• Тұлға
  • 16 Ақпан, 2023

НҰР ТАРАТҚАН НҰРТІЛЕУ

Дүниеге шыр етіп келген адамның дара туылатындығы сияқты, тағдыры да ешкімге ұқсамас өзіндік сырға толы келеді. Әркім маңдайына жазылған тағдырында жақсыны да, жаманды да, ауырды да, жеңілді де көрері сөзсіз. Ел есінен кетпейтін, халық назарында жүретін тұлға болу– үлкен бақыт. Бұл дарын, талант иесі болудан да бұрын, өмірлік мақсатты орындау үшін ізденіс барысында кемелдікке жетумен сипатталса керек. Осындай ерекше тағдыр иесі,өмірден озса да өз кәсібінен артына өшпестей із қалдырған,қазақтың мақтанарлық бір ұлының өнегелі жолы толғандырмай қоймайды екен.

Телевизияда еңбек еткен жарты ғасырға жуық уақытта бұл саланың қыр-сырын әліппесінен академиялық деңгейге дейін жетік меңгеріп, қазақ телевизиясының жарық жұлдызына айналған– Нұртілеу Иманғалиұлы. Өмірінің соңына дейін өз мамандығына беріктігі мен кәсібилігін сақтап қалды десем, артық болмас. Бұл телевизия саласына қосқан үлесінің ұшан-теңіз екендігінен хабар береді.

Өзінің азаматтық ұстанымына сай, сөзімен де ісімен де қазақ қоғамына ой салар, үлгі болар жақсы адамдарды жолықтырып, олардың өзіндік келбетін, ерекшелігін, елі мен жеріне, ұлты мен ұрпағына, кәсібіне деген айқын бағдарын, батыл ойлары мен ұлағатты өмір жолын әңгімеге арқау ете отырып, ұлтқа ой салуды мақсат еткен Нұртілеу ағамыз журналистік мамандығына ғана емес, азаматтық арына адал болғандығын аңғартады.

Соңғы жылдары жүргізген көптеген сұхбаттары, еліміздің тұтастығы мен бірлігін жалғайтын, шешімін таппай келетін сұрақтарға жауап іздегендей. Қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік ахуал:ұлттық сананы биіктету, азамат болмысын таныту, әке мен ана келбеті, бала тәрбиесі, адал еңбек, заманауи сөз, уәдеде тұру, телевизия саласындағы туындаған проблемаларды ғылымға айналдыру сынды мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітіп, оның шешімін іздестіруді мұрат еткені сезіледі.

Міне, осындай мәселелердің шешімін жас кезінде жастармен бірге табуды қарастырып: «Жас жігер», «Жастар дауы-сы», «Көкпар» хабарларымен көрсетсе, қарымды журналист шағында «Ой-көкпарымен» додаға салып, «Заң мен заман» арқылы нақтылықты айқындап, «Бетпе-бетте» тікелей уәдесін алып, «Дін мен діл» арқылы негіздеп, «Діңгекте» толғандырып, «Қолтаңбада» анық болмыс танытатын хабарларымен бағыт-бағдарын көрсетті. «Бай-қуатты болайық!» пен «Нұр Тілеу» хабары – оның кемелдігінің биік деңгейі. Соңғы жылдары Нұртілеу ағамыздың «Бай-қуатты болайық!» атты хабарына еліміздің белгілі қоғам қайраткерлерін, ғалымдарды, майталман мамандармен т.б. батыл ойлы азаматтарды  тартуы тегін емес еді.

Айталық, «Таңшолпан» бағдар­ла­масына қонақ болған жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековпен өткен келісті сұхбаты барысында келелі көп мәселелерді көтеріп, жауап алуға тырысты. Қанша хабарын көрсем де сұрақтары жаттанды емес, бірін-бірі қайталамайтын дара ой, әсерлі теңеу, көркем келісім өз алдына, сұхбат беруші тұлғаны көрер көзге көтермелеп биіктетпей, тықсырып төмендетпей-ақ болмысын ашуға, бойдағы барын көрсетіп, ойда барын айтқызуға жететін шеберлігі көрерменін тәнті етеді, бас идіреді.

Әр хабарында мемлекеттік телеар­наның негізгі ұстанымын ғана емес, өзінің де басты қағидаттарын ел тағдырымен байланыстыра көрсете алады. Дербес ел болудың, ұлт болып ұйысудың аса көңіл бөлетін түйткілді тұстарын, тәуелсіздік орныққаннан бері іске асыруға кедергілерді жоюдың негізгі идеясын жүрекпен қозғай­тыны жүрекке жетеді. Сонысымен де «Нұр Тілеулі» Нұртілеу – халқына жақын, кәсібіне адал, мемлекетшіл һәм ұлтшыл!

Көптеген сұхбаттарын қайта тыңдап, ондағы көтерген мәселелерге назар аударсақ, ол ұлттық қорымыз – адамның интеллектісін байыту, білімді болуға талпынысын күшейту, оның меңгерген тәжірибесін жүзеге асыру деп бүгінгі білім берудің өзекті мәселелері шебер пайымдалады екен.

Шеберлік шыңындағы журналистің хабарларын жылдар өткізіп қайта қарасақ та, жаңаша түйін жасайтын үлкен ойларға жетелейді екен. «Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?» – дегендей, Нұртілеу ағамыз ұлттық негізі терең, ішкі мәдениеті мен шынайлық болмысы үйлесімін тапқан, нағыз ізбасар адал журналист бейнесін іздеп, аңсап отырғаны байқалады. Әрине, бізде жақсы журналистер өте көп. Солар Нұртілеу Иманғалиұлының бойына жинақ­таған кәсіби құзыреттілігін, табиғи қабілет-қарымын, даралықпен өрілген шығар­машылық бағытын зерделеп, тағылым алса деген ой бар. Алдағы уақытта телевизия саласында туындаған мәселелер шешімін іздес­тіруде, журналистердің жеке тәжірибесі мен шығармашылық идеяларын, ғылыми айна­лымға түспей келген зерттеулерді жалғас­тыру – бүгінгі жас буын мамандардың еншісінде.

Нұртілеу ағамыздың телевизия са­ласындағы қызметі, еңбегінің жемісі саналатын телехабарлары ол – келешек ұрпаққа үлкен ой салып, елдің болашағына адал қызмет ету, кәсіпті сүю, әр іске кәсіби ұстаным, ғылым мен білімге құмар болуға жол сілтейтін үлгі-өнеге көзі.

Гүлнар Мұратбаева,

педагогика ғылымының докторы,

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті,

философия және саясаттану факультеті,

педагогика және білім беру менеджменті

кафедрасының профессоры

894 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7867

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6556

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4301

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3685

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3648

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3609

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3343

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3333

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы