• Тұлға
  • 20 Мамыр, 2010

Бес Олимпиаданың куәгері

kydyrbekТағдырды өзгерткен тоғызқұмалақ

Еңбегіңді біледі жұрт бағалай, Жеңісіңе қол соғады жағалай. Қаймықпастан қара темір көтерген, Қайран, менің Храпатый ағам-ай... (Қыдырбектің толғауы)

Алпысыншы жылдардың со­ңын­да Жалмаңқұлақ ауылына телевизор келді. Алдымен бір үй, одан соң бірнеше үй осы сиқырлы қобдишаға ие болды. Телевизоры жоқ үйдің балалары телевизоры бар үйдің табалдырығын тоздырады. Қарапайым отбасында өскен Қыдырбек те сөйтті. Бармасына болмайды. Жетпісінші жылдардың соңында әлемді аузына қаратқан Серік Қонақбаевтың боксын көруге бала біткеннің бәрі құштар. Жел теріскейден тұрған күні телевизор жыбырлап көрсетпей кетеді. Ондайда үйдің иесі қобдишаны төбесінен тоқпақтайды. Сыртқа шығып, сырыққа құрық жалғағандай болып тұрған темір антеннаны әрі-бері қозғайды. Сөйтіп, әбден зықысы шыққан ескі телевизор соған қарамастан қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп тұрады. Қыдырбек көрші кластастарының үйлеріне келіп-кетіп жүріп-ақ, спорт әлемі туралы ұшан-теңіз мәлімет жинады. Сол кезде «Шіркін-ай, осының бәрін өз көзіммен көрсем ғой!» — деп армандайтын...

***

«Бір жап-жас жігіт «Лениншіл жасқа» жұмысқа алыныпты. Несіп Жүнісбаев оны ҚазПИ-де тоғызқұмалақ ойнап отырған жерінен көріп, жазу өнеріне бейімдеп, оқу бітірген соң қолынан жетелеп редакцияға алып келіпті!» Осы жаңалық журфактың жатақханасының түндігін желпілдетіп тұр. Әркім-ақ баруға құштар бұл газетке. Маңдайы жарқырап тұрған не деген бала!? Бірінші курстан редакцияны жағалап, ұйқы көрмей, таңды таңға ұрып, мақала жазып, жаныққандар Алматыға қала алмай, діңкесі құрып жүргенде, мынау қайдан шыққан неме өзі! Несағаң да қызық өзі, журфактың талай баласы жалаңдап тұрғанда адам таппағандай мұғалімдердің арасынан тілші іздегені несі? «Қой, барайық, көрейік», — дестік. Әр нәрсені сылтауратып спорт бөліміне бас сұқтық. Кішкене ғана тарамыс қара жігіт. Көзі өткір, қимылы шапшаң. Өзіне де, сөзіне де сенімді адамның кейпі. Бізбен құрдас екен. Үйленген, екі ұлы бар көрінеді. «Ле­нин­шіл жасқа» жарқ етіп күніге бір кө­лемді мақаласы шығады. Сол ма­қа­ла­лары шыққан сайын сырбаз Сейдахмет Бердіқұловтың өзі үнемі мақтау айтады деседі. Жалпы, бұл бала тегін бала болмады. Ұзамай бұл басылымға біз де келдік. Қоғам жаңарып, сана жаңғырып жатқан кезең. Бұрынғы жабық есіктердің бәрі айқара ашылған. Содан бәріміз тың тақырыптарға түрен сала бастадық. Ал ол тек өзіне етене жақын спорт тақырыбын ғана серік етті. Қазақ спорт журналистикасындағы үштаған — Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбаев, Дүрәлі Дүйсебаевтардың соңынан ерген қара бала осы қасиетті шаңыраққа өз уығын шанышты. Қара баланың мамандығы тарихшы болғанымен, спорт журналистикасына көлденең қосылған көк атты емес екен. Төртінші кластан бастап үйіне келетін «Лениншіл жастың» спорт тақырыбына арналған бетін оқуға құмартыпты. Сейдахмет Бердіқұлов пен Несіп Жүнісбаевтың мақалаларын үтір-нүктесіне дейін оқыпты. Осы ағаларының қазақ ұландарының әрбір жетістігіне мән беретінін, солардың аты озса, қалың елден сүйінші сұрауға даяр тұратынын көңілге түйеді. Ақмоланың іргесіндегі Жалмаңқұлақ деген шағын ауылда жүріп-ақ, Алматының «Динамосы» мен «Қайратының» әр қадамын бақылайды. Командадағы барлық ойыншының аты-жөнін жатқа біледі. Атақты қорғаушы Сейділда Байшақов пен әйгілі қақпашы Құралбек Ордабаевты баяғының батырларынан кем көрмейді. Құралбек 1973 жылы пенальти қайтарудан одақтың ең үздік қақпашысы атанып, сол жылы «Қайрат» қарсыласының бәрін жеңіп, пенальтиден тек «Арараттан» ғана ұтылғанда бұл Жалмаңқұлақтың көшесінде жер-көкке сыймай жүрді. Күнде радионың құлағында отырады. Соны көрген әкесі бір күні: «Жұрттың баласы партияның, экономистің оқуын оқиды. Біздің бала әйтеуір спортқұмар», — деді жай ғана. Өзіне тура қайрылмаса да, естіртіп айтты. Осы тірлігін ақсақалдың онша жақтырмайтынын ұқты. Бірақ бәрібір спортқа деген құмарлығын жеңе алмады. Бала болса да ертелі-кеш Қа­зақ­станның футбол команда­ларындағы қа­зақты түгендеп жүреді. Көгалдағы, доп­ты хоккейдегі қазақтардың есімдерін жатқа біледі. Сол жылдардан бері топ жарған бірде-бір қандасы назардан тыс қалған емес. Қазақ ұтса, жыр қылып айтады. Сол түні ұйықтамайды. Ал Аманжол Бұғыбаев пен Жақсылық Үшкемпіров секілді марқасқаларды танымаса да туысынан кем көрмейді. 1980 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетіне оқуға түсті. Содан бастап «Қайраттың» бірде-бір ойынынан қалған емес. Жарыс десе, ішкен асын жерге қояды. Ол кезде Несіп Жүнісбаев тоғызқұмалақтан жаттықтырушы еді. Тоғызқұмалаққа үйір Қыдырбек журналист ағасымен осы ойынның басы-қасында жүріп танысты. Сол таныстық бүкіл тағдырына бетбұрыс әкелді. Бірде Несіп ағаны тарих факультетіне кездесуге шақырды. Бүкіл курсты ұйымдастырып, «Намыс. Бәсеке. Жеңіс» деген қабырға газетін шығарды. Кездесудің әсері керемет болды. Содан соң Несіп ағасымен жақын араласып кетті. Студент кезінен «Лениншіл жастың» редакциясына келгіштеп, спорт бөліміндегі Несағаң мен Дүрәлі Дүйсебаевқа жазған мақалаларын ұсына бастады. Дүрәлі ағасы бетін қайтармай, өңдеп-жөндеп, газетке басты. Біртіндеп ағаларынан арнайы тапсырма алатын болды. Тапсырма берілген күні түнімен ұйықтамайды, жазып бітіргенше көз ілмейді. Атақты балуан Серік Алшынбаев, самбодан жас­тар арасындағы әлем чемпионы Мәден Қалиеков, мәнерлеп сырғанаушы Айгүл Қуанышева туралы жазған «Бұл — бал­уан Серік», «Тағы бір балуан шықты Қарасудан», «Айгүлдің биі» деген очерк, суреттемелері жас талапкердің өзіндік қолтаңбасын танытатын дүниелер еді. Содан бастап бұл осы тақырыптың ізіне түсті. Басқа арнаға бұрылмады. Кәсіби журналист бір тақырыпқа маманданған жағдайда ғана даралық көрсете алатынын ерте ұқты. Басты қамшыны сосын...

Сабасына түскен Сабонис Дәл өзіңдей белтемірді ұстарға, Мына бізде сенікіндей күш бар ма? Біздің ермек — теннис, тоғызқұмалақ, Сіздің ермек — жиырма алты пұт штанга! (Қыдырбектің толғауы) Студент кезінде-ақ «Лениншіл жасқа» он жеті мақаласы шығыпты. Оқу бітіретін жылы Несіп ағасы Бердіқұловқа ертіп келді. Бұның жүрексінгеніне қарамады. Бірақ Сейдахмет аға сол жолы бірнәрсеге ренжіп отыр екен. Қыдырбекті оған жолықтыру мәселесі кейінге қалды. Бір күні «Бердіқұлов көңілді, келе ғой!» — деген хабар жетті. Сейдахмет аға балаға мейірлене қарады. «Сынап көрейік, жұмысқа кіріс», — деп суретші-ретушер етіп қабылдады. Кешкі сағат жеті жарымға дейін жұмыста болып, әрі қарай кітапханаға тартады. Алатын ақпараттары мен мәліметтерін мол қамтуға тырысады. Сенбі мен жексенбіде спорт жарыстарынан қалмайды. «Оған қалайда бармасаң болмайды», — деп, жанын қинап жатқан ешкім жоқ. Бірақ жарысқа бармаса бар нәрседен құр қалатындай сезінеді. Содан түнгі сағат үш-төртке дейін сарылып отырып, репортаж не мақала жазады. Кез келген спорт түрінен бір қазақ жүлде алса, соған өлердей қуанады. Соны байқаған Сейдағаң: «Мына бала өзім тәрізді, үнемі қазақты іздейді де жүреді», — деп разылық білдірді. Тау шаңғысынан Қазақстан құра­ма­сының мүшесі Айтжан Сапиянова деген қазақ қызын іздеп, Медеуден Шымбұлаққа жаяу барды. Арып-ашып, тау-тасқа өрмелеп, әзер жетсе, жаңағы бойжеткен: «Менен де мықтылар бар ғой, соларды жазсаңызшы», — деп көнбейді. Өзінен көрсеткіші жоғары басқалардың алдына шығып кетуден қысылады. «Мен сені қазақ деп іздеп келдім. Мен үшін ең мықтысы – сенсің», – деп табандап отырып, әрең сөйлетті. Ұзамай «Шыңға құмар бір қыз бар» деген мақала газет бетінде жарық көрді. Жазу мәнері мүлде бөлек. Оқырманды бірден еліктіріп әкетеді. Автормен бірге қияға шығасың, биікке ұмтыласың. Шыңға құмарлықтың не екенін жан-тәніңмен сезінесің. Қыдырбек «Лениншіл жастың» жігіт­терінің ішінен табандылығымен ерек­шеленді. Әбжілдігі жағынан қатарластарына ұпай бермеді. Бірде Алматыға баскетболдың алыптарынан жасақталған Литваның атақты «Жальгирис» командасы келді. Алматылық Валерий Тихоненко ойын алдында одақ құрамасындағы әріптесі Арвидас Сабонистің уәдесін алып берген. Сол уәде бойынша Қыдырбек одан сұхбат алуы керек болатын. Бірақ ойын біткен соң Сабониске қолы жетпей қалды. Ұстатар емес. Бұл оның соңынан «Қазақстан» қонақүйіне қуып барды. Бірінші қабатта тұрып, телефон соқса, «Екі-үш сағаттан кейін ұшамыз, уақытым жоқ, кешір», — деп қарап тұр. Жас журналист әйгілі баскетболшының буын-буынына түсіп, көндіруге тырысып бақты. Анау сөзінен қайтар емес. Бұл Олимпиада чемпионы Арвидас Сабонистің әлемді аузына қаратып, дәурені жүріп тұрған кезі. Бойы – 2 метр 23 сантиметр, салмағы – 124 килограмм. Мінезі асқақ, сөзі өктем. Жан баласына илікпейді. Сонысына басып, төтелеп тартып бара жатқан алып баскетболшыға бұл телефоннан «Сабас!» деп айқайлап жібереді. Сол-ақ екен, сабазың кілт тоқтады. «Менің лақап атымды қайдан білесіз?» — деді лезде жұмсарып. «Білетін болған соң айтамыз да. Сіз туралы оқыған-тоқығаны көп қазақтар баршылық қой», — деді бұл сәл қитығып. «Келіңіз», — деді сабасына түскен Сабонис бірден. Екеуі жарты сағаттай сөйлесті. Бұл одан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов туралы сұрады. Атақты баскетболшы өз әріптесі Әлжанды жоғары бағалайтынын айтты. Содан соң бұл Әлжан туған топыраққа, қазір өзбек жұртында қалған Бостандық ауданындағы Табақсай ауылына жол тартты. Қыдырбектің осы жазбалары кейін «Баскетболдың бәйтерегі» атты мақаласына арқау болды. Ол журналистік қызметінде үнемі тығырықтан жол таба біледі. Қызылордаға әлем чемпионы, велошабандоз Марат Сатыбалдиевті іздеп барса, ол аяқастынан шұғыл сапарға шығып кетіпті. Не істеу керек? Басқа журналист болса, екі қолын мұрнына тығып, қайтып келер ме еді... Әрі кеткенде Сырдың күріші мен ырысын тілге тиек етіп, басқа мәселені қаузауы мүмкін. Ал Қыдырбек аспай-саспай, Мараттың келіншегімен сұхбат әзірлеп ұсынды. Сұхбаттың шынайылығы соншалық, бұл шаңырақта тіпті Мараттың жоқ екені, оның кезекті сапарда жүргені еш білінбейді. Керісінше, ол зайыбы мен журналистің өзі туралы әңгімесіне құлақ түріп, мақұлдап отырғандай әсер қалдырады. Қысқасы, бұл күн-түн демей түзде дамылсыз жортатын спортшы атаулының отбасындағы тірлік туралы ортақ мәлімет беретін құнды дүние болып шықты. Дүниені дүрілдеткен додалар Екеуміз де перзенті едік Арқаның, Жұқалтаңдау болғаныма бар таңым. Өзің құсап ауыр темір көтерсем, Сені ұятқа қалдырам деп қорқамын... (Қыдырбектің толғауы) Арвидас Сабонистің жаттық­тырушысы Владас Гарастас­пен әңгімелескен соң жазған мақаласы газетке шыққанын көрген Сейдахмет аға өзі басқаратын «Жалын» баспасынан арнайы телефон соғып, ризашылығын білдіріп еді. Жалпы, ол кісі басқа қызметте жүрсе де шәкіртінің әр қадамын жіті қадағалап отырды. Қыдырбек ұстазының дәстүрімен бір кезде бәйгенің алдын бермеген қазақ спортының саңлақтарын да түгендейтін. Қарттыққа бой ұсынып, ауру меңдеген талай танымал спортшының шаңырағына барып, хал-ахуалын біліп тұру оның айнымас дағдысына айналды. Қазақ жұртына бокстың ұрығын сепкен Шоқыр Бөлтекұлы мен бір кездегі атақты биші Нұрсұлу Тапалованың отбасын да естен шығарған жоқ. Ақсақалды спорттың айналасындағы той-томалақтың бәріне шақырып тұрды. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қажымұқан Мұңайтпасовқа арналған кеш өткізді. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында Әмин Тұяқов, Әбдісалан Нұрмаханов, Дендербай Егізовтің бенефистерін ұйымдастырды. Бұл кештер өтіп жатқан кезде залда ине шаншар орын қалмағаны елдің есінен шыға қоймаған болар. Өз тұсында ғаламат боксшы болған Мақсұт Омаровтың өмір жолын зерттеп, «Шаршы алаңның шынары еді» деген мақала жазды. Бұл мақалада әйгілі спортшының қабірінің басына әлі күнге дейін белгі қойылмағаны айтылды. Сейдахмет ағаның «Лениншіл жастан» «Жалын» баспасына ауысып кеткеніне үш жыл болған-ды. Әлгі мақала шыққан күні таңертең телефон соғып тұр. «Қыдырбек, маған келіп кет. Мақалаңа үн қосайын», — деді. Барса, ағасы Мақсұт туралы шағын, бірақ шымыр әрі әдемі материалды дайын­дап қойыпты. Сол мақала Мақсұтқа байланысты топтаманың сәні болды. Ұзамай Бақанаста Мақсұт ағаның басына ескерткіш орнатылды. Тағы бірде Дәулет Тұрлыхановтың шақыруымен Александр Карелин Алматыға келді. Оны тауға жеке алып шығып, ұзақ әңгімелесті. Карелиннің Олимпиада жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы атанған кезі. Білімі ағыл-тегіл. Орыс тарихы мен әдебиетін жатқа соғады. Астарлап сөйлейді, тұспалдап тұжырымдайды. Сөзге шешен. Бұл: «Бақыт деген не?» — десе, ол басын бұлт бүркеген тауды нұсқайды. «Бақыт деген анау басын бұлт жапқан шың тәрізді. Бәлкім, сіз екеуміздің осы отырғанымыздың өзі бақыт шығар!» — дейді. Сөйтіп, ол денесімен ғана емес, өресімен де биік тұрғанын көрсетті. 1992 жылы Барселона Олимпиадасына барар кезде көп бейнет көрді. Қаражат мәселесі шешілмей біраз уақыт сенделді. Бір күні Спорт және туризм министрі Қаратай Тұрысовқа келді. Тұрысовтың көмекшісінің көзін ала бере рұқсатсыз министрге кіріп кетті. Соңынан көмекші келіншек тұра қуды. «Ассалаумағалейкум, аға!» — деп амандасып үлгергені сол еді, көмекші: «Қаратай Тұрысұлы, мына кісі рұқсатсыз кірді», — деп құлағының түбінен министрге шағым айтты. Қаратай аға көмекшіге сыртқа шыға бер деп белгі берді де, бұны қасына шақырды. Қыдырбек асықпай жағдайды баяндады. Қаратай аға сөзге келместен сол кездегі «Қазагропромкомплекс» акционерлік қо­ғамының басшысына телефон соқты. Әуелі ол кісіні Австралияға жеңіл атлетика делегациясының жетекшісі ретінде іссапарға жібергісі келетінін айтты. Сосын осы кезге дейін өзі де жөндеп танымайтын бұны ең мықты спорт журналистерінің бірі деп мақтады. Содан кейін Барселонаның әңгімесін қозғады. Ана кісі: «Хат жазып бере қойыңыз», — деді. Осының алдында Мәскеу жарты жыл бойы дұрыс жауап бермей, құжатта­рын қабылдамай, әбден әуреге салған-ды. Олимпиада таяғанда жолға жиналған журналистер Мәскеуге келді. Құжаттары Олимпиадалық комитетте әлі жатыр екен. Бұларды Барселонаға жіберу ойларында жоқ тәрізді. Ештеңе әзірленбеген. Содан «Халықаралық Олимпиадалық комитетке, Президент Ельцинге хат жазамыз, әлемдік деңгейде шу көтереміз!» — деп үш қазақ күшке мінген соң олар икемге келді. Ақыры екі-үш күнде құжаттарын қолға алып, екі дүркін Олимпиада чемпионы, атақты штангашы Василий Алексеев, әйгілі комментатор Владимир Маслаченко – бәрі бірге Барселонаға ұшты. Испан елінен «Алаш туы желбіреген Олимпиада» деген елді елең еткізген репортажын жазды. Содан кейін жазғы Олимпиадалардан қалып көрген жоқ. 1996 жылы Атланта, 2000 жылы Сидней Олимпиадаларының төрінен тәуелсіз Қазақ елінің спорттағы ғаламат жетістіктері жөнінде елге хабар беріп тұрды. Ең табыстысы Сидней болды. Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов топ жарғанда баспасөз қызметкерлеріне арналған орынға сыймай кетті. Полиция ширек финалдан бастап-ақ қолды-аяққа тұрмай тыпыршыған бұны аңдуға көшті. Болат Жұмаділов финалда жеңілгенде екі көзінен жас парлап, басын көтере алмай қалды. Екі қазақ чемпион болғанына қуанып, Сиднейдің көшесіне сыймай, алшаң-алшаң басты. 2004 жылы Афинаға, 2008 жылы Бейжіңге жол түсті. Бейжіңге шенеунік ретінде барды. Сөйтіп, бес Олимпиаданың бар қызығын өз көзімен көрді. Адам шын ниеттенсе, бар мақсатына жетеді екен ғой. Ұлт ұландарын ұлықтаушы Анатолий, мен сенімен мақтанам, Жарысыңа жанкүйерің боп барам. Түрің – сары, ұлтың орыс болса да, Өзіміздің ағайын ба деп қалам... (Қыдырбектің толғауы) Әйгілі балуан Дәулет Тұрлы­ха­новтың өмір жолы мен спортта­ғы жетістіктерін жиырма жыл бойы шығармашылығына арқау етті. Бір­неше кітап жазды. Сол кітаптарына дерек жинау мақсатымен біраз елдің топырағына табаны тиді. Талайды таңырқатқан табандылы­ғына қоса, өз айтқанынан қайтпай, төтелеп тартатын мінезі де бар. Кейін бәрібір сабасына түседі. Бірде қазақтың атақты жазушысы Мұхтар Мағауинді қатты ренжітіп алдық. Ренжітейін деген ойымыз жоқ еді. Қыдырбек аяқастынан жекеменшік баспа ашып, жазушы Асқар Алтай екеумізді қызметке шақырды. «Жұлдыз» журналында тып-тыныш жұмыс істеп жүрген Асқарды қоярда-қоймай, жалынып-жалпайып, бас редактор Мұхтар Мағауиннен сұрап алды. Онымен қоймай, сол Мұхаңның «Жұлдызда» жарияланған «Қазақ тарихының әліппесі» атты тарихи еңбегін басып шығарамын деп желіксін. Асқар екеуміз етегінен тартамыз. «Әй, ойлансаңшы, сәл нәрсеге мұрты жыбыр ете қалатын Мұхаңнан бастамай-ақ қояйықшы». Дәлеліміз мықты. Жаңадан құрылып жатырмыз. Тәжірибеміз жоқ, арандап қалуымыз мүмкін. Бір. Мұхаң бұл кітабын бізсіз де шығарады. Екі. Мұхтар ағаның мінезі белгілі. Көңілінен шықпаса, көкеңді көзіңе көрсетеді. Үш. Осындай себептерді көлденең тарттық. Бірбеткей Қыдырбек сонда да айтқанынан қайтпады. «Қиындықтан қашпай, ағысқа қарсы жүзу керек», — деді ол қасарысып. Ал жүзсең, жүзе ғой... Асқарды ертіп барып, Мұхаңның қолжазбасын ат-түйедей қалап алды. ...Баспадан болды ма, басқадан болды ма – білмейміз, кітап сұрықсыздау болып шықты. Мұхтар аға салғаннан кітапты да, бізді де жақтырмады. Соған қырсығып, өз талаптарын көлденең тартты. Біз зыр жүгіріп, кітапты қайта бастырдық. Бірақ Мұхаң жібімеді. Күнде баспаға телефон шалады. Дауысы өктем. Ана екеуін іздейді. Іздегенінің өзі қызық. Әр сөзіне айызың қанады. Тұтқаны мен көтерем. Ағамыздың қай мысқылының да бояуы қалың. Рахаттанып тыңдап отырам. — Әл-о-о-оу, бұл әлгі «Ер-Дәулет» деген бе екен? — Иә, аға... — «Ер-Дәулет» болса, сол жерде Қыдырбек деген қуаяқ бар ма? — Жоқ, — деймін де тұтқаны басып тұрып, күліп алам. — Онда Асқар деген алаяқ бар ма? — Ол да жоқ еді, — деймін булыға түсіп. — Сонда сен кімсің? — деп ол сақ ете түседі. — Мен әлгі Бауыржан деген ініңізбін ғой, аға... — Е-е, сен ана әшки киетін әнебіреу баласың ба? Сен былай, тыңда... Сенің кінәң аналарға қарағанда жеңілдеу, әрине. Бірақ үнемі солардың жанында жүрген соң сен де оңып тұрған жоқсың! Телефон тұтқасын ызаланып тастай салады. Екеуі де өзінің шәкірті. Ұстаздарын риза қыламыз деп бастарына пәле тілеп алып жүргендері мынау. Қыдырбек көпке дейін бармағын шайнап жүрді. Ақыры бір күні ағасымен тіл табысты-ау деймін. «Лениншіл жастан» соң қазақтың бірқатар белді басылымдарында жұмыс істеді. «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Егемен Қазақстанның» спорт секторының меңгерушісі, «Спорт» газеті бас редакторының орынбасары, «Ер-Дәулет» ақпарат агенттігінің директоры қызметін атқарып, өзінің машықтанған тақырыбын терең қаузады. Қыдырбек тек спорт тақырыбына қалам тербеп қана қоймай, бұл саланы ұйымдастыру ісіне де атсалысты. Спорт мекемелерінің басшысы ретінде ұлтқа пайдасын тигізді. Қажымұқан атындағы республикалық мектеп-интернатының директоры болған кезде оқу орнын қазақ тіліне көшірді. Ұлттық-педагогикалық тәрбиенің үрдістерін ұстанды. Тоқтар Әубәкіров, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Дәулет Тұрлыханов сияқты ардақты азаматтармен оқушылардың кездесуін ұйымдастырып, спортшылардың рухани тәрбиесіне қатты мән берді. Садақ ату, мылтық ату, штанга секілді спорт түрлерінен қазақ топтарын ашты. Алыс ауылдарға сапар шегіп, талантты қазақ балаларын жинады. Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының бастығы болып қызмет істеген кезінде Шым­кентте әйгілі желаяқ Әмин Тұяқов­тың жүлдесі үшін жеңіл атлетикадан бала­лар арасында облыстық жарыс ұйымдастыр­ды. Жарыс шараларының аясында кең кинотеатрда Әмин Тұяқовпен кездесу өткізді. Сөйтіп, қаншама баланың жүрегінде үміт отын жақты. Осы жарыста озған жүйрік балалардан топ жасақтап, облыстық интернатта қазақ бөлімін ашты. Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті төрағасының орынбасары ретінде өзі қыр-сырына қанық саланың жай-күйіне үнемі талдау жасап отырды. Ақыры, өз үйірін қайта тапты. Жақында ғана оқырманға жол тартқан «Қазақ спорты» газетіне басшылыққа келді. Тарихшы мамандығын босқа таңдама­ған екен. Қазақ спортының шежірешісі болды да шықты. «Қазақ балуандары», «Қа­зақ боксшылары», «Қазақ олимпиадашы­лары» атты құнды жинақтарды құрасты­рып, оқырманға ұсынды. Ұлт спортының тұғырлы тұлғаларын жұртшылыққа кеңінен таныстырды. Жастар газетінде қызмет істеп жүр­генімізде осы мақаланың әр тармағының басына әр шумағы бөлек ұсынылған өлеңді Қыдырбектің атынан шығарып, «Жан досым» әнінің әуенімен айтатын едік. Қысыр өлеңнің қайырмасы былай боп келетін: Жан ағам, үстем болсын мерейің, Суретіңді «Лениншіл жасқа» берейін. Ізіңе мен ерейін, Жеңеді деп сенейін, Штангаңды бір ұстатшы, көрейін. Сонда бұл Қыдырбектің даңқты жер­лесіне арнаған жүрекжарды жыры болып шығар еді. Жалпы, поэзияға деген ниеті түзу болғанымен, Қыдырбек өлең құрауға жоқ-ты. «Кипианиге ұйқас тап!» десең, «Су ми» деп, сірісінен басады. Сосын өстіп амалдаймыз. * * * Бір кездегі арманына жетіп, бес бірдей Олимпиаданың төрінде әлем құлақ түрген ғаламат бәсекенің куәгері болған спорт журналисі алаңдағы алып таблоға зер салып отырып, сиқырлы әлемге деген құмарлығын оятқан баяғы ескі телевизорды еске алады. Ескі телевизор жалғыз Қыдырбекті ғана емес, қазақтың талай ұланының қиялын көкке өрлетті. Тұтқасы түсіп қалған соң тұқылын кемпірауызбен бұрап көретін сол көне техникаға ескерткіш қойса да жарасар еді... Бауыржан ОМАРҰЛЫ

4007 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8325

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6812

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4560

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3941

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3909

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3868

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3596

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3596

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы