• Тұлға
  • 29 Қараша, 2012

Батамен ер көгерер...

1991 жылдың 1 желтоқсанында елімізде бүкілхалықтық президенттік сайлау өтті. Сайлау қарсаңында Республика Президенттігінен бірден-бір үміткер Нұрсұлтан Назарбаев жер-жерде болып сайлаушылармен кездескен еді. Негізі, Н.Назарбаев бұл кезде онсыз да Республика Президенті болатын. 1990 жылдың сәуірінде еліміздің Жоғарғы Кеңесі Нұрсұлтан Әбішұлын Қазақ Елінің Президенті етіп сайлады. Сонда тағы Президент сайлауын өткізу не үшін қажет болды? Себеп – Президент мәртебесінің өкілеттіктері әлі де тарлау еді. Әсіресе заң шығарушылығы жағынан басымдығы әлсіздеу болатын. Ал үлкен себеп – Президентті халық емес, Жоғарғы Кеңестің сайлауы еді. Демократия, еркіндік мықты дамып отырған елдерде ел Президентін тұтас халық сайлайды. Халық сайлаған Президентті ғана өркениетті елдер мойындайды. Ал біздер, қазақстандықтар демократия принциптерімен сол уақытта жаңа-жаңа қанығып келе жатқан болатынбыз.

Ол уақытта республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жезқазған облысы бойынша меншікті тілшісіміз.Президенттікке кандидаттың еліміздің мысты аймағы саналатын Жезқазғанда да болатыны алдын ала белгілі болды. Жергілікті басылымдар 27 қарашада шыққан нөмірлерінде Н.Назарбаевтың сайлаушылармен кездесу өткізетінін халыққа жария етіп те үлгерді. Тіпті сапар бағдарламасын да жұртшылыққа хабардар етті. ...Жезқазғанның әуежайы қа­дірлі қонақты күтуге дайын тұрды. Әуежай ғимаратының төбесінде мем­лекетіміздің жалауы желбірейді. Қазақ және орыс тілдерінде жазылған ұрандар. Қазақшасында «Нұрсұлтан! Гүлдене бер­сін халқың, арта берсін даңқың!» де­лінсе, орысшасында «Нурсултан Абишевич! Поддерживаем вашу политику согласия и мира!» делінген. Осыдан шамалы-ақ күн бұрын Қазақ­­­станда тарихта мәңгілікке қалар ұлы оқиға болған. Қазақ ғарыш­кері тұң­ғыш рет ғарышқа ұшты. Елдің қуа­ны­шы әлі де ып-ыстық қал­пында еді. Екінші ғарышкеріміз де ғарышқа ұшуға дайындалу үстінде болатын. Осы­ны айғақтағандай ғимарат қабырғасын­да Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­­зақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров­­пен және Талғат Мұсабаевпен әңгімеле­сіп тұрған сәті бейнеленген көлемді сурет ілінген. Қарашаның аяқ кезі ғой. Күн сал­қындау. Ептеп ызғар бар. Бірақ мұ­ны елеп жатқан адам жоқ. Осы жерде жиналған үлкен де, кіші де Елбасын көруге ынтық. Оның үстіне Президент ұшағы да кешігіп жатыр. Белгіленген уақыттан екі сағат асып барады. Бір кезде Президент ұшағы да көрінді-ау. Жерге «табаны» тигеннен кейін ақырын жылжып, жиналған жұрттың тұсына тоқтады. Ұшақ сыртқы келбетімен-ақ көзге жылы ұшырады. Онда мемлекетіміздің жалауы, елтаңбасы бейнеленген. Бәрінен бұрын көңілді толқытқан көрініс – ұшақтың бауырындағы «Қазақстан» деген айшықты жазу. Өз­ге ұшақтардан осынысымен ерекшеленетін әуе көлігі. «Байқаңдар, Қазақстан енді бұрынғы Қазақстан емес, ол бодандықтан арыл­ған, егемен, тәуелсіз мемлекет!» деп тұрғандай еді. Ұшақ баспалдағынан «Міне, мен де келдім» дегендей жарқын жүзді, басында қысқы бас киімі, үстінде жеңіл пальтосы бар Назарбаев түсіп келе жатты. Аспанда «Сарыарқа» күйі күмбір­­леп кетті. Президентке дәм-тұз ұсыныл­ды. Кимешек киген әжелер күмістен шашу шашты. Қызылды-жасылды киінген ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері өз тілдерінде тілектерін айтып жатыр. Осы кезде құндыз бөрікті, ою-өрнекті шапан киген белгілі жырау, айтыс ақыны Шынболат Ділдебаев қолындағы домбырасын қағып-қағып жіберіп, арнау-жырын төге жөнелді: Қош келдің, Жезқазғанның қаласына, Сағынған Сарыарқаның даласына. Өзіңмен бірге келсін бақыт құсы, Мыс қазған кеншілердің арасына. Ел болдық пейілі сай даласына, Тапталмай өзгелердің таласына. Аузыңнан шыққан әрбір асыл сөзің, Еліңнің ем боп жатыр даласына. Басынып бара жатқан бәзбіреулер, Түскендей болып қалды сабасына. Қаптаған Арқадағы қалың елің, Ешкімнің қалдырмайды табасына. Алғыс пен ақ батасын ел береді, Халқымның ардақ тұтқан баласына. Айтатын ел атынан аманатым, Күні бол көгінен нұр ала алатын. Қазақтың маңдайдағы бір ұлы едің, Қараңғы, қиыннан жол таба алатын. Артыңда қара ормандай халқың бар, Бел буып қайда болсын бара алатын. «Мың өліп, мың тірілген» ел едік қой, Тағдырдың тартқан талай ғаламатын. Арманың Абылайдай биік болса, Тарихты таңдандырып қалар атың. Теміртау құрышына қайнап піскен, Тілейміз Нұрсұлтанның саламатын. Халқыңның болашағы өз қолыңда, Атадан артып туған азаматым. – Паһ, шіркін! – деп өзін мақтаған ақын сөзіне жымиыс танытқан Нұрсұлтан Назарбаев рақметін айтып, микрофонға жақындады: – Қазіргідей қиын-қыстау шақта ыстық ниет білдірген сіздерге рақмет. Барлықтарыңыздың отбастарыңызға аман-саулық, халқымызға бірлік тілеймін! – деді. Бұл күні Жезқазған қаласының көшелерінде халық мол болды. Мыс шаһары бүгінгідей аса қадірменді қонақ­ты көптен қарсы алмаған. Президент көлігі өтетін көшелерде ілінген ұрандар менмұндалап тұр. Солардың арасынан «Елін сүйген ерге сәлем!», «Елім деп соқсын жүрегің, Сарыарқа болар тірегің!» деген іспетті жазулар көзге шалынатын. Осының өзі халықтың өз перзентіне деген сүйіспеншілігі мен ықыласын аңғартқандай еді. Президент және оның жанындағы ресми адамдар мінген көліктер кен­шілер елді мекені саналатын Сәтбаев қаласына жол тартты. Ат басын осы қалада орын тепкен «Жезқазғантүстіметалл» ғылыми-өндірістік бірлестігінің белгілі кәсіпорын­дарының бірі – Батыс Жезқаз­ған кенішінің №55 шахта ауласына барып тіреді. Мұнда да қалың ел. Осында тек кеніш еңбеккерлері ғана емес қала­ның өзге де тұрғындары жиналғаны байқалады. Осы жерде шағын басқосу өтті. Сөйлегендер Президенттіктен үміткерге сайлауда табыс тілеп жатыр. Араларында қағазға түсірген өтініш-тілектерін Елбасына ұсынып жатқандар бар. Шахта ғимаратына енген Пре­зидент кеніштің тыныс-тіршілігін танытатын әртүрлі плакаттармен, сызбалармен танысты. Кәсіпорын туралы білікті инженер, кеніш директоры Рүстем Төлебаев түсініктеме беріп жүрді. Рүстем көп сөйлемейтін, бірақ ұйымдастырушылық қабілеті мол, жан-жақты ойлайтын азамат еді. Кейін Балқаш кен-металлургия комбинатының бас директоры болды. Үкімет тарапынан ізгі ойларына қолдау таба алмаған басшы жігіт бұл қызметте көп тұрақтамады. Содан бизнес саласына кетті. Сол Рүстем Президент алдында іркілмей, кібіртіктемей кеніш жұмысы жайында қысқа да нұсқа әңгімелеп берді. Елбасы жер үстіндегі жұмыстың жай-жапсарымен танысып қана қоймай, шахтаға түсуге бел буды. Өкінішке орай, жергілікті журна­листерді олай қарай жібермеді. Үстіне кеншінің жұмыс киі­мін, басына кас­касын киген Елбасы­­на сәт­­тілік тілеп қала бердік. Артынан біл­­­дік, ол жер астында болып, кенші Бақберген Жанпейісов жетекшілік ететін бригада мүшелерімен кездесіп, пікір алмасыпты. Сол күні кешкілік Нұрсұлтан Әбішұлы облыстық мәдениет орталығында сайлаушылармен кездесу өткізді. Оны облыстық кеңестің төрағасы Шәріпбек Шардарбеков аш­ты. Бірінші болып Президенттікке кан­дидаттың облыстағы сенімді өкілі, кә­сіподақтар федерациясы облыстық ке­ңесінің төрағасы Григорий Юрченко сөз алды. Осы кісі кейін Жезқазған облысының әкімі болды. Кездесуде сөз сөйлегендердің бірі бүгінгі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов. Әлихан ол уақытта Қарағанды поли­­тех­никалық институтының Жез­қазғандағы филиалының доценті, облыстық ке­ңестің депутаты әрі облыстық «Ұлытау» қоғамдық қозға­лысының төрағасы болатын. Бұл екеуінен басқа да бірнеше адамдар сөз алды. Олардың қатарында «Балқашмыс» өндірістік бірлестігінің шахташылар бригадирі М.Қасенов, «Жезқазғантүстіметалл» ҒӨБ-нің бас директоры Т.Урумов, Жезді ауылы­ның шопаны Т.Тынымбаев, Приозерск қаласы­ның әскери қызметшісі Ю.Герасименко, облыстың бас педиаторы Т.Закржевская болды. Бұлардың бәрі де Президенттікке үміткерді қолдады, сондай-ақ облыстағы орын алып отырған өзекті мәселелерге Президент назарын аударды. Жұрттың тағатсыздана күткені Елбасы­­­ның сөзі еді. Назарбаевтың сөзге шешендігіне жиналғандар осы жолы анық көз жеткізді. Ол адамдарды өзіне баурай біледі. Олай болатын себебі: ойын ашық айтады, артық сөз­ге бой алдырмайды және сол мезет­те адамдарды не толғандырып отырға­нын дөп басады. Елдің бар зейінімен тыңдай қалатыны да осыдан. – Сіздердің алдарыңызда тұрған жа­ңа адам емес, – деді ол – осыдан бір жылдан астам бұрын заңды сайланған Президент. Сіздер мені жақсы білесіздер. Мен сіздерді бұған дейін жарияланған­нан басқа бағ­дарламамен таңғалдырғым келмейді. Менің есебімді де тыңдайтын уақыт келді деп есептеймін. Сіздердің бәріне де құқықтарыңыз бар, ­аманат бе­ру­­­леріңізге, саясатты бағалауға, Қазақстан басшылығының қызметіне бағыт берулеріңізге болады. Өз басым қазір сайлау науқанын өткізуге қолайлы уақыт деп санаймын. Мен адамдарға аспаннан құймақ жаудырам, алтын таулар орнатам, кейбіреулер айтатындай санаулы айлар ішінде жағдайды жақсартам деп айта алмаймын. Өткенге, қайта құру барысында жіберілген кемшіліктерге де тоқталғым келмейді. Қазіргідей ауыр уа­қытта біз бәріміз де бірге болуға тиіс­ті­міз. Бұған дейінгі қабылданған, бағдарламалар, айтылған әңгімелер де жетер. Республикада нарық экономикасына көшуде батыл қадамдар жасайтын уақыт жетті. Бұл кезең жеңіл емес. Сол себепті осы ауыр жүкті иыққа салу үшін осы бүкілхалықтық Президент сайлауын өткізу қажет. Бұдан әрі Президент республика алдындағы бірінші кезектегі міндеттер­ге тоқталды. Жиналғандар экономика құрылымдары қайта кұрылатынын білді. Бағаның еркін жіберілетіндігі айтылды. Мемлекет басшысы жұ­­мыс­сыздық, бюджет тапшылығы пайда болатынын, кейбір әлеуметтік проб­лемаларды шешу уа­қытша тоқтатылатынын да жасырмады. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру басталатынын да айтты. – Нарықтық экономикаға көшу жағдайында кадрге жауапкершілік күшеюі қажет, – деді сөзінің аяғында – эко­номиканы ырықсыздандырып, шы­­­­ғын­ды кәсіпорындарды жауып, аппаратты қысқарту керек. Қылмыс­қа, жең ұшынан жалғасушылыққа қар­сы күрес күшейтілуі тиіс. Алдымызда көп қиындықтар тұр. Соларды жеңе білуіміз қажет. Кездесу барысында жиналған­дардың көкейлеріндегі ой-пікірлерін айтуға, Елбасына сұрақ қоюларына мүмкіндік жасалды. Назарбаев олар­дың бәріне де жауап берді. Кездесуге қатысушылар облыстың барлық сайлаушыларына үндеу қа­был­да­ды. Онда былай делінеді: «Біздер, Қазақ ССР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевпен кездесуге қатысушылар қазіргі бетбұрыс кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы зор беделге ие және көпұлтты Қазақстан мен бүкіл еліміз халқына танымал болғандығын шын жүректен мәлімдейміз. Қазіргі аса күрделі ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда Нұрсұлтан Әбішұлы республиканың еге­мендігін одан әрі нығайту үшін қол­дан келгеннің бәрін жасауда, экономиканың нарық қатынастарына көшуіне байланысты Казақстанды түбегейлі жаңғырту бағытын дәйек­тілікпен және нық ұстап келеді. Ол жүргізіп отырған саясат нәтижесінде республикамыз еліміздің неғұрлым тыныш және қалыпты аймағы болып отыр. Сайлаушылардың Жезқазған қаласында Н.Ә.Назарбаев жолдас­пен кездесуі оның Қазақстанның гүлденуіне жету және республикада өмір сүретін барлық халықтардың бірлігі мен келісімін қамтамасыз ету жолындағы ұмтылысын, қажымас ерік-жігерін тағы да қуаттап берді. Кездесуге қатысушылар облыс­тың барлық сайлаушыларын сайлау күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бір кісідей дауыс беруге шақырады. Егеменді мемлекетіміздің Президенттігіне тек Назарбаев қана лайық деп білеміз». Үндеуде айтылғандай расында да Назарбаевтың сөзінде болашаққа деген зор сенімділік байқалатын. Жанары жарқылдап, бойындағы ерік-жігер тас­­қы­ны адамның көңілін бауратпай қой­майтын. Ол «Мені Президент етіп сайласаңдар бәрін де қатырамын» деп үйіп-төгіп уәде бермеді. Көбіне алдағы кездесер, қазіргі күні етектен тартып отырған проблемаларды тілге тиек етті. Елдегі жағдайдың күрделі екендігі оның сайлау алдындағы бағдарламасынан да айқын сезілетін. Бәрібір де көпшілік Назарбаевқа сенім білдірді. Елдің қамын ойласа, Назарбаев ойлайды деген үміт салмағы басымырақ жатты. Елі Назарбаевқа қалай сенсе ол да мысты өңірден Алматыға жақсы көңіл күйде аттанып кетті. Сайлаушылар тарапынан қолдау боларына күмәнсіз еді. Президенттің жайдары аттанға­­нын сол кездегі облыс басшысы Шәріпбек Шардарбеков те әуежай басында аң­ғарт­ты. Ортасында сол кісі тұрған ша­ғын топқа жақындағанымызда Шәкең жанын­дағы азаматтарға ризашылы­ғын білдіріп тұр екен. – Нұрекең жақсы көңіл күйде кетті. Оның Жезқазғандағы сапары­ның жоғары деңгейде өтуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз қомақты. Көп рақмет. Нұрсұлтан Әбішұлы елдің, бәріміздің сенімімізді арқалап жүрген азамат. Бұл жүктің салмағы ауыр. Халқымыздың жарқын ертеңі үшін қабырғасы қайыса еңбек етіп жүрген Елбасымыз аман болсын. Осыны тілеп жүрейік. ...Әуежайдан шығып қалаға тарттық. Айналаға ақырын-ақырын қараңғылық түсіп келеді. Төңірек тып-тыныш. Тіршіліктің қызу дүрмегі Президентпен қоса ілесіп кеткендей. Сол жылғы тұңғыш бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ­стан Республикасының Прези­ден­ті болып сайланды. Ел тілегі ақталды. Аталардың батасы қабыл болды. Тілек те, бата да нағыз азаматқа, халық калаулысына, көпшілік құр­меттісіне берілетін болса керек. Сайлау қарсаңында Президенттікке үміт­керге ақ тілегі мен ақ батасын жолдаушылар көп болды. Мәселен, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ардақты ақсақал Қойшыбек Тоқтамысұлы ақ тілегін былайша жеткізіп еді: Егеменді болдық Туды жұлдызды күніміз, Шүкір, Абылайдан кейін Елім, жерім дейтін, Бар енді атақты перзентіміз. Қолбасшымыз – Президентіміз. Сенетініміз, Піріміз. Ертеңгі алдағы бағытымыз, Шығар бұл да бүгінгі біздің ­бақыты­мыз. Дегендей жалғыз ұлымыз, Баласындай көреді оны бар ұлтымыз, Жасырмаймыз, Біз қазақстандықтар: «Бәрінен де ынтымақ керек» деген. Саясатын оның жақтаймыз, Зор денсаулық, табыс тілейміз. Нұреке деп, еркелетіп мақтаймыз. Хан да, сұлтан да болмасын. Сенімін ақтап жұртының, Президенттікке қайта сайлансын, Сүйікті Нұрсұлтанымыз, – дейді халқымыз. Осыны айтып мінбеден түсе берген Қойшекеңді Нұрсұлтан Әбішұлы орнынан тұрып қарсы алып, «Рақмет, аға!» деп қарияның қолын алған. Өмірінің денін ұстаздыққа арна­­ған, Ұлы Отан соғысына қатысушы ­майдангер қарт Мырзағали Байбосын­ұлы да Елбасын әуежайда шығарып салып тұрып, ақ батасын берген. Кейін Мырзағали атамен болған бір кездесу­де бата мәтінін дайындауда көп еңбектен­генін айтып еді. Қалай дегенмен Мемлекет басшысына бата беру жай нәрсе емес қой. Жауапкершілігі мол. Ол бата­да не айтылып еді? Ұзақ ойдан, терең тол­­ға­ныс­тан туған Мырзағали атаның жүрекжарды ақ батасын көпшілікке сол күйінде ұсынғанды жөн көрдім. Биссмилаһи-р-рахмани-р-рахим! Уа, Нұрсұлтан шырағым! Қазақты бірлікке баста, Еркіндікке, елдікке баста. Үй ішінде қашанда қатарлы көптің бірі бол, Алқалы той, жиында. Алатаудай ірі бол. Әрбір ісің сәтті болсын, Қарымың қатты болсын. Қорлық көргенге қорған, сасқанға сабыр бол! Табылғанша сара жол, қиындыққа әзір бол. Үлкенге іні бол, кішіге аға бол, Барлық қазаққа пана бол! Әділетті дана бол, Төле бидей тойымды бол, Абылайдай алымды бол. Алды-артың Сарыарқадай кең болсын, Еліңнің еңсесін түзеп, қатары тек тең болсын! Сарыарқаға ерекше, Құт береке қонған жер. Қымбат кенге қойнауы, Өрісі малға толған жер. Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке би болған жер. Ұлылықтың белгісі, Ұлытаудың батыры, Ел қорғаған Едіге ер, Қараменде, Жидебай жатқан, Желмаясын желдіртіп, Асанқайғы топырағын басқан. Кен байлығын көрсетіп, Қаныш Сәтбай ашқан. Киелі жердің аруағы қолдасын. Қызыр баба, қырық шілтен, Пәле-жәледен қорғасын. Жаратқан тәңір жаныңа, Жолатпасын жаманат. Тағдыры барша халықтың, Бір өзіңе аманат. Аллаһу әкбар. Әмин! Сын сәт – халықтық сайлау барысында мұндай шынайы тілектер мен баталардың шарапаты тимеді деп қалай айта аларсың... ...1991 жылы 1 желтоқсанда өткен Президент сайлауы жауапты таңдау еді. Нәти­жесінде осы маңызды науқанға қа­тыс­­қан сайлаушылардың 98,78 пайы­­­­зы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты жақ­тап дауыс берді. Сөйтіп, ­егемен елдің Тұңғыш Президен­ті болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. Одан бері де жиырма жылдан ас­там уақыт өтті. Көп өзгерістер, жаңалық­тар болды. Қазір Ел де, Елбасы да әлем­ге танымал. Туған еліміз – Қазақстан та­лай асуларды бағындырып, өсіп-өркен­деп келеді. Демек, көшбасшыны таңдау­да қателік болған жоқ. Нұрперзент Домбай

8116 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7769

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6495

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4242

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3624

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3586

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3550

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3281

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3272

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы