының ең құнды тақырыптары «Еділ-Жайық» эпикалық шығармасымен жалғасты» деді ол. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин мерейтой иесін қаламгер әріптестерінің атынан арнайы құттықтап, иығына шапан жапты. «Алпысыншы жылдарғы қалам тербеген жазушылардың ішінде мені қатты таңғалдырғаны Әнес болды, – деді өз кезегінде сөз сөйлеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалин. – Әнес шығармаларындағы бір ғаламат нәрсе – ол қазақ прозасында көп айтыла қоймаған теңіздің табиғаты, мінезі, соған сай адамдардың мінез-құлқы және сол адамдардың іс-әрекеттерін шебер суреттеуінде дер едім. Кез келген шығармасын алсаңыз, соның бәрінде бейнелеу, суреттеу өте көп». Кеш барысында Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрамов жазушының «Көк түріктер» атты туындысынан үзінді оқыды. Қазақ халқы Әнес Сарайды тарихи шығармаларды дүниеге әкелген жазушы ретінде айрықша құрмет тұтады. Әсіресе оның «Қараша өткен соң», «Бозқырау», «Тосқауыл», «Алтын арал», «Ақ тымық түн», «Асылдың сынығы», «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», ­«Исатай мен Махамбет», «Адайлардың арғы тарихы», «Ноғайлы», «Көнеліктер» атты кітаптарын оқырмандар ерекше ықыласпен қабыл алды. Қаламгердің ауқымды зерттеулерінің бірі Махамбет ақынға қатысты. ­«Исатай мен Махамбет» атты зерттеуі бұдан соң да «Екі тарлан», «Махамбет әлемі» деген атаулармен жарық көрсе, осы еңбек биыл «Махамбет» деген атпен көлемді кітап болып оқырман қолына тиді. Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

2651 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7914

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6580

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4324

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3708

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3671

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3633

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3365

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3357

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы