• Тұлға
  • 23 Ақпан, 2023

ТҰҒЫРЫ БИІК ДАРА ТҰЛҒА

Ежелгі Сыр өңірі. Талай аумалы-төкпелі заманның куәгері іспеттес. Сыр бойындағы көне қалалардың тарихын құм басып, әлі өзінің құпия сырларын ішіне бүгіп жатқаны да шындық. Көне заманның көзіндей болған неше бір обалар мен қала қирандылары тарихтың шерлі шежіресіндей күй шертіп тұрғандай. Сонау ескі замандарда Ұлы Жібек жолында сауданың көрігін қыздырып, мәдениеттер тоғысында гүлденген қалалар бүгінде тарих беттерінен елес болып сағымданып сыр шертеді. Адамзат тарихында Оқус пен Яксарт, Сейхун мен Жейхун бүгіндері Сырдария мен Амудария қос өзен алқабындағы өркендеген өркениеттің айтар аңызы мен тарихы өлшеусіз екені де белгілі. 

Осы бір таңғажайып өлкеде, 1910 жылы 23 ақпанда, қазіргі Түркістан облысы Шардара ауданы, Сүткент аулында, Сырдың жағасында мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі – Төлеген Тәжібаев дүниеге келген. 1916 жылғы патшаның июнь жарлығынан кейін жер –жерлерде дүмпу-дүмпу стихиялы түрде қарсылықтар болып, патшаның жазалау­шы әскері тез басып, халықты сабасына келтіргендей еді. Бірақ та оның артынан 1917 жылдың ақпан айындағы жалпы ресейлік көтеріліс басталып, Романовтар патшалығын тақтан тайдырады. Осы жылдары Сыр бойындағы елді аштық жайлап, жұқпалы індет тарап халықты қырғынға ұшыратады. Бұл зұлматтан Тәжібаевтар отбасы да аман қалмайды. Әке-шешеден, бірге туған бауырларынан айырылған Төлеген жан сауғалап, жылжыған көшке ілесіп Арыс стансасына жетеді. Арыс теміржолының шетінде туғандарынан түгелдей айырылып, аштан бұратылып жатқан тұлдай жетім баланы қайырымды жан И.Ф.Кабанов деген орыс теміржолшысы тауып алып, үйіне алып келеді. Төлегеннің сол кезде күйеуге тиген жалғыз әпкесі ғана қалады. Міне, осылай тағдырдың тауқіметін тартқан Төлегеннің екінші бір өмірі басталады. Жеті жасар Төлеген әке-шешесінен, туған-туысқандарынан айырылып, тұл жетім қалды. Арыс теміржолшысы, ақпейіл, қайырымды жан И.Ф.Кабанов кездеспегенде, оған жарық дүниені көруі екіталай болатын. Аштықтан әбден әлсіреп жатқан баланың аузына су тамызып, өлімнен арашалап, бесінші баласы етіп тәрбиелейді. Бұл – тек нағыз ізгі жанды адамдардың ғана қолынан келетін азаматтық іс еді.

Төлеген көп кешікпей мектепке барып сауатын ашты, сабақты өте жақсы оқыды. Кейін Арыс қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді. 1928 жылы Шымкент педтехникумына оқуға түседі. Мұнда ол сол техникумның директоры болған Алаштың атпал азаматы Жүсіпбек Аймауытұлының тәрбиесін көреді. Ұлы ұстаздың психология мен педагогикадан оқыған дәрістерін тыңдап, өседі. Өзі де сол ұстазы сияқты психолог, педагог болғысы келеді. Сол кезеңдегі солақай саясат Төлегеннің ұстазы Ж.Аймауытұлын жапонның тыңшысы, кеңес үкіметіне қарсы әрекет етуші деген жала жауып, тұтқындалады. Соңынан еш тергеусіз атылып кетеді. Осы бір оқиға Төлегеннің жүрегін аяусыз тілгілеп кеткен еді.

Техникумды үздік бітіріп, бірер жыл қызмет істегеннен кейін, Мәскеудің Н.К.Крупская атындағы коммунистік тәрбие академиясына жолдама алады. Төлеген осы оқу орнын 1935 жылы үздік бітіріп шығады да, сол жылы психология кафедрасының аспирантурасына оқуға қалдырылады. 1939 жылы Ленинградта белгілі кеңес психологы А.В.Веденовтың жетекшілігімен «К.Д.Ушинский – Ресейдегі педагогикалық психологияның негізін қалаушы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады.

Төлеген Тәжібаевтың тақырыбы туралы диссертацияның ресми оппоненттері профессорлар Ш.Ганелин мен Б.Ананьев оның еңбегін өте жоғары бағалайды. Кейін КСРО Педагогикалық ғылым академиясының толық мүшесі болған профессор Б.Ананьев Тәжібаевтың сондағы зерттеулері жөнінде былай деп жазған: «Тәжібаев психология тарихында тұңғыш рет Ушинскийдің педагогикалық теориясының пси­хологиялық негіздері жөнінде мәселе көтерген. Ол орыстың ұлы педагог ғалымына шынайы сүйіспеншілікпен қарап, оның мұрасын асқан мұқияттылықпен терең зерттей алған».

Бойына біткен іскерлік пен қабі­леттілік ұстазына, халқына деген аса зор сүйіспеншілік оны Алматыға алып ке­леді. Жастайынан қалыптасқан зор ұйым­дастырушылық қабілеттің арқасында оған 40-жылдардың өзінде-ақ аса жауапты қоғамдық-мемлекеттік, дипломатиялық қызметтер атқаруға тура келді. Мәселен, 1940 жылы 30 жасар Төлеген республика Оқу халық комиссарының бірінші орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Бір жылдан кейін ол Қазақ КСР Оқу халық комиссары болып тағайындалды. 1941 жылдын күзiнде, жас ғалым, іскер азамат, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасарлығына көтерiлдi. Осы кызметте Төлеген 1944 жылдың тамызына дейін болды. Мұнан кейiн Тәжібаев Казақ КСР Сыртқы істер министрі болып тағайындалды (1944–1957 жж.). Сонымен қатар 1948–1953 жылдар арасында сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің ректоры болып iстейдi. 1954 жылдың қазанында Төлеген Тәжібаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметiне қайтадан тағайындалды. Т.Тәжібаев біраз жыл дипломатиялық қызметтерде де болды. 1955–1558 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымына кеңес делегациясы басшысының орынбасары, ал 1956–1957 жылдары делегация мүшесі ретінде Нью-Йоркке төрт рет барды. 1957–1961 жылдары дипломатиялық қызметке ауыстырылып, КСРО елшісінің кеңесшісі ретінде Үндістанда болды.

Т. Тәжібаев 1938–1964 жылдар аралығында үзілістермен ҚазПИ мен ҚазМУ-де ұстаздық етті. Осы жылдар ішінде оның қаламынан бірнеше монографиялар, оқу құралдары, жүзге жуық ғылыми мақалалар жарық көрді. Бұл еңбектерiнде психология мен педагогиканың теориясы мен тарихы, мораль, этика мәселелері, Қазақстандағы пе­дагогикалық ой-пікірдің даму сатылары туралы қарастырады. Ол 1949 жылы профессор атағын алды, ал 1954 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мушесі болып сайланды.

1939–1940 жылдары «Халық мұғалiмi» журналының беттеріндегі үзбей жарияланған мақалаларында сол кездердегі психология ғылымының көптеген теориялық көкейкесті мәселелерi, классикалық психологияның тарихы, оның даму, қалыптасу жолдары жан-жақты талдауға алынды.

Т. Тәжібаев – қазақтың тұңғыш психолог-ғалымы, педагогика ғылымының докторы, професор, Абайдың өлеңдерін психологиялық, физиологиялық, педагогикалық тұрғыда жан-жақты зерттеген ғалым.

Т.Тәжібаев еңбектерінің біразы хал­қы­мыздың ғұлама перзенттері Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың психо­логиялық, педагогикалық көзқарастарын зерттеуге арналаған. Ол, әсіресе, Абайдың психо­логиялық көзқарастарын жылдар бойы тынбай зерттеген. «Абай Құнанбаевтың фи­лософиялық, психологиялық, педаго­гикалық көзқарастары» (Философские, психологические и педагогические взгляды Абая Кунанбаева) атты зерттеуі тек әдебиетке ғана емес, психология, педагогика салаларына өз үлесін қосты. Ғалым Абайдың оқу, білімді насихаттауға қосқан үлесін дұрыс бағалаған және жеткізе білді.

Т.Тәжібаев еңбектерінің біразы Абайдың психологиялық көзқарастарын көп жылдар бойына сарыла зерттеуге арналды. Бұл жөнiнде бiрнеше еңбектер жазды. Осылардың iшiндегi қомақтысы – 1965 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы педагогикалық ой-пiкiрдiң дамуы» атты монографиясы. Бұл ғылыми еңбегінде Тәжібаев Абайдың әлеуметтік философиялық көзқарасына жан-жақты талдау жасай келiп, оның психологиялық ойлары мен пайымдауларына тоқталады. Ғалымның тұжырымдауынша, Абай тек асқан ойшыл, кемеңгер ақын ғана емес, ол сонымен бірге қазақтан шыққан iрi философ, халқының психологиялық бiлiмдер жүйесін жасаған ғұлама. Байырғы қазақ тiлiнiң сарқылмас бұлағынан сусындай отырып, Абай ұлттық психологиялык ұғымдардың негізін қалады. Ол қазақтың жазба әдеби тілінің негiзiн қалаумен ғана шектелмей, сонымен қатар ұлттық философиялық және психологиялық бiлiмдер саласына қатысы бар ұғым түсініктерді саралап, бұлардың ғылыми жағынан пайымдалуы жолында көп тер төккен ойшыл болғандығын дәлелдеді.

Т.Тәжібаев – ұлттық мінез бен қазақ халқының психологиясына, мәдени мұрасына байланысты да қалам тартқан ғалым. Мамандығы бойынша психолог бола тұра Төкең, әсіресе, халқымыздың педагогикалық ой-пікір тарихын зерттеу iсiнде де өзiн аясы кең, алымы қарымды, бiлiмi мол ғалым екендiгiн байқатты. Бұған 1962 жылдың желтоқсанында Ленинград пединиститутының ғылыми Кеңесiнде қорғаған «XIX ғасырдың екiншi жартысындағы Қазақстанда халық ағарту ісі, мектеп пен педагогикалық ой-пiкiрдiң дамуы» атты докторлық диссертация­сы дәлел бола алады. Ол осы тақырыптың төңірегінде үлкен үш монография жазып қалдырды.

Ғалымның жарқын бейнесі жайында осындай ой тербете отырып, оның тамаша ұстаздарымен қатар күміс көмей, жез таңдай шешен болғандығын да айта кеткен жөн. Тәжібаев ширек ғасырдай уақыт бойына Алматының жоғары оқу орындарында психология, педагогика пәндерінен дәріс берді деп жоғарыда айттық. Оның лекциялары мазмұны жағынан аса терең, ғылыми өрiсi кең, тыңдаушысына өте әсерлі болатын. Тәжібаевтың ойлау, сөйлеу мәдениетi аса жоғары едi. Ол өз лекциясының сырттай жұп-жұмыр болумен қатар оның жинақы, арқауы берік, ауқымы кең, мейлінше мазмұны терең болуына баса назар аударатын. Онын байсалды, биязы да майда қоңыр даусы тыңдаушыларын тез баурап алып, жұртты әр сөзін ұғып алуға ынтықтырып отыратын. Ғалымның осы өзгеше қасиеті жайында оның бала кезінен бергi жан жолдасы, профессор Мәулен Балақаев былай дейді: «Үлкен педагог, әрi дипломат, академик Төлеген Тәжiбаевтың жүзі қандай жарқын болса, ойы да сондай айқын, сөзі де сондай майда, сыпайы әрі салмақты болатын. Біреумен сөйлесе кеткенде, оның сөзiнен бiлiмдi, мәдениетті адам екенi бiрден сезiлетiн. Алғашқыда әдемi көрiнетiн кейбіреулермен жақындаса келе, бұл қасиеттер олардың бойына дарымағандығын, әлгі әдептiлiгiнiң жасанды, бiрде олай, бірде бұлай болатыны анғарылатын. Төлеген Тәжібаевтын iзеттілігі оның әбден қанына сіңген табиғи қасиетi едi».

Төлеген Тәжібаевтың жетекші­лігімен онға жуық адам кандидаттық диссертация корғады, өзі талай диссертанттың ресми оппоненті болды. Республикада 1962–1964 жылдарда өткізілген педагогикалық, психологиялық конференциялардың ойдағыдай өткiзiлуiне ерекше ат салысты. Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің жанындағы ғылыми-методикалық кеңестің төрағасы болды. Сонымен қатар Т.Тәжiбаев көптеген партия-кеңес – әртүрлі қоғамдық қызметтер атқарды. 1947–1951 жж. 1954–1959 жылдары Қазақстан КП ОК-нің мүшесі, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесiнiң 2, 3, 4-ші шақыруларының депутаты болып сайланды. 1941–1957 жылдары Қазақстан Үкiметiнiң тұрақты құрамында болды. Республикадағы «Бiлiм» және педагогика қоғамдарының төрағасы, көптеген ғылыми-көпшілік журналдардың редколегия мүшесі болды.

Отан, халық алдындағы еңбектері бағаланып, көптеген ордендер, медальдар, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Халқымыздың аса дарынды ұлы Төлеген Тәжібаев туралы онымен көп жылдар бойы­на қызметтес болған, елiмiздiң ерекше, біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» (Алматы, «Санат», 1994 жыл) атты естелiгiнде өзiнiң аса талантты замандасы туралы былайша тебіренген екен: «Төлеген Тәжібаев қазақтың белгiлi ғалымы, үлкен қоғам қайраткерi едi. Ол кiсiмен Халық Комиссарлар Кеңесiне қызметке ауысып келген тұста таныстым. Бiрден бауыр­ басып кеттік. Ол кезде Халық ағарту комиссары еді. Тәжібаев қоғамдық, мемлекеттік қызметті зор ғылыми-зерттеу жұмыстарымен ұштастыра білген оқымысты. Психология саласындағы зерттеулерi қазақ топырағында осы iлiмнiң дамуына, оның дұрыс қалыптасуына iзгi ықпалы тиді».

Жаңашыл құндылықтар уақыттың өт­кеніне қарамастан, тәрбие құндылығының тұрақты екендігінің көрінісі. Яғни біздің адамдар немесе өмірлік көзқарастарымыз өзгергенімен, өміріміздегі тәрбие құндылығы өз тұрақтылығын сақтап қалады. Сол үшін де Абайдың еңбектерін сол бір ғасырдан аса уақыт өтсе де әлі де зерттеп жатырмыз, әлі де қолданып келеміз, өзінің маңызын ешқашан жоймайды. Кеңес одағының тоталитарлы режимі көп нәрсені құрбан етті, көп ғалымдарымыз ашық айта алмады, алайда олардың еңбегі әлі де тереңірек зерттелетінін сенім білдіреміз.

Төлеген Тәжібаев 1964 жылы маусым айында ауыр науқастан дүние салды.

А.МАУЛЕНОВ,

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

ф.ғ.д., доцент

Ж.Түрікпенұлы,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ профессоры

1050 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7782

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6504

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4251

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3633

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3596

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3559

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3290

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3282

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы