• Тұлға
  • 22 Желтоқсан, 2012

Көргені көп, түйгені мол

Ботабай ағамыз батысында Ақтөбе, солтүстігінде Қарағанды облысымен шектесетін «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деп бұрынғылар айтқандай, сол кең алқаптағы қасиетті «Тападан» әудем жердегі «Ақай» деген құдықтың басында дүниеге келіпті. Соғыс басталған жылдың желтоқсаны бұрынғыдан да ызғарлы тиді. Дегенмен, Рыстығұл әулеті көштен қалып, астан тарыға қойған жоқ. Құдайға шүкір, қолда мал бар. Қыр мен Қызылдың өзге жерден артықшылығы сонда емес пе? Алайда әке мен шешенің колхоздың жылдың төрт мезгілінде таусылмайтын жұмысынан үй көруге мұрсаттары жоқ. Мұны мектепке апарып, оқуға тапсыруға да уақыттары тапшы.

Бірде Ботабайды әкесі Рыстығұл жетінші класта оқитын Жаниязға қосып, Жаңақазалыға жіберді. Жалаңаяқ, жалаңбас, жаяу жүріп қалаға жеткен бұлар алдымен «Қожаназар ишан» мешітіне келіп, ата-баба рухына құран оқыттырды. Шамасы әке тәртібі солай болса керек. Сонда Ботабай сегіз жаста екен. Немере ағасы Жаниязды «тәте» дейтін. Мешіттен соң тәтесі бұны жетектеп мектепке алып барды. Оқу әлдеқашан басталып кетсе де Жанияз мектеп басшыларымен, мұғалімдермен сөйлесіп, інісін мектептің бірінші класына қабылдаттырды. «Тапаның» құм суырған табанынан оқу іздеп қалаға қаражаяу келген бала тағдыр жазып, белгілі педагог Ахмет Әуесбаевтің қолына түсіпті. Мектеп қабырғасындағы он жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Енді балаң жігіт Ботабайдың алдында биік арман тұрды. Ол – оқу, жоғары білім алу. Ботабайдың жолы болып, Ташкент теміржол институтының студенті атанды. Оқу бітіргесін екі жыл Ташкент тепловоз жөндеу зауытында тәжірибе мектебінен өтіп, туған жерге Қазалы локомотив депосына жолдамамен оралды. Ол жетекшілік еткен цехтар жұмыс сапасын арттырып, өндіріске жаңашыл ұсыныстар енгізіп, еңбек өнімділігі мен көрсеткіші жоғарылады. Ботабай Рыстығұлұлы 1971 жылы Қазалы аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылды. Кадрларды електен өткізетін, басқарудың негізін қалайтын саяси орталық екі жылдың ішінде орда бұзар отызға енді кірген жігіттің саяси ой-өрісін одан сайын кеңітті. Мұнда ол теміржол, автокөлік мекемелері партия ұйымдарының беделін арттыруға атсалыс­ты. Партиялық жұмыста ысылған азамат 1972 жылы өзі еңбек еткен Локомотив депосы партия комитетінің хатшылығына аудандағы ең үлкен дербес саяси ұйымды басқаруға жіберілді. Ұйымға жетекшілік еткен бес жыл Ботабайдың ойын ұштап, ұйымдастыру жұмыстарының кейбір тетіктерін терең түсінуіне жол ашты. Адамдармен қоян-қолтық жұмыс жасаудың аса жауапты екенін түсінді. Ботабай өзіне көрсетілген сенімді ақтау үшін аянбай қызмет етті. Дамылсыз өткен күндер мен түндер оны ширата түсті. Депоның жоғары құрамында тәртіп орнады. Адам факторына айрықша көңіл бөлінді. Бірнеше дүркін облыстық, аймақтық семинар-кеңестер өтті. Көптеген цехтар өнім өндіруді ұлғайтты. Комсомол – жастар бригадалары құрылып, өндіріске тың күш қосылды. Жүздеген жұмысшы Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы атанды. Өзі «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауына тақты. Ботабай Рыстығұлұлының қолынан іс келетіндігіне партиялық сыннан өткен жылдар куә. Енді оны аудан басшылығы дербес мекеме басқаруға жіберуді ұйғарды. 1977 жылы Жаңақазалы поселкелік кеңесі атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Поселке тұрғындарына қай уақытта да таза су тапшы. Ботекең жұмысты осы мәселеден бас­тауды дұрыс деп тапты. Сырдария жағасына су айдайтын насос стансасын құруды ойластырып, жоспарда жоқ істі жедел қолға алды. Осы жұмыстың қажеттілігіне көптеген адамдардың көзін жеткізіп, көндірді. Жұмысты өз дәрежесінде атқару үшін бірнеше мекеме жұмылдырылды. Поселкенің орталық көшелерін асфальттау, мәдени ғимараттарды жөндеп, көшелерді абат­тандыру қолға алынды. Мектептер мен балабақшалар құрылысы бой көтерді. Орнықтылығы, ыждаһаттылығы, орындау­шылық қабілеті, іскерлігімен биік беделге қол жеткізген ол 1981 жылы аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына сайланды. Мұнда да оны көп жұмыстары күтіп тұрды. Локомотив депосының жаңа құрылысы, шаруашылықтардағы сауын сиырлар фермасы, мал бордақылау кешені, әлеуметтік құрылыстар Ботабайдың күнделікті бақылауындағы күрделі нысандар. Сөйтіп, теміржолшы Ботабай «құрылысшы Ботабай» атанды. 1983 жылы ауданның жаңа басшылығы оның өмірдеректерін ескере отырып, шаруашылық жә­не саяси-идеологиялық жұмыстарда өзін адал еңбегімен ақтай білген атпал азаматты ма­мандығына сәйкес Қазалы Локомотив депосына бастық етіп қызметке ауыстырды. Теміржолдың ыстық-суығанда ысылған азамат депо жұмысын алға сүйреді. Тәулігіне жүйрік пойыздардан басқа 34-36 жұп, яғни 68-70 пойыз құрамы жүріп тұратын. Пойыздарға дер кезінде тепловоз, бригада дайындау жауапкершілікті талап етті. Тепловоздарды жанар-жағармаймен, сумен жабдықтау да оңай шаруа емес-ті. Оның үстіне алты жүз адам жұмыс жасайтын тепловоз жөндеу цехы бар. Жаңадан бірнеше цех ашылды. Сол кезеңдердегі Қызылор­да жол бөлімшесі басшыларының ­Ботабай басқар­ған ұжымға деген ризашылығы шексіз. Болат жолдың бойындағы өзінің төл мекемесінен соң Ботекең екі жыл Қазалы қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Қай қызметте де жұмыстың көзін тауып жүретін ол тарихи қаланың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Мұражай ауласына шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың ескерткіші орнатылды. Ежелгі «Ояз» бағын қалпына келтіру шаралары іске асырылды. Кәсіптік-техникалық училищенің жаңа үлгідегі ғимараты салынды. 1986 жылы Ботабай Рыстығұлұлы­ның қызметінде тағы да өзгеріс болып, Қазалы жол жөндеу және пайдалану мекемесінің басшылығына тағайындалды. Оның ширек ғасыр уақыты, өмірінің ең маңызды кезеңдері осы ұжымда өтті. Ауданда Әлсейіт – Түктібаев, К.Маркс – Жаңақұрылыс, Қожабақы – Кәукей жолдары салынды. Бүкілодақтық Самара – Шымкент тасжолына жылына 90-100 шақырымға дейін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осындай маңызды істердің басы-қасында Ботабай Рыстығұлұлы жүрді. Төгілген тер, еткен еңбек зая кеткен жоқ. Игілігін халық көрді. Өзі Қазақстан Республикасының «Құрметті жолшысы», «Автожол үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Облыстық, республикалық, одақтық салалар тарапынан берілген мақтаулар мен мадақтаулар қаншама. «Еңбек Даңқы» ордені оның омырауын жарқыратса, көңілінің жырына айналған жұбайы Орынкүл мен алтындай ұл-қыздары өмірін жадыратты. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың Қазалы ауданы бойынша сенімді өкілі болды. Ботабайдың «Бір адам бар күнде керек, бір адам бар күндердің күнінде керек» дегеніне сөздің ұстазы саналатын журналист Шәкірат Дәрмағамбетовтың өзі «қалай тауып айтқан» деп таңғалған. Кандидатты насихаттау барысындағы кездесулерде Ботекең шешендігімен көзге түсті. Оның аузынан халықтың тағылымды мақал-мәтелдерінің мақамы орынды да нанымды шығып жатты. «Желіде неше құлын бар, соның бірі тұлпар болады. Ұяда неше балапан бар, соның бірі сұңқар болады. Бесікте қанша бала бар, соның бірі сұлтан болады» деп көсемдерше көсілмей ме... Осындай мәнді де, дәмді сөздерді естіген және айтқан әңгімелерімен тыңдаушысын баурап алған сенімді өкілі Ботабай Рыстығұлұлына ризашылық кейіп танытқан Ұзекең кезекті бір кездесуден соң: «Міне, төселдің. Енді саған академик атағын беруге болады» депті. Содан бері Сыр бойында Ботабайдың «Академик» атағы бар. «Сөйлей-сөйлей шешен боларсың, көре-көре көсем боларсың» деген сөз осындайдан айтылса керек-ті. Дуалы ауыздан шыққан сөз уәлі. Ұзекеңнің Ботабайға берген «Академик» атағы елге тегіс жайылды. Осы сөзді естіген өзге өңірде тұратын қайсыбір жерлестеріміз ел туралы әңгіме бола қалса, «Академик аман ба?» деп сұрап қалатын кезі бар. Шынында да ол көргені көп, түйгені мол, өмір мектебінің Академигі. Жетіскен МӘКЕНАЛЫ, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қызылорда облысы Қазалы ауданы

3348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7995

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6625

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4369

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3754

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3719

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3678

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3412

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3402

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы