• Тұлға
  • 12 Сәуір, 2012

Қадыр ағамен танысуым...

d0bad0bed0bfd0b1d0b0d0b5d0b21Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты, ақын Темірғали Көпбаев таяуда ердің жасы елуге толды. Еңсегей жасқа лайықты шығармашылық табыстармен келген қаламгердің жақында жарық көретін «Қарапайым пайымдар» атты естеліктер кітабынан шағын үзінді ұсынып отырмыз. Бұл үзіндіде автор көрнекті ақынымыз Қадыр Мырза Әлидің он екі томдық шығармалар жинағының алғашқы жарық көруі туралы сыр шертеді.

*** Келісімді күні Біржанмен жолықтым. Біржан Қадыр ағаның үйіне телефон соқты. Ол кісі үйде екен. Аздан соң біз «Тастақтағы» көпқабат­ты үйдің бесінші қабатына көтеріліп келе жат­тық. «Қадыр аға қалай қабылдайды? Алтын уақы­­тын қия ма? «Мен минутпен емес, секундпен өмір сүремін» депті. Уақытын осынша қадірлей­тін адамға кедергі жасамас па екенбіз?» деген ойлар санамды аралап өтті. Есікті Қадыр ағаның өзі ашты. Қара­көлеңкелеу дәлізде жапырлай амандасып, оның жұмыс бөлмесіне өттік. Кітаптар. Кітаптар. Кітаптар. Терезе ғана бос. Оның да жақтауына біраз кітап қаланған. Асқан мұқияттылық. Тәртіп. Рет. Терезенің алдында жазу үстелі. Газет-журналдардың қиындылары. Бірнеше қалам. Өшіргіш. – Қалайсыз, Қадеке! Демалып жатырсыз ба? – деді Біржан көтеріңкі дауыспен өзімсіне сөйлеп, әрі қаншалықты жақындығын маған көрсеткісі келіп. – Қайдағы демалған. «Демалуға» кейінірек үлгіреміз ғой, – деді Қадыр аға көзінің қиығы­мен маған күлімсірей қарап, – Шығыстың бір данышпаны: «Дүниеде ең қымбат екі нәрсе бар. Соның қадірін білген адам бақытты» депті. Сендер қалай ойлайсыңдар? Ол не нәрсе? Біржан иығын қиқаң еткізді. – Денсаулықтан қымбат нәрсе жоқ шығар, – дедім мен сөзге араласып, –Еңбекқор адам үшін уақыт қымбат. – Дұрыс айтасың, – деді Қадыр аға, – Осы екі нәрсенің қадірін білу керек. Ал біз болсақ денсаулықты прокатқа алғандай, уақыт мәңгі берілгендей көреміз. – Бұл ініңіздің аты Темірғали, – деп Бір­­жан енді мені таныстыруға көшті. Өзі журна­лист, ақын, ғалымдығы тағы бар. Ғылым кандида­ты. КазГУ-де кафедра меңгерушісі болып істеген. – Басқасын қайдам, тегінде ақын адамнан жамандық шықпайды, – Қадыр аға астарлай сөйлеп, өзін де көтеріп қойғанына қуана жымиды, – Кітаптарың шығып па еді? – деді маған бұрылып. – Жалғыз өлең жинағым бар. «Көзмон­шақ» деген. – Бір реті келгенде әкеліп берерсің. Оқып көрейін, – деді Қадыр аға. Үлкен кісіге бара қалсам ұсынармын деп «Көзмоншақтың» бір данасын қалтама сала шығып едім. Пішімі өте шағын. 1998 жылы «Қазақ университеті» баспасынан шыққан. Қалтаға сиятындай болсын деп пішімін өзім тандағам. Бірақ көлемі 8 баспа табақ. Ішінде талай дүние бар. – Кітабыңның аты нағыз поэзиялық ат екен. Қолым тигенде қарап шығармын, – деді ол кісі кітабымды жоғарылау сөренің біріне қойып жатып, – Жалпы, мен қолыма түскен кітапты түгел оқып шығуға дағдыланғанмын. – Осы кітап туралы сіздің жеке пікіріңізді білсем деймін, – дедім мен. Сасқалақтай қоймағанмен, кәдімгідей қысылып тұрмын. – Шын ақынның өлеңін оның өзінен артық ешкім білмейді, – деді Қадекең жы­миып. – Ақын адам көңіл ауанына қарай өзінің ли­рикалық кейіпкерімен сырласып отырып жазады. Лирикалық кейіпкер – ақынның өзі. Оның таңғажайып туындысын дәл өз биігінде, дәл өзі қалағандай ұғатын, танитын жалғыз ғана адам бар. Ол да ақынның лирикалық кейіпкері. Өзі! Қадыр ағаға келген мәселемізді айттық. – «Шығармашыл адамның ең үлкен проблемасы оның шығармасы» деген сөз бар,– деді ол кісі,– Кезінде көз майымызды тауысып жаздық. Кітап етіп шығару үшін жүйкемізді шаршаттық. Енді басқа проблема шықты. Бұл өмірде ешкім мәңгілік емес қой. «Кейін менің шығармашылығымды зерттеушілер болса дұрыс түсінбей қалмасын» деп осыған дейін жазғандарымды, шыққан кітаптарымды түгел жүйеледім. Кім болса да дәл өзімдей жүйеге түсіре алмас. Отыз томнан астам дүниелерім бар екен. Әрқайсысы бес жүз бетке тартады. Оның 12 томы – әлем әдебиетінен жасалған көркем аударма. Қалғандары – өзімнің төл туындыларым. Өлеңдер, дастандар, поэмалар, драмалық шығармалар. Қара сөзбен жазылған естелік, эсселерім де бар. Таяуда ғана «Жазмыш» атты кітап жазып бітірдім. 12-ші томға соны енгізсем деймін. Қадыр ағаның көңіл пернесі дөп басылғандай. Көкірегінде тығылып жатқан көкейкесті бір күйдің тығыны атылып кеткендей, жазу үстелінің бір шетіне асқан ұқыптылықпен қаттап қойған қолжазбаларына қолын қойып, әңгіменің тиегін ағытты. – Борис Пастернак өзінің көңілінен шықпаған шығармаларын аяусыз отқа лақтыратын болған – деді ол. – Творчествода бунтарьлық мінез керек деп санаған. Өйткені, өзінің одан әлдеқайда мықты дүниелер жаза алатындығына сенген. Оның күрделі өлеңдерінің саф алтындай жарқырайтындығы сондықтан. «Пастернаку намного легче писать себя, чем понять его читателю» дейді Николай Вильмонт деген жазушы. Мына он екі томды жүйелегенде мен де өз шығармаларыма асқан талғампаздықпен қарадым деп ойлаймын. Өзіме ұнамаған нәрселерді сызып тастап отыр­дым. – Хронологиялық тұрғыдан жүйеленген бе? – деп сұрадым мен әңгімеге араласып. – Жүйеленген. Міне, мына тізім бойынша. Алғашқы екі томы балаларға арналған өлеңдерден тұрады. Қалған томдар шығу мезгіліне қарай ретімен келеді. Қадыр аға ұсынған парақты алып, томдарының тізімін қарап шықтым. – Аға, мұнда он бес том түзіліпті ғой. Түгел дайын ба?– дедім таңданып. – Бәрі де қатып тұр-ау. Соны бастыратын баспа таппай отырмын. Өзім көрінген адамға сене бермеймін. Біреулерге тапсырайын десем, ұзаққа созады ғой деп ойлаймын. – Бізге беріңіз. Біз шығарайық, – деді Біржан сарт-сұрт сөйлеп. –Темірғалидың бас­пада таныстары бар екен. Мен қаражатын тауып беремін. – Мен ойланайын. Сендер асықпаңдар, – деді Қадыр аға, – Қолымда тұрған нәрсе ғой. Ешқайда қашпайды. Әуелі баспаны анықтап алсаңдаршы. Сендер хабарласып тұрыңдар. Мен ауруханаға жатып, денсаулығымды ретке келтіріп алайын. Оншақты күнде шығамын. Содан кейін кірісейік. Біржан екеуміз үйден көңілді шықтық. Қадыр ағамен алғашқы танысуым көңіліме кө­теріңкі күй сыйлады. Ол кісінің адам жанын аялап, көңіліне қарап сөйлейтін қарапайымдылығына тәнті болдым. Қай адам­ға да қарапайымдылық жарасады ғой. Ал ақын адам табиғаттың өз баласы сияқты. Шынайы, жасандылықтан ада, тәкаппарлықтан таза. «Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып, Және жылап өледі, өзгені де жылатып. Жылайтыны туа сап – жамандар бар қинайтын, Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын». – Міне, саған өмірдің бар мәнісі. Философ!– Мен ерекше сезіммен тебірене сөй­ледім. Аспанда баяу қалқыған аппақ бұйра бұлттардың қанатына қанат түйістіріп ұшып бара жатқандай күй кештім,– Иә, солай. Айта берсең бітпейді. Таптырмас көмбе, таусылмас қазына ғой Қадыр деген. – Мына жобаны іске асырсақ үлкен шаруа болар еді, – деді Біржан ойлы қалыпқа түсіп. – Айтпаңыз! Келешек ұрпақ үшін жасалған үлкен қызмет дер едім. – Тарихта қалудың бір реті келіп тұрған сияқты. Кірісейік! Неден бастаймыз? – Егер Қадыр аға сеніп, тапсырса, мен шығармашылық үйлестіру жағын өз мойныма алайын. Редакторды, корректорды, техникалық редакторды, безендіруші суретшіні өзім табайын. Баспаны жұмысқа кірістірейін. Сіз, өзіңіз айтқандай, қаражат мәселесін шешуге көмектесіңіз. Онсыз ештеңе бітпейді. *** Қадыр аға ауруханадан шығыпты. Өзі телефон соғып, үйіне шақырды. Түскі мезгіл еді. Біржан екеуміз бірге бардық. Бәкең ащы судан ептеп тартып алған сияқты. Ағамыз жадырай қарсы алды. – Ауруханада жатқанда сенің кітабың­ды толық оқып шықтым. Маған ұнады. Кейін­і­рек баспасөз бетінде өз пікірімді білдірермін. Са­­ған сенуге болады екен. Өлеңіңнен көрініп тұр,– деді ол арқамнан қағып. Ұлы ақын мақтаған­ға көңілім өсіп қалды. – Сіз мені қанаттандырып қойдыңыз ғой. Рахмет аға! – дедім шынайы ризашылығымды білдіріп, – Сізге ерекше ұнағаны бар ма? – Жалпы, өлеңдеріңнің бәрі де ойлы екен. «Ой» деген өлеңіңнің соңғы шумағы қалай еді? – Мен-дағы бір күй едім, Мұңнан салған тиегін. Тереңіме құласаң, Шашылар-ау сүйегің! – Осы шумақта Махамбеттің, Иманжүсіп­тің рухы бар екен. Қатты ұнады. Рухты поэзия. «Тереңнен де тереңмін» деген сөз ғой. Бірақ «Мұңнан жонған тиегін» деп айтсаң қалай болады? Сол дұрыс сияқты. – Айтқаныңыз болсын аға. Одан сөздің қуаты артпаса, кемімес. Кейінгілерге сіздің сөзіңіз деп айтып жүрермін. – Айтқандай, одан да қатты ұнаған бір өлеңің болды. «Боран» деген. Бұрын менің ойыма қалай келмеген деп мен «қызғанып» қалдым, – Қадыр аға менің кітабымды алып парақтай бастады. – Қай бетте еді? А, міне, таптым. Қайырып қойған екенмін. Түйіні: Діңкесі Күннің құриды, Боз тұман көзін тұмшалап. Бөрікөз боран ұлиды, Құйрығыменен қыр сабап. Нағыз жанды сурет. Классикалық өлең деуге болады. Поэзия осындай болуы керек. Сені жаңа таныдым. Бұрын газеттерге шыққан бірлі-екілі топтамаларыңды оқығанмын. Өзің өлеңді сирек жазатын сияқтысың. Көп еңбектеніп, көп жазу керек. Уақыт өтіп кетеді,– деді мейірлене сөйлеп. – Аз болса да саз болсын! Қадыр ағаң мақтап жатыр. Мұны арнайы жуамыз,- деп кітап сөресіне үңіліп жүрген Біржан мұрнының ұшын уқалап қойды. – Жуу қашпас. Әй, Біржан, осы сенің не жының бар? Сау жүргенде мас адам сияқтысың. Еркелігің бітпейді. Бұл – өмірге еркелеп жүрген адам, – деді Қадыр аға маған қарап, сұқ сау­сағымен Біржанды нұсқап. – Осыны не үшін жақсы көретінімді білмеймін. Апта бойы ауы­зың құрғамаған сияқты ғой. Енді қысқарту керек. – Оқта-текте микроб өлтіріп тұру керек, аға. Біздің жұмысымыз сондай. Дезинфекция! Әрі қызып жүрсең адамдардың бәрі жақсы кө­рі­ніп тұрады. Қыздар сұлулана береді. Жалған­ды жалпағынан басасың. Өзіңді патшаның баласындай сезінесің. Қанатты құстай қалықтап жүресің. Рахат қой. Айтпақшы, аяқ астынан ақын да болып кетесің. Біржан еркінсіп, төгіле сөйледі. Мен оның сөзіне күлгенмен, іштей қысылып тұрмын. – Оған көңіл бөлмей-ақ қой, – деді Қаде­кең күле сөйлеп, – Бұның сыры маған мәлім. Сендерді шақырған себебім бар. Ауруханада жатып көп ойландым. Мына кітаптарымның шаруасы ғой баяғы. Мұны тездету керек екен. Бар амалын қарастырыңдар. Саған сенемін. «Қол жазбаларымды түгел тапсырайын» деп шештім. «Тәуекел!» деп, қолға алыңдар. Жатса, жата береді екен. Бір мүмкіндігін табар­сың­дар. Жиі хабарласып, жағдайды айтып тұрыңдар. Кейін қолжазбаларымды түгел қайтарарсыңдар. Міне, он екі том. Сөмкеге салып, дайындап қойдым. – Тәуекел, аға! Батаңызды беріңіз! – дедім қолымды жайып. Үшеуміз де қол жайдық. Қадыр аға тебіреніп, мол бата берді. *** Күндер сырғып өтіп жатты. Алматыға алтын күз де келді. Терещенкодан түк шықпады. Ол Біржанды «Ертең, ертеңмен» тойдырып жүрді де бір күні «Енді келмесін!» депті. Сонымен Терещенкоға тірелген үмітіміз үзілді. Қара суық қараша өтіп, сары аязды жел­тоқ­санға кез келдік. Жылдың ең ұзақ түндері төрді емін-еркін жайлап, қарбаласы мол қала­да қысқа күндер әп-сәтте қараңғылыққа сіңіп жоғалады. Біржан уәдесін орындай алмады. Одан ешқандай қайран болмады. Күздің соңында ол өзінен-өзі араққа салынып кетті. «Парасат жеңсе – адам періштеден де жоғары, нәпсі жеңсе – хайуаннан да төмен» дейді ислам әдебі. Соңғы рет үйінен безіп, арақ ішіп жатқан жеріне іздеп бардым. Ескертіп айттым. «Бәке, сіз не менімен болыңыз, не арақпен болыңыз. Егер ертеңнен бастап арақты қоймасаңыз, маған өкпелемеңіз!» дедім. Боранды бір күні Қадыр ағаның үйіне бардым. Жағдайды түсіндіріп айттым. Менің қатты қиналып жүргенімді көрді. – Кітаптарыңызды өндіріске өткіздім. «Кітап» фабрикасынан шығаратын болдық,– дедім. – Қаржы табылды ма?– деді ол таңданып. – Жоқ. Энтузиазммен жұмыс істеп жатырмыз. «Кітап» фабрикасының өндіріс бөлімінің бастығы Жанат Сейтеновамен келістім. Кітаптарды қарыз есебінен теріп, беттей бас­тады. Редакторды, техникалық редакторды, суретшіні сол тапты. Жалақыларын кітаптар сатылған соң беретін болып келістік. Жұмыс басталып, сең қозғалды, аға. Сізге бір өтінішім бар. Бес мың деген көптеу екен. Таралымын бір мың дана етіп шығарып алайық. Одан түскен қаржыға тағы екі мың шығарамыз. Барлығы үш мың дана болады. – Жарайды,– деді Қадыр аға,– Өзіңнің жағ­дайыңа қара. Мен үшін ең бастысы кітаптың шыққаны керек. Таралымын аяққа тұрып алған соң толықтыра жатармыз. – Мен қарызға кіргелі тұрмын. Сізге қояр негізгі шартым бар, аға, –дедім мен. – Тү-у! Не боп барады өзі?– деп ол кейіген сыңай танытты. – Сіз шыққан кітапты өткізуді өз мойны­ңызға алуыңыз керек. Және оны алатын ұйымдарды алдын ала дайындауға тиіспіз. Онсыз мен қарыздарымды жаба алмаймын. – Өткізу жағын уайымдама,– деді Қадыр аға,– Көздеп отырған жерлерім бар. Өзім өткізіп беремін. Құдайға шүкір, осы күнге дейін менің кітаптарым өтпей, сөреде жатып қалған емес. Басқа өңірлерді айтпағанда Батыс Қазақстан – менің туған жерім. Қазір облыстың әкімі – Қырымбек Көшербаев. Ол інімнің маған деген көңілі ала-бөтен. Реті келгенде сөйлесіп қояйын. Сен уайымдамай кірісе бер. *** Жаздың соңына дейін он екі томдық толық жарық көрді. Келісім бойынша Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының құптауымен көптомдықтың бір мың жиынтығын Орал өңіріне өткіздік. Көлемді қаражат түсті. Несие, қарыз атаулыдан түгел құтылып, еңсемізді көтеріп алдық. Кереметтей пайда көрмедік деп өкінбедік. Қадыр аға да риза, мен де ризамын. Қандай қиындық болса да мойымай, қолға алған істі соңына дейін жеткізгенімізге мәзбіз. Ең бастысы, Қадыр Мырза Әлидің он екі томдығы көздің жауын алардай болып жарыққа шықты.

3413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7315

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6254

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3998

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3387

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3345

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3314

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3042

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3031

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы